Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2019

Орал қаласында Исатай мен Махамбетке ескерткіш ашылды

5824 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында бір аптадан бері өтіп жатқан қала күні мерекесінің шырқау шегі – Исатай мен Махамбет ескерткішінің ашылуы болды. Салтанатты шараға жергілікті халықтан бөлек Алматыдан, Атырау облысынан, Ресей Федерациясынан арнайы қонақтар келді.

Орал қаласында Исатай мен Махамбетке ескерткіш ашылды

Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Орал қаласына Бөкейлік беттен кірер қақпада, Шаған өзеніндегі көпірдің аузындағы алаңда орнатылған еңселі ескерткіштің жалпы биіктігі – 13 метр. Ауыздығымен алысқан қос арғымақтың бірі – оң қолына найзасын тік ұстаған дулығалы Исатай болса, одан бір-екі қадам кейін ілескен – басына шыт орамалды шарт түйіп, қара домбырасын қолынан тастамаған дауылпаз Махамбет. Қос батырдың да жүзі әрі сұсты, әрі жылы. Қоладан құйылған ескерткіштің өзі 5,5 метр болса, гранитпен қапталған тұғыры 7,5 метр болады. Ескерткіш кееннің авторлары – астаналық мүсіншілер Серік Рустамбеков, Ринат Абенов, Ербол Зиябеков.

Орал

Ескерткіштің ашылу рәсімі қазақы дәстүрдегі әдемі той болып өтті. Әжелер шашу шашып, балалар кәмпит теріп мәз болса, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері Исатай мен Махамбет сарбаздарының бейнесін сомдап, жиналған жұрттың рухын көтерді.

- Бүгін баршамыз үшін ерекше әрі тарихи күн. Міне, елі үшін ер болып туған қос арыс – Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бабаларымызға арналған еңселі ескерткіш Ақ Жайық өңірінде, облыс орталығы – Оралда бой көтерді. Біз үшін еркіндіктің, отансүйгіштіктің және азат рухтың сайыпқыраны Исатай мен Махамбет қандай құрметке де лайық. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкеніміздің қайта жануына, бардың қадірін білуге көп үлесін қосуда. Осынау жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу – қасиетті борышымыз. Таяуда ғана өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тарихтың, тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамыздың ортақ парызымыз» екенін атап өтті. Заманымыздың заңғар жазушысы болған Әбіш Кекілбаев ағамыздың: «Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігінің заңды мақтанышын туғызады» деген сөзі өміршең екені рас. Ал азаткер ақынның:

Толарсақтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығарға

Хас үлектен туған кәтепті,

Қара нар керек біздің бұл іске, - деген жыр жолдарын рухтанбай оқу мүмкін емес, - деп толғады құттықтау сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Орал

Ел жүрегіндегі еңселі сөзді Ақ Жайықтың ақын қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева айтты:

– Халқымның екі қара баласының есімі – Исатай, Махамбет ғасырлар бойы өлмей, әр жүректе жазылды. Осылар айтқан еркіндікті аңсаған халық балаларына Исатай, Махамбет деп ат қойып, үміттенді. Ұлтының, ұрпағының, туған даласының тағдыры үшін, еркіндігі үшін, бүгінгі болашақтың бақыты үшін біреуі жанын қиды, біреуі басын кескізді. Яғни, туған елге, Отанға, өз ұлтына қалай қызмет етудің үлгісін көрсеткен қос батырды тарихтың да, ұлттың да, халықтың да ұмытуға хақы жоқ. Бүгін біз соған куәміз. Дәл қазір біздер тұрған жерде Махамбет ақынның аяғының ізі жатыр. «Еділ мен Жайық екі өзен, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім. Еңсесі биік ақ орда, Еріксіз кірсем деп едім…» деген еді. Сол аңсаған еркіндіктің ақ ордасы бар бүгін. Ендеше, әр ата-ана соларға лайық еңкеймей кіретін, намысты, рухты етіп өз ұлын өсіруі керек. Әрбір адам «бабалар алдындағы, рух алдындағы борышымды атқарып жүрмін бе, әлде жоқ па?» деп ойлануы керек. Бұл әркімнің борышы. Сол үшін ескерткіш қойылды. Бұл – тас мүсін емес, бұл – аруақ! Олар өлген жоқ, олар – өлмейтін рух! Намыстарыңыз қалғыған кезде осы жерге келіңіздер, жандарыңыз қиналса да осында келіңіздер. Әділдік аңсасаңыздар, Махамбеттің өлеңін оқыңыздар! Рухы жоқ ұлтты кім көрінген мазақ етеді, кім көрінгеннің аяғында жатады. Сол рухты көтеру үшін осы ескерткіш қойылып отыр, – деген ақынның сөзіне жиналған жұрт дүркірете қол соқты.

Қос батырды ұлықтау шарасы бұдан кейін Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Бабамыздың өршіл рухы өшпейді» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда жалғасты. Ғылыми жиында Алматы қаласынан арнайы келген ғалым, филилогия ғылымдарының докторы, «Арыс» қорының төрағасы, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей директоры Ғарифолла Әнес Махамбет энциклопедиясын құрастыру жайындағы ой-пікірін айтса, Құрманғазы атьындағы Алматы консерваториясы Халық музыкасы факультетінің деканы, Қазақстан Республикасына еңбек сінірген өнер қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаева Махамбеттің музыкалық мұрасы жайында жан-жақты баяндама жасады. Ал Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Исатай мен Махамбет Жасқұстағы хан ордасын неге шаппады?» деген мәселеге өз тұжырымын ұсынса, Оралдағы Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей меңгерушісі Нұржан Төлепов Исатай қаза тапқан соңғы ұрыс – Ақбұлақ шайқасының өткен жеріне қатысты тың болжам айтты.

Орал

Осы күні Махамбет мұрасын сүйер қауымды ерекше толқытқан ғажап сәттің бірі – жасы тоқсанға келген қарт домбырашы, қазақ күй өнерінің алтын қорына Махамбеттің «Өкініш» күйін және басқа көне шығармаларды жеткізген Өтеген Жұмашев ақсақалға Махамбет сыйлығының табыс етілуі болды. Айтулы шараға Атырау облысынан арнайы келген делегация атынан сахнаға шыққан ақын Әлия Дәулетбаева Исатай мен Махамбет ескерткішінің ашылуы Ақ Жайықты тел еміп, құм Нарынды бірге жайлаған Атырау мен Орал халқына ортақ қуаныш екенін айта келіп, Махамбет мұрасын насихаттауда көп жылдық еңбегі үшін халық күйшілері Өтеген Жұмашев, Едіге Нәбиев, Ермек Қазиевтерді Махамбет сыйлығымен марапаттау туралы шешімді жария етті.

Салтанатты кеш Махамбет шығармалары мен Исатай-Махамбетке арналған композициялардан тұратын өнер туындылары шырқалған концертпен қорытындыланды.

 

Батыс Қазақстан