Қоғам • 06 Қыркүйек, 2019

Борыш жүктемесін азайту туралы ақпаратты 111 call-орталығынан алуға болады

545 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істейтін 111 call-орталығының мамандары азаматтарға несие бойынша борыш жүктемесін азайтуға қатысты кеңес береді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Борыш жүктемесін азайту туралы ақпаратты 111 call-орталығынан алуға болады

Қазақстан Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы Жарлығына сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар 5 санаттағы азаматтар үшін бір реттік акция тәртібінде мемлекет жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейін негізгі борышты және ол бойынша есептелген өтемақыны төлейді. 300 мың теңгеден асатын қарызы барлар 300 мың теңге көлемінде қарызының бір бөлігін өтейді. Бұл ретте, олардың жалпы қарызы ағымдағы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес азаматтардың санаттары келесі: көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, бала кезінен мүгедектігі бар 18 жастан асқан азаматтар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар.

Жоғарыда көрсетілген санаттағы азаматтардың тізімі орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде құрылады. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігі жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған балалардың, 23 жасқа дейінгі студенттердің тізімін ұсынды. Әділет министрлігі «Азаматтық хал актілерінің жазбалары» ақпараттық жүйесінде ерлі-зайыптылар немесе ата-аналар бойынша өзекті азаматтық хал актілері (неке және туу туралы) актілері бойынша мәліметтерді тексереді.

Нәтижесінде Жарлықтың күшіне сәйкес азаматтардың тізімі (шамамен 2,08 млн адам) және олардың отбасы мүшелерінің тізімі (шамамен 465 мың адам) шығады. Бұл екі тізім (жалпы алғанда 2,289 млн бірегей адам) бірегейлікке тексерілді және бұл ақпарат Ұлттық банк пен Мемлекеттік кредиттік бюроға берілді. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн. теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастады. Нәтижесінде 630 633 қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалды.

Электрондық үкімет порталындағы «Борыш жүктемесін азайтуға арналған бағдарламаға қатысу мәртебесін тексеру» электрондық қызметін қолдана отырып, қарызды өтеуге жүгінетін азаматтардың тізімге енгізілгенін тексеруге болады. Ол үшін ЭЦҚ қажет.

Жарлық пен Ұлттық Банктің критерийлеріне сәйкес келуі тиіс азаматтардың тізімде болмауының басты себебі - ОМО ақпараттық жүйелерінде олардың мәртебесі туралы өзекті деректердің болмауында.

Атап айтқанда, АХАЖ АЖ-да неке немесе балалардың тууы туралы жазбалардың болмауы жиі кездеседі. Осыған байланысты кредиті бар азаматтар отбасы құрамынан, яғни Жарлыққа сәйкес келетін санаттардан шығып қалады. Мұндай себеп асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедек балалары бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар сияқты басқа санаттар бойынша да болуы мүмкін.

Сондай-ақ тізімде болмауының себебі көпбалалы отбасының мемлекеттік органдарға жәрдемақы алу үшін жүгінбеуіне және ешқандай ақпараттық жүйеде болмауына байланысты болуы мүмкін.

Сонымен қатар БҒМ-ның ақпараттық жүйесінде 4 мыңнан астам жетім бала, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бойынша мәліметтер жоқ.

Егер тізімде болмаса, азаматтар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жұмыс істейтін call-орталыққа 111, 74-32-20, 75-01-79, 75-01-78 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады, онда оларға әрі қарай не істеу керектігі туралы кеңес беріледі.