Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2019

Бағлан Қарашолақов: Әркім өзінің қолынан келетін іспен айналысуы керек

1060 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының дамуына елеулі үлес қосып, өңір халқының ықыласына бөленіп жүрген Бағлан Қарашолақов бүгінде 70 жасқа толып отыр. Айтулы азаматты мерейлі белесімен құттықтай отырып, оқырман назарына осы сұхбатын ұсынамыз.

Бағлан Қарашолақов: Әркім өзінің қолынан келетін іспен айналысуы керек

– Сіз талай жылдан бері бас­шылық қызметтер атқарып, ел дамуына үлес қостыңыз. Ал­ғаш­қы еңбек жолыңыз, өмір жо­лыңыз туралы әңгімелеп бер­­­­сеңіз...

– Еңбек жолымды 1968 жылы Мо­йынқұм ауданының Жамбыл атын­­дағы совхозында құрылыс бөлімше­сінің жұмысшысы болып бастадым. Кейін құрылыс шебері, прораб болып еңбек еттім. 1979 жылдан Мо­йын­құм ауданындағы «Жамбыл­ауыл­құрылыстресінің» 2006-ЖМК бас инженері болдым. Ал 1981 жылдан 1983 жылға дейін «Главриссовхозводстрой» мекемесінің №45 ЖМК бастығы болып істедім. Сол жылы Мо­йынқұм аудандық атқару ко­ми­тетінің төрағасы Айтбай Назар­­беков өзінің бірінші орынбасары қызметіне шақырды. Бұл қызметте мен ауданның құры­лыс, көлік, өнеркәсіп, сауда салаларына басшылық жасадым. 1985 жылдың аяғында Фурманов атын­дағы (қазіргі Жазылбек Қуа­ныш­баев ауылы) совхоздың директоры болып бардым. Бұл совхозда 1000-ға тарта адам жұмыс істей­тін. Мұнда 30 мың қой, 10 мың ірі қара, 1,5 мың жылқы және 500 түйе бар болатын. Осы жерде біраз жыл еңбек еттім.

Еліміз тәуелсіздік алған тұс­та сол кездегі облыс басшысы Өмірбек Бай­гелді шақырып алып, маған жауапты қызметті тап­­­сырды. Ол кез өте қиын кезең бо­латын. Айлық, жәрдемақы де­генді көрмейтін уақыт. Сол 1992 жылдан Мойынқұм аудан­дық әкімшілігінің басшысы, Мойын­құм ауданының әкімі болып істе­дім. Ал 1997 жылы сол кездегі об­лыс әкімі Амалбек Тшановтың шақыруымен Жамбыл облысы бойынша Тәртіптік кеңестің төр­ағасы болдым. 2001-2012 жылдары Меркі, Шу және Жуалы аудандарының әкімі, Nur Otan партиясы аудандық филиалының төрағасы болып қызмет атқардым. 2012 жылы Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы болып сайландым. Қолымнан келгенше елдің ахуалын жақсартуға, облыстың дамуына үлес қостым деп ойлаймын. Меркі ауданында әкім болып жүргенде аудандағы қант зауытын қайта іске қостық. Бұл да ел есінде қалатын бір оқиға деп ойлаймын.

– Өмір деген тар жол, тай­ғақ кешу ғой жалпы. Бүгінде сізді мемлекеттік қызметтің ардагері ретінде ел құрмет­тейді. Осы уақытқа дейін өмірден түйген ойыңыз қандай? Кейбір азаматтар қызметті қолдың кі­ріне балап жатады. Бұған қа­лай қа­райсыз?

– Мен талай жақсы адамдармен қатар қызмет атқардым. Талай жақсы кісілердің алдын көрдім. Менің ұстанымым – әр­кім өзінің қолынан келетін іспен айналысуы керек. Қазір елдің бәрі бастық болғысы келеді. Бірақ жұмысты ұйымдастыру, халықпен тіл табысу оңай шаруа емес. Қызмет барысында өзім өтірік айтқан емеспін. Одан кейін жағымпаздықты ұнатпаймын. Мен аудандарда әкім болып жүр­генде, елдің тұрмысы қиын болатын. Бірақ болмайтын нәрсені болады деп халықты алдауға болмайды. Не болса да шындықты айтқан дұрыс. Сонда ғана халық бәрін түсінеді.

Бірақ мен «Қызмет – қолдың кірі» дегенмен келіспеймін. Қыз­мет бір жағынан абырой, бір жағынан жауапкершілік. Егер қызмет қолдың кірі болса, адам не үшін қызметке барады? Ең бас­тысы, халықтың сеніміне ие болып, батасын алғаннан ар­тық қандай бақыт керек. Мен өзім басқарған төрт ауданның да Құрметті азаматы атандым. Оның ешқайсысын да сұрап алған жоқпын. Арада біраз жылдар өтіп кеткен соң ауданға еткен еңбегімді ескеріп, өздері берді. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды», дегендей, жақ­сы болсаң халықтың өзі көтереді. Ең бастысы, қызметті адал атқару керек. Бүгінде көп­шілік жақсы қызметке бару үшін мықты танысы болу керек деп ойлайды. Бұл жалған нәрсе. Мен өзім жалғыз өскен адаммын. Ті­реп тұрған ешкімім жоқ. Бұл жерде әңгіменің бәрі кадрды дұрыстап тәрбиелеуде. Маман мықты болса, талай мансапқа қолы жетеді. «Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Қазір талап бас­қа. Бүгінгі жастар да жақсы өсіп келеді.

– Депутаттарды билікке ха­лықтың мұңы мен мұқтажын жеткізуші алтын көпір десек бо­лады. Бүгінде халық қа­­лау­лы­лары мен бұқара ха­­­лық­­тың арасындағы байланыс қандай?

– Депутаттың негізгі мақсаты да бұқарамен байланыста болу. Олар қарапайым халықтың та­лап-тіле­гін би­лікке жеткізуі тиіс. Әрине жұрт­шы­лықтың талабы­ның бәрі де орындала бермейді. Оның барлығы да эконо­микаға бай­ланысты. Мәселен, кейбір ауылдардың тұрғындары су құ­бы­рының желілері тозған деп шағым айтады. Мүмкін ол тозған шығар, бірақ кейбір ауылдарда су мүлдем жоқ қой. Бір ауылдың мектебі ескі шығар, бірақ білім ошағы жоқ елді мекендер де бар емес пе?! Мұндай мәселелер барлық ауыл­да бар. Бірақ оның бәрінің де шешілетін кезеңі болады. Депу­таттардың міндеті елдің талап-тілегін билікке жеткізіп қана қоймай, оның шешілуіне де атсалысуы керек. Әрине депутаттар барлық мәселені жүз пайыз шеше алады деп айту қиын. Бірақ елмен кездесіп келген соң оларды тиісті басшыларға жеткізеді. Алайда халықтың тұр­мысы жақсы.

– Әрбір мәслихат отырысы сайын өңірдің әлеуметтік-эко­номикалық жағдайына байланысты көптеген мәселелер кө­теріледі. Мәслихат мінбе­рінде көтерілген сол мәселелер қан­ша­лықты шешімін табады?

– Дәл қазіргі кезде шешімін тауып жатыр деп айтуға болады. Қазір облыстың, аудандардың бюджеті қомақты. Кезінде біз ауданда әкім болып жүргенде, жол жөндеу мақсатына 20 млн теңге бөлсе қуанатынбыз. Ал қазір әрбір ауданға бұл мақсатқа 200-300 млн теңге бөлінеді. Рес­публикалық бюджет есебінен бө­лінетін қаражат қанша. Себебі мемлекет дамып келеді. Дей тұр­ғанмен, ел ішінде мәселе бол­мауы мүмкін емес. Мектеп, бала­бақша мәселелері әлі күнге дейін бар. Мәселен, бүгін бір шаруаны бітірсең, ертең тағы біреуі шығады. Өмір деген де сол сияқты. Мәселе деген өмірі бітпейді. Тек соларды ретімен шешу керек. Бүгінде аудандарда, ауылдарда баспана, мектеп, балабақша сияқты көптеген ны­сандар салынуда. Өзім құ­рылысшы болған соң білемін, мұндай жағдайлар Кеңес өкіметі кезінде болған емес. Бүгін бәрі басқаша сипатта дамып келеді. Алайда жұмыстың сапасына баса мән берілуі керек.

– Көп жағдайда мекеме басшылары, компания құрыл­тайшылары, кәсіпкерлер мәс­ли­хат депутаты болып жатады. Көптің арасында да жағ­дайы жақсы адам депутат болады де­­ген түсінік қалыптасқан. Алай­­да қатар­дағы мамандар, болмаса жұмыс­шы маман­дық­­тарында жүрген жас депу­тат­тар бар ма бізде?

– Басында қарапайым жұ­мысшы болып, кейіннен өз ең­бегімен үлкен жетістіктерге жет­­­­­кен жастар бізде бар. Айта­лық, Арман Еділбаев, Әлім­бек Жұмабаев сияқты жігіттер маңдай терімен талай биіктерді бағын­дырды. Ел қатарлы жұ­мыстарын атқарып жүр. Бол­маса олар әкім емес, лауазым­ды қызметкер емес. Әуел бас­тан еңбек етіп, ша­руа­ларын жолға қойды. Жас бол­ма­са да, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров талай адам­­ға үлгі боларлық азамат. «Қазфосфат» жауапкершілігі шек­теулі серік­тестігінде талай жылдан бері еңбек етіп, бүгін­­де сол меке­менің бас директоры болып отыр. Өңірдің гүл­де­нуіне, талай отбасылардың әлеуметтік мәселесінің шешілуіне көмек­тесіп келеді. Мұның бәрі де адам­ның жұмысты ұйымдастыру қабілеті­не байланысты. Бүгінде депутат болып жүрген Алтай Райқұлов деген азаматты да ай­туға болады. Әрине барлық кәсіп­кер өзінің пайдасы үшін жұмыс істейді. Бірақ олардың бәрі де халықты жұмыспен қамтып отыр ғой. Қо­ғамға мұның өзі де үлкен пайда.

Қазіргі кезде мемлекет тара­пынан жастарға қолдау көп. Бас­­шылық қызметтерге де жас­­тар­ды тағайындап жатыр. Бі­рақ жастарға жол көрсететін, бағыт беретін көп­ті көрген аза­маттардың тә­жі­рибесі де керек. Осындай кі­сі­лер қызметте отыр­са дұрыс бо­лады. Сондай аза­маттардың ақыл-кеңесін ал­ған азаматтар ешуақытта жа­ман­дыққа бармайды. Бәрінен де елдің ынтымағы мен бірлігі қымбат. Бірлік болмайынша, жақ­сылық болмайды. Көршілес мемлекеттердің жағдайын кө­ріп отырмыз. Сол үшін бізге ынты­мақ керек.

– Сіз өткен жылы республика бойынша «Үздік мәслихат хат­шысы» атандыңыз. Осы орай­да жастармен бөлісер қан­дай тәжірибеңіз бар?

– Мен атақты ешкімнен сұрап алмаймын. Содан кейін басылым, теледидар арқылы өзімді-өзім жарнамалауға да жоқпын. «Үздік мәслихат хатшысы» ата­ғын да алғаннан соң бір-ақ біл­дім. Бізде «Республикалық мәс­лихаттар бірлестігі» деген бірлестік бар. Сол жерде отырған кісілер сараптама жасап, талай жылғы еңбегімізді елеген болуы керек. Сол жылғы атқарған жұмыстарымызды бағалаған шығар. Алайда мәслихаттың да жұмысы оңай емес. Бізде жыл сайын жоспар бекітіледі. Содан кейін түрлі мәселелерді қарайтын комиссия жұмыс істей­ді. Жыл сайын мәслихат мінбе­рінде қаралған мәселелерді зерде­лейміз. Қаншалықты жұмыс атқа­рылғанын сараптаймыз. Мұның бәрі де қиын жұмыс. Жоспарлы сессияларда алға қойылған үлкен мәселелерді депутаттар қарайды. Нәтижесінде түрлі шешімдер шыға­рылады. Мұның бәрі де ел­дің игілі­гі үшін атқарылып отырған шаруалар.

Әңгімелескен
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»