Қоғам • 06 Қыркүйек, 2019

Табиғатқа тәу еткен халықпыз

981 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, наным-сенімі халқымыздың табиғатқа өте-мөте тәуелді болғанын білдіреді. Қазір де сол жағдайдан көп алыс кете қоймаған секіл­діміз.

Табиғатқа тәу еткен халықпыз

Біздің ежелгі дініміз тәңіршілдіктің өзі табиғатқа табынудан, оның аясында амалдап өмір сүруден туған. Жалпы тәңіршілдік қазақ болмысына, оның тіршілік қалыбына сай келген дін еді. Сондықтан оның жұрнақтары халық арасында осы күнге дейін сақталды. Арамызда тәңіршілдікті ту етіп жүрген азаматтар да кездеседі.

Дегенмен заман өзгерген кезде қазақ та өзгермей тұра алмады. Ислам дінін қабылдадық. Мұсылмандық бізге басқа халықтармен аралас-құраластығымыз күшейгендіктен немесе халқымыз табиғат ықпалынан босап шық­қандықтан келген жоқ. Бұл дін ең бірінші кезекте сол замандардағы билеуші топтың мүддесіне сәйкес келді. Халықтың тәңірден (табиғаттан) гөрі Аллаға сыйынғаны билеуші топқа дұрыс көрінді және оның қағидаттары да айқынырақ болды. Өйткені тәңіршілдік көп жағдайда адам мен табиғат арасын реттесе, ислам діні мұнымен қоса адам мен қоғам арасын да реттеді. Сондықтан қазаққа исламды қабылдату үшін оны халықтың салт-дәстүріне сай бейімдеу қажет болды. Мұны бізге Ахмет Ясауи бабамыз жасап берді.

Заман өзгерсе де халықтың табиғатқа тәуел­ділігі ғасырлардан ғасырларға жалғасты. Өткен ғасырда малынан айырылған қазақ аштан қырылды. Бұл қырғын қазақтың табиғат аясында қалыптасқан тірлігін бұзып-жару салдарынан пайда болды. Қазір баспасөзде ашаршылықтың саяси сипатына баса мән беріліп жүр. Ал табиғаттың тигізген ықпалы көп айтыла бермейді. Алапат жұттар қазақ даласында бұрын да болған. «Бай – бір жұттық» деген мақал содан қалған. Бірақ ол кезеңдерде халқымыз табиғи ортаға бейімін, атадан балаға жалғасқан тіршілік дәстүрін сақтағандықтан жеті ағайынды жиырмасыншы ғасырдағыдай алапат аштыққа соқтырмаған. Көктем шығып, жаз келгенде халық жағдайын қайта түзеп отырған. «Аузымыз аққа тиді» деп қуанған.

Біз әлі де болса табиғатқа тәуелдіміз. Елі­мізде 30-40 жыл бұрын астықты егістік­терден орта есеппен алғанда 13-16 центнерден өнім алынатын. Заман қанша өзгерді, жағдай, білім, технология алға басты десек те әлі де сол көрсеткішті малданып келеміз. Климаты жұмсақ басқа елдерге қарағанда Қазақстанның қыста жұмсайтын шығыны да үлкен. Қатты дами алмай отыруымызға мұның да әсері бар.

Қазақтың жиған-тергенін қазір де бұрын­ғыдай қыс пен той жұтады. Қазақ неге той мен өлімге, ас өткізуге соншама мән берген? Мұның түпкі тарихи себебі де табиғи фак­торларда жатыр. Даламыз сонша алып болғанымен, су көзі тапшы. Ертеректе адамдар сол сирек кездесетін су көздерінің басында он шақты үй, шағын ауыл болып отырған. Халықтың басы бейбіт өмірде той мен аста ғана қосылған. Сондықтан қазақ той мен асқа бар малын шашқан.

Қазір тұрмыс-тіршілік өзгерді десек те, өкінішке қарай, осы дәстүрдің мұрты бұзыл­май келеді. Өйткені қазақ деген дайын «қал­та туысын» тауып алды. Несиені тойдан түс­­кен қаржымен қайтарамын, қуанышы, абыройы өзіме қалады деп ойлайды. Тойдан қаншалықты пайда табатыны немесе шығынға бататыны әркімнің өз ішінде. Той иесі оның сырын аша бермейді. Сондықтан бірінен бірі айнымайтын тойлар әлі күнге дейін жал­ғасуда. Той жеке адамның өмірінде анда-санда кездесетін қуаныш болғандықтан әзірге одан жасаушы жақ жалыққан жоқ, бірақ апта сайын тойға келушілер жағы жалыға бастады. Әрі есепсізге ес кіргізбей тынбайтын нарық та бүйірден қысып барады. Сондықтан әнші мен бишінің, асабаның жеміне айналған тойдағы есепсіз шашпалық түбі ықшамдала түсер деп ойлаймыз.

Егер байқасаңыз, еліміздегі жылы жерлерде отыратын оңтүстік халқының әні ойнақы келеді. Нағыз той әндері. Ал шығыс бөлігін мекендеген халықтың әні көбінесе баяу сарынды. Бұл тек жаугершіліктен туған дүние емес. Әрине, оның да үлесі бар. Бірақ мұнда табиғи факторлардың әсері де көп. Алтайдың ұзаққа созылатын ауыр қысы халық көңілін жаздырмаған. Жаздың үш-төрт ай уақыты сол ауыр қысқа дайындықпен өткен. Жазушы Оралхан Бөкейдің Алтайдағы елдің ауыр тұрмысын бейнелеген кезде қатал қысқа екпін түсіріп, «Біздің жақта қыс ұзақ» деп жазуы да содан.

Қазір Үкімет оңтүстіктің халқын солтүс­тікке көшуге шақыруда. Бірақ соған лап қой­ғандар әзірге байқалмай отыр. Мұның өзінен қыс факторының ықпалы сезіледі. Бірақ түбі баратын болар. Өйткені адамдар қазір өмірінің көп уақытын бұрынғыдай далада емес, үй ішінде өткізетін болып жүр. Бүгінгі өркениетті заманда баспананың мәні табиғи факторларға қарағанда басым түсе бастады.