Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2019

Ш.Есенов атындағы КМТИУ ұжымы Жолдаудың басым бағыттарын талқылады

512 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы КМТИУ ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауын талдауға жиналды.

Ш.Есенов атындағы КМТИУ ұжымы Жолдаудың басым бағыттарын талқылады

Алғаш боп сөз алған университет ректоры Б.Б.Ахметов биылғы жолдауда еліміздің алдағы кезеңге арналған даму мақсаттары мен міндеттерін айқындайтындығын, және ондағы басым бағыттарға ерекше тоқталып өтті. Соның ішінде кез-келген өңірдің негізгі қозғаушы күші- сол өңірде орналасқан ЖОО екендігін және қазіргі таңдағы ЖОО қойылып отырған талаптарға, сонымен қатар қоғамдағы орын алып жатырған маңызды мәселелерге баса назар аударды. Жолдаудың басым бағыттарының бірі ретінде Білім берудің сапасын жақсартуды атап өтті. Жоғары білім саласында мамандар даярлау сапасына және мамандарды жұмысқа орналастыру бағытында жоғары талаптары күшейтілетін болады. Жолдау барысында, Мемлекет басшысы оқытушылар мен ұстаздардың әлеуметтік жағдайына да көңіл аударды. Келесі оқу жылынан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өсетінін және 4 жыл ішінде енбекақысы екі есе артатынын айтып кетті. Бұл орайда ЖОО оқытушыларының еңбекақысы мемлекеттік грант бағасына байланысты болғандықтан, ҚР Білім және ғылым Министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грант бағасын қайта қарау туралы ұсынысы уақытылы екенін ерекше атап өтті.

Жиын барысында «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қамарова Н.С. білім саласына және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру мәселесіне, «Құқықтану» кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Әлібеков С.К. жолдаудағы көрсетілген құқықтық бағыттағы бірнеше мәселелерге тоқтала келіп, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған жолдауы еліміздің таяу уақытта қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалық құжат болып табылады деп санайтындығын атап өтті. Сондай-ақ «Инжиниринг» факультетінің деканы Джумагазиева Ш.К. жолдауда инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлінгендігіне өзінің ризашылығын білдірді. Басты назарды «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект секілді бағыттарда өзіміздің білім алушыларды даярлау арқылы Президент жолдауын қолдауға үлес қоса аламыз деп атап көрсетті.

Келесі боп сөз алған «Экология және химиялық инжиниринг» кафедрасының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Махамбетова Р.Қ. ауыл шаруашылығына өзімізге ыңғайлы стандарттарды енгізу және беделді шетелдік мамандарды, яғни «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалануымыз керек деген ұсынысын толық қолдайтындығын мәлімдеді.
Бұл Жолдау тәуелсіз елдің берік діңгегі мен біртұтастығын сақтауда еліміздің әлеуметтік, экономикалық мәселелерін жан-жақты шешіп , нақты міндеттерді орындауда маңызды құрал болмақ.

Жиынды қорытындылай келе Университет ректоры Берік Бақытжанұлы әрбір факультет оқытушылары мен студенттері арасында және барлық бөлімдер қызметкерлері арасында жолдаумен толық танысу және талдау жұмыстары жүргізілуі керектігін және университеттегі құрылымдық салаларға қатысты қозғалған мәселелер назардан тыс қалмау керектігін атап өтті.

Маңғыстау облысы