Ел тарихындағы жаңа кезең белесі азаматтық қоғамның іргесін берік орнатумен тығыз байланысты. Осыған баса мән беріп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған халыққа Жолдауын «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп атады. Президент алқалы жиынның басында өз Жолдауында халықтың талап-тілегі ескерілгенін, елдің алдағы даму бағдарын айқындаған басты құжатта көрсетілген бастамаларды осы Ұлттық кеңес шеңберінде пысықтауға және дамытуға болатынын айтты.
– Еліміз үшін осындай сындарлы пікір алмасу алаңы өте қажет. Бүкіл қоғам біздің жұмысымызды жіті бақылап отыр. Бәріміз өзекті мәселелерді кеңінен талқылап, нақты ұсыныстарды әзірлеуіміз керек. Президент ретінде тиісті шешімдер қабылдар кезде сол ұсыныстарды қаперде ұстаймын. Ұлттық кеңестегі жұмыс бағытымыз бірқатар оң факторға негізделген. Біріншіден, пікір алуандығы. Бұл кеңесте әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтар, сонымен қатар экономикалық, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың кең ауқымды спекторы шоғырланған. Екіншіден, қоғамдық диалогты институттау. Біздің жұмыла жұмыс істеуіміз үшін барлық жағдай жасалған. Үшіншіден, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған жаңғыру үдерісін «бір ел, бір халық» болып жалғастыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандастарымыздың ел болашағына бейжай қарамайтынын, ашық түрде өз пікірлерін айта бастағанын оң өзгеріске балап, мұның азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай екенін айтты. Осы тұста өзінің ұлықтау рәсімінде «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деп айтқан сөзін негізге алуымыз қажеттігін еске салды.
– Азаматтық белсенділік, ел тағдырына деген жауапкершілік, тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылыс халқымызды алға жетелейді. Осы ұстанымдарды басшылыққа алып, еліміздің дамуына тың серпін беру – маңызды міндет. Кез келген мемлекеттің өз түйткілі болады. Алға ілгерілеу үшін қордаланған мәселелерді уақтылы шешу керек. Қазіргі саяси, әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық дамудың сипаты айтарлықтай өзгерді. Биылғы сайлау науқаны соны анық көрсетті. Ел өңірінде болып жатқан маңызды өзгерістерге құбылмалы әлемнің де ықпалы зор екенін түсінуіміз қажет. Ұлттық кеңестің басында алдағы жұмыстың өте маңызды тұстарына тоқталып кетейін. Біздің күш-жігеріміз дамуға бағытталуы тиіс, деген Президент өзінің қашанда шектеулі болуға қарсы екенін айтты.
– Бізге нәтижелі жұмыс қашанда керек. Сондықтан өзімнің Жолдауымда Қазақстанның саяси реформаларының бірден қарыштап алға кетпейтінін, ақылға салып, біртіндеп жүзеге асырылатынын, дамуға және жемісті жұмысқа бағытталатынын атап өттім. Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді, бірақ олардың авторларының ел алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Реформа үшін реформа – бұл дағдарысқа бастайтын жол әрі мемлекетті басқаруды жоғалтуға әкеледі. Ешқайсымыздың мұны қаламайтындығымызға сенімдімін. Даму дәйекті әрі үдемелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға бағытталған азаматтық әрі саяси борышымызды орындаймыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жастар мәселесіне де мән беріп, жастардың дүниетанымы қарқынды өзгеріп жатқанын, олардың үлкен технологиялық және саяси өзгерістер дәуірінде өз орындарын табуы маңызды екенін атап өтті. Президент белсенді және алдына мақсат қоя алатын жастардың осындай күрделі заманда аяқтарынан нық тұрып кетуіне мүмкіндік беруге ерекше ықылас танытып отыр. Сондықтан оларға бір кәсіптің көзін табуы үшін жағдай жасалуда. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін жоғары оқу орындарында оқуға гранттар бөлініп келеді. Бұған қоса мемлекеттік басқару ісінде жастардың білігін көтеру үшін кадрлық резерв тізімі әзірленіп жатыр.
Жер шетелдіктерге сатылмайды
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміз үшін маңызды әрі көкейкесті мәселелер жөнінде бірыңғай түсініктің маңызды екенін айтты, сондай-ақ өндірістерді көшіруге қатысты қауесеттерге түсініктеме бере отырып, жердің шетелдік азаматтарға сатылмайтынын тағы да атап өтті.
– Тәуелсіздік пен мемлекеттілік – бұл қастерлі құндылықтарымыз. Билік пен қоғам ең алдымен тәуелсіздікті қорғап, мемлекеттілікті нығайтуға қызмет етеді. Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін өз мүдделері үшін пайдалана білетін адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да шегелеп айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент шетелдік инвестициялар тек қажетті салаларға ғана тартылатынын, онсыз дамушы мемлекеттер өмір сүре алмайтынын айтып, мысал ретінде Жапония, Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея және тағы басқа елдер инвестициялардың арқасында жетістікке қол жеткізгенін келтірді.
– Көптеген саясаткер мен дипломат, сарапшылардың теріс болжамына қарамастан, Қазақстан мемлекет ретінде орнықты. Оған Тұңғыш Президентіміз және бүкіл халқымыз зор еңбек сіңірді. Қазір біз ел тәуелсіздігінің 30 жылдық межесіне жақындап келеміз. Осы маңызды белесте тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарын нақты реформалар арқылы бекемдеуіміз керек. Ұлттық келісімнің тағы бір маңызды шарты – озық даму үдерістеріне ашық болу. Теріс жаһандық үрдістерге қарамастан, біз ашық мемлекет болып қаламыз. Қазақстан үздік стандарттар мен озық технологияларды игеру үшін бүкіл әлемге, халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашық болады. Қазақстан қақтығысқа түсуді емес – бітімгершілікті, кемсітушілікті емес – өзара құрмет пен сыйластықты берік ұстанады. Біздің генетикалық кодымызда түйіні тарқатылмайтын түйткіл деген ұғым жоқ. Жауласу мен дауласу халқымыздың өмір салтына тән емес. Біз әрдайым күрделі мәселені мәмілеге келу арқылы шешіп келеміз. Қазіргі сыртқы идеологияда «халық жауы», «бесінші колонна», «ықпал ету агенттері» сияқты түсінік жоқ. Бұл біз үшін жат нәрсе. Біз өз азаматтарымыздың адалдығы мен патриоттығына нық сенеміз. Ұлттық тұтастықтың тағы бір негізі – дамудың демократиялық үлгісіне бейілділік. Біз, ең алдымен, мемлекеттілігімізді нығайту миссиясын басшылыққа алып, өзімізге ұтымды ұстанымда қалуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, алдағы реформалар, ең алдымен саяси жүйе азаматтардың мүддесін қорғай алатындай сипатта жүргізілуі тиіс. Басты мақсат өзгеріссіз қалады, ол – мемлекеттің тұрақтылығы. Мемлекеттің барлық саласы мен қоғамды модернизациялау – стратегиялық даму негіздеріне сай, азаматтық қоғамның пікірін талдау арқылы жүзеге асырылады. Келелі кеңесте айқындалған нақты ұсыныстар маңызды реформаларға негіз болады.
– Қазақстан дамудың аса маңызды кезеңіне қадам басты. Ел болашағы осы кезеңнен абыроймен өтуімізге байланысты. Сайлауалды бағдарламамда мемлекетті дамыту стратегиялық ұстанымдарымды айқындадым. Алдағы бес жылға арналған негізгі бағыттарын атап көрсеттім. Алдымызда тұрған міндеттер күрделі, бірақ бәрін де шешуге болады. Менің барлық тапсырмаларымды іске асыру жоспары бекітілді. Ескі проблемаларға жаңаша шешім керек. Қоғамнан келетін озық ұсыныстар мен идеялар сөзсіз қолданылады. Алғашқы ұсыныстар Ұлттық кеңестің ұйымдастырушылық отырыстарында айтылғанын кеңесшілерімнен біліп отырмын. Мен оларды жіті зерттедім. Ұлттық кеңестің жұмысы қоғамдық кеңестерді жаңа белеске шығаруы тиіс деген ұсыныспен келісемін. Азаматтық қоғам өкілдерін ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, орталық мемлекеттік органдардың бақылау кеңестеріне енгізу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Бұл ашық болуға, соның ішінде, қоғамдық назардан тыс қалған квазимемлекеттік сектордың ашық болуына мүмкіндік береді. Ұлттық кеңестің мүшелері «Ашық әкімдік» тәжірибесін жаппай таратуды ұсынып отыр. Шын мәнінде, бізге басқару мәдениетінің жаңа стандартына көшу керек. «Ашық әкімдік» жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы кедергіні жояды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент саяси жүйені жаңғыртуды және кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс әлеуметтік саясатты қайта қарау ісін жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмыс тобының аясында Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.
Зейнетақы қорындағы қаражатты тиімді пайдалану ұсынылды
Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында қаралған мәселелер негізінен үш бағыт бойынша баяндалып, әр топтан екі кеңес мүшесі айтар ұсыныстар мен пікірлердің түйінін жеткізді. Оның ішінде саяси-әлеуметтік, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық топтар әр салаға қатысты тың мәселелерге жіті тоқталып, шешу жолдарын жіпке тізді. Алдымен елдегі экономикалық мәселелердің өзекті тұстарына тоқталған «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, экономист Рақым Ошақбаев Президент Жолдауында айтылған зейнетақы қорына қосымша 5 пайыз жарна енгізу мәселесін 2023 жылға шегеру турасындағы шешімі аса өзекті екенін жеткізіп, аталған қордың бүгінгі жұмысы нәтиже бермей отырғанын сынға алды. Қолданыстағы үш деңгейлі зейнетақы жүйесінің тиімсіздігін айта келіп, халық қорға сенім артудан қалғанын, оған негіз де жоқ емес екенін айтты.
− Біз үш деңгей бойынша есеп жариялаймыз, шындығында ондағы ақшаның 92 пайызы бюджеттен келеді. Міндетті жинақтаушы бөлікті алайық, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы оның нақты табысы небәрі 0,09% құрайды. Бұл цифр басқасын білмеймін, мені қатты таңғалдырды. Төмен рентабельділік, қауіптің үдеуі, өз кезегінде салымшылардың осы зейнетақы жүйесіне деген сенімінің төмендеуіне алып келеді, – деді Р.Ошақбаев. Оның айтуынша, жылына жұмыс істейтін 8 млн азаматтың 2,5 миллионы 12 айда 12 рет тұрақты түрде зейнетақы жарнасын аударады, онда да олардың 63 пайызының көрсеткен жалақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен де кем.
– Жинақ көлемі де төмен деп ойлаймын. Мысалы, біздегі 6,6 миллион адамның жинағы 1 млн теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Ал 282 мыңнан астам адамның жинағы – 5 миллион теңгеге жетеғабыл. Яғни, 21 жыл ішінде міндетті қаржыландыру элементі сол күйі шындап жұмысқа кіріспеген секілді. Сондықтан біз осы сандарға назар аудартқымыз келеді, – деді сарапшы. Оның сөзінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Ұлттық экономика министрлігімен бірігіп, жұмыс тобын құрып, қай жүйе жақсы жұмыс істей алатынын сынап-көру арқылы жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуға тиіс.
− Осы арада мына нәрсеге: «БЖЗҚ» АҚ-тың ашылып кеткен аранына баса назар аударта кеткім келеді. «Тәбеті» жақсы-ақ. Олар жұмыс істеген бір жылдың ішінде зейнетақы активтерін басқармаса да, оны басқардық деп 45 миллиард теңге комиссия сыпырып алған. Бұл комиссиясының жалпы жиынтығы 60 млрд теңгені құрайды. Ал әкімшілік шығындарға деп жыл бойына 20 млрд теңге жұмсаған. Бұл жерде қандай әкімшілік шығындар турасында әңгіме болып тұрғаны түсініксіз, − деген Р.Ошақбаев зейнетақы қорындағы ақшаны бір әлеуметтік сақтандыру қорына біріктіру туралы ұсыныс білдірді. Сонымен қатар республикадағы жалпы салықтық және басқа да ауыртпалықты 34%-дан 20-25%-ға дейін азайту керектігін тілге тиек етті. Сөйтіп, бюджет кірісін арттыруға арналған ұсыныстарын білдірді. Экономист бүгінгі теңгенің ахуалына қатысты ойын білдіріп, «инфляциялық таргеттеу» және «еркін өзгермелі айырбас бағамы» деп аталатын елге күмәнді монетарлық эксперимент басталғанына 4 жыл болғанын, бұл уақыт аралығында теңге бағамы 2 есе құнсызданып, долларға шаққандағы 400-ге жақындап қалғанын айтты. Халықтың 70 пайызы девальвация болады деген пікірде екенін назарға алды. Мұның соңы теңгеге деген сенімнің уақыт өткен сайын сейілуіне әкелмес. Ұлттық банк пен Үкімет теңге бағамының қолайлы режімін енгізуге кіріспес бұрын қазақстандық экономистердің де ұсынысы мен ой-пікірін назарға алу қажеттігін айтты.
Елдегі экономикалық мәселелерге қатысты тақырыпты тарқатқан экономист Мұхтар Тайжан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан қарыз алған елдердің тізімін жасауды ұсынды. Оның айтуынша, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл бастама болашақта маңызды болмақ. Сонымен қатар елдің экономикалық тұрғыда тежелуі мемлекеттің тікелей араласуы салдарынан күрделеніп отыр. Алдымен елде квазимемлекеттік немесе мемлекеттік секторды жаппай азайту қажет.
− Әлбетте, бұл өте күрделі үрдіс. Квазимемлекеттік компаниялар өз-өзін қысқартуға қауқарсыз. Сондықтан бұл процесті қоғамдық белсенділер, Ұлттық кеңес мүшелері бақылауға алуы тиіс деп санаймын. Экономикамызда жасанды монополияның салмағы басым. Қай саланы алсақ та, қажет емес монополиялар бар. Олардың бағаны ұстап тұруы салдарынан инфляция жоғары болады. Шағын бизнеске және фирмаларға орын болмайды. Жұмыссыздық көбейеді, − деді кеңес мүшесі. Сонымен қатар пайдаға аспай бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану шараларын ұсынды.
Ұсыныстардың басты бағыты – елдегі саяси үдерістерді демократияландыру
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жүйелі үйлестіру, қордаланған мәселелерді жан-жақты қарастыру мақсатында кеңес ішінен құрылған екінші жұмыс тобы саяси жаңғыру деп аталды. Саяси реформаларды кеңінен талқылайтын бұл топқа белгілі саясаттанушылар, заңгерлер, сарапшылар – жалпы саны 16 азамат кірді.
Аталған жұмыс тобының атынан сөз сөйлеген екі кісінің бірі – қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым. Ол топ мүшелері алғашқы күннен кеңес жұмысына қызу кіріскенін, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қоғам белсенділерімен кездесу өткізіп, солардың ой-пікірлерін ескере отырып және осы кезге дейін баспасөзде айтылған, түрлі алаңдарда қозғалған көптеген мәселені құжат етіп жинап, түптеп, хатшылыққа тапсырғанын мәлімдеді.
– Еліміздегі саяси реформа деген тақырып айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде күрделі екені анық. Қазақтың қызыл тіліне салсақ, екі күнде саяси реформа, үш аптада саяси жұмақ орнатуға болатын сияқты. Бірақ ақиқатына келсек, топ ішінде талқы болып, кейбір мәселелерді дауыс беру арқылы шешуге де тура келді. Яғни, қазір ортаға салатын дүниелер – тобымыздың ортақ мәмілесі, компромистік ұсыныстар. Үміт пен күдіктің арасын жалғап, көпшіліктің көңілінен шығу, алаңдаған жұрттың ойлағанын дөп басып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, қиыннан қиыстырып, ұлт пен мемлекеттің даңғыл жолын іздеп, алтын ортаны табу ел мұраты мен болашағын түсінген, ойлаған әрбір азаматтың борышы деп санаймыз. Жалпы осы кезге дейін саяси реформа, саяси модернизация деген тіркестердің сан мәрте сорақы, ұсқынсыз, ұстынсыз бағытқа құрылып, бұрмаланғанын да көрдік. Қоғам қалай әркелкі болса, билік іші де солай біркелкі емес екенін де жақсы түсінеміз. Қоғамның дүйім көпшілігі өзгеріс болса екен деп отырса, билік ішінде осы күніміз – алтын ғасыр, ештеңе өзгермесе екен дейтіндер де жоқ емес. Біздің жұмыс – осы екі көзқарастың текетіреске түспей, елді шайқалтпай, тығырықтан шығудың жолын табу, осыны қоғамға ұсыну, – деді Айдос Сарым.
Саяси жаңғыру атты жұмыс тобының өкілі саясатқа қатысты деген барлық заңды қарап, олардың саны 22 екеніне көз жеткізгендерін айтты. Алайда ол осы кезге дейінгі барша дау-дамай, саяси үдерістер солардың негізгі ережесін анықтайтын бес-алты заңның төңірегінде топшыланғанын да жоққа шығармады. Ұсыныстардың басты бағыты – елдегі саяси үдерістерді демократияландыру, заңнаманы ұлт мүддесіне сай ырықтандырып, либерализациялау, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастардың теңсіздігін жою, қоғам тынысын ашып, халық пен биліктің арасын жамау.
Аталған топтың тоқталған басты бес заңы мыналар: «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» 1995 жылдың 17 наурызындағы заңы; 2002 жылдың жазында қабылданып, сан мәрте жамалған «Саяси партиялар туралы» заң; 1999 жылы қабылданып, қырық жамалған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң; Бағынан соры көп, талай-талай даудың өзегі болған, 1995 жылы қабылданып, соңынан мың құбылған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң; «Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның депутаттары туралы» заң. Сонымен қатар бұл топ қоғамдық орта мен санада «Жергілікті өзін өзі басқару туралы», «Сот реформасы және пенитенциарлық жүйелерді реформалар туралы» арнайы тұжырымдамалар бірінші кезекте қабылдануы тиіс деп санайды.
– Жоғарыда аталған заңдар қай бағытта өзгеруі тиіс деген сұрақ туындайды. Біздің пікірімізше, бұл заңдар түбегейлі түрде қайта қаралып, заман талабына, жұрт сұранысына сай қайта жазылып, ашық талқыланып, жаңадан қабылдануы керек. Митингілер туралы заң, ең алдымен азаматтардың өз ойын айту-таныту құқықтарын сөзсіз қамтамасыз ету, бейбіт шерулердің түрі, сын-сипатын заң аясында анықтау, қатысушы әрбір тараптың құқықтары мен тыныс-тіршілігін айқындайтын, жиындардың негізінен хабарландыру тәртібімен өткізілуін қамтамасыз ететін, еліміздің халықаралық міндеттемелеріне сай болуы тиіс деп отырмыз. Саяси партиялар туралы заңнама ел азаматтарының саяси мүддесіне сай партияларға бірігіп, өз жұмысын еркін жүргізу құқына сай, оларды құру мен мемлекеттік тіркеуге қатысты шектеулер мен ценздерді жүйелі түрде азайту бағытында қабылдануы тиіс. Еліміздегі «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңнама «бұқаралық ақпарат құралы» дейтін ұғымды дұрыс анықтау, жалған ақпарат ұғымын декриминилизациялау, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешу тұрғысында қабылдануы тиіс деп санаймыз. Қазақстанның сайлау кодексі де сайлау сайын сынға алынып келеді. Біздің ойымызша, алдағы уақытта бұл заңнама Парламент пен мәслихаттарды сайлаудың аралас жүйесіне көшуді, партиялардың Мәжіліске өту табалдырығын төмендету, аудан деңгейіне дейінгі әкімдерді халықтың тікелей сайлауы жүйесіне көшуді қамтамасыз ететін өзгерістермен толығуы тиіс. Мұның барлығы да, әрине бір күнде бола қоймас, бірақ осының сатылық, мерзімдік сатысы, жүйесі мен желісін жасақтау, жазып шығуға әбден болады. Парламент депутаттары туралы заңнама парламенттің атқарушы биліктен тәуелсіздігін қамтамасыз етуі, парламенттік оппозицияның қызметіне мүмкіндік беруі, парламент қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру турасында қайта қаралуы тұрғысында өзгеруі керек деп санаймыз, – деді саясаттанушы.
Сонымен қатар Айдос Сарым қоғамдық пікірді зерттей келе, Кеңес мүшелерінің арасында зерттеу жүргізе отыра, мынадай ұсыныстарды қоса ұсынғанды жөн санапты: Қазақстан Республикасы Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің Екінші факультативтік хаттамасын құптап, «өлім жазасы» деген ұғымнан бас тартуы керек. Заңнамаға «Өлім жазасы» деген ұғым орнына «ғұмырлық бас бостандығынан айыру» ұғымы енуі тиіс. Тағы бір мәселе, еліміздің заңнамасындағы 174 бап қайта қаралып, «әлеуметтік, таптық жік салу» деген сияқты ұғымдарға жаңа көзқарас қажет.
Саяси жаңғыру тобынан сөз алған тағы Кеңес мүшесі – қоғам қайраткері, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов. Ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бүгінгі күннің талабы екенін, бұл бастама еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосатынын атап өтті.
– Азаматтық қоғам партияларға қарағанда билікке ұмтылмайды. Азаматтық қоғам биліктің жұмысына бақылау жасай алатын болса, халықтың белсенділігі, өзін өзі басқаруға деген ұмтылысы артар еді. Қоғамдық кеңестің жұмысындағы негізгі мәселелердің бірі – азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу. Шын мәнінде, бұл бағыт біздің ұлттық кеңестің атауында белгіленіп тұр. Азаматтық қоғам мен қоғамдық кеңестер – бірін-бірі толықтырып тұруға негізделген құрылымдар. Сол уақытта қазақстандық қоғам әлдеқайда белсенді бола түседі. Мәселен, қазіргі уақытта министрліктер мен облыстық, аудандық әкімдіктер жанында 226 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 75%-ы – азаматтық қоғам өкілдері. Өкініштісі, министрліктер мен әкімдіктерде құрылған қоғамдық кеңестер қызметінің мазмұны оларға жүктелген міндеттерге сай келе бермейді. Қоғамдық кеңестер өз әлеуетін барынша іске асыра алмай жатыр, – деді ол.
Асылбек Қожахметов өз сөзінде Ұлттық кеңес қоғамдық кеңестерді шоғырландырушы әрі ынталандырушы құрылым болғандықтан, оның құрылымын әлі де дамыта түсу керек деген пікір білдірді. Осы ретте қоғам қайраткері өңірдің әлеуметтік хал-ахуалын біліп отыру үшін Ұлттық кеңеске қоғамдық сараптамалар қажет екенін айтып, аймақтың және салалық қоғамдық кеңестердің өкілдерін Ұлттық кеңестің жұмысына және жұмысшы топтарына тарту керектігін айтты.
Алдағы 25 жылда білім алуға ниеттілер саны азаймақ
Еліміздегі білім беру және еңбек нарығына қатысты өткір ұсыныстарын ортаға салған саясаттанушы, «BTS Digital» білім беру орталығының басшысы Саясат Нұрбек білім және жұмыспен қамтылуға қатысты мәселелер созылмалы институттық проблемаға айналғанын айтады. Оның сөзінше, Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек министрлігі адам капиталын дамытуда бірлесіп жұмыс істей алмай отыр.
– Біріншіден, білімге деген сұраныстың сыни салмағы жоқ. Елдегі ІЖӨ-нің құлдырауына, тиімсіз жұмыс орындарының сақталуына қарамастан, әлеуметтік жұмыспен қамту жүйесі қалыптасты деп жүрміз. Бұл салалардағы тағы бір түйткілді мәселе білім беру жүйесінде экономика үшін кадрлар даярланбайды. Оған дәлел, жұмыс берушілердің айтуынша, бітірген түлектердің 91 пайызының практикалық білімі мен дағдысы жоқ, ал диплом иегерлерінің жартысына жуығы мамандық бойынша жұмыс істемейді, − деді саясаттанушы. Оның айтуынша, 25 жылдан кейін бізде көптеген адамдар білім алуды тоқтатады, ал біліктілікті арттыру формалды сипатқа ие болмақ. Бізде жоғары интеллектуалды мамандардың жалақысы мен көлік жүргізушілерінің жалақысы салыстырмалы түрде бірдей деп айтуға болады. Бұл ретте адамның дамуы мен белгілі бір деңгейге жетуі үшін қажетті орта әлі күнге дейін жүйелі қалыптаспаған. Оның сөзінше, бізде еңбектенген жұрттың кедейлік қалыптан арыла алмай отырғаны әлі бәсеңдеген емес. Егер жүргізуші мен дәрігердің жалақысын алса, олардың арасындағы алшақтық 20%-дан аспайды. АҚШ-та бұл 261%, Германияда – 174%, Бразилияда – 172%. Осылайша бізде жоғары білікті мамандықтарға ынталандыру байқалмайтынын көруге болады. Нәтижесінде қарасы қалың халық қауіпсіз, тұрақтылықты, бірақ тиімсіз жалақысы мардымсыз жұмысты таңдайды.
Әлеуметтік саланың ішінде медицина мәселесі аса өзекті. С.Нұрбектің сөзінше, медициналық сақтандыру бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмей келеді.
− Жүйесіз атқарылған жұмыстарға қарамастан, келер жылдың басында медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл жерде жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. Цифрландырудың да берер пайдасы шамалы болды. Мұның соңы халық тарапынан түсінбеушілікке алып келуі мүмкін, – деді саясаттанушы. Саланың кем-кетігін жіпке тізу барысында Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат ашықтығы да сынға ілікті. С.Нұрбектің пікірі медицина саласындағы өзекті мәселелер министрлік төңірегінде ғана талқыланып, өзекті шешімдер қабылдауда қоғам, негізгі медициналық жәрдем алушы халық бей-жай қалады дегенге саяды. Сонымен қатар ол өз сөзінде жоғары, білікті білімі бар талантты, интеллектуалды адамға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра білу үшін тиісті ақпарат, қаржылық сауаттылық жетпесе, оның жоғарыда аталған қарым-қабілеті тиісті деңгейде өмір сүріп, өзін өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік бермейді. Яғни, адамның қалыптасуы, өсуі оның сауаттылығына тәуелді болып отыр. Бұл әлемдік тәжірбиеде дәлелденген үдеріс екенін назарға алды.
Жиында сөз алған қоғам қайраткері, «Қазақ үні» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Қазыбек Иса қоғамдағы ең өзекті тақырып – Мемлекеттік тіл мәселесін көтерді.
− Мемлекет басшысының Жолдауында қазақ тілінің мәртебесі жайында қадап тұрып айтқан болатын. Онда: «Қазақ тілі мемлекет тіл дәрежесіне дейін көтеріліп келеді. Енді оның ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келеді. Бұл үшін барлығымыз жұмыла әрекет етуіміз керек», деген болатын. Мемлекет басшысының мемлекеттік тілге баса назар аударуы елдің ерекше ықыласына ие болып, ұлт зиялылары өз үлесін қосуда, − деді Қ.Иса. Оның айтуынша, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін барлық жерде мемлекеттік тілді міндеттейтін мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы керек. Ол үшін Ата Заңда мемлекеттік тіл өз мәртебесін жеке дара иеленуге мүмкіндік беретін 7-ші баптың 2-ші тармағы алынуы тиіс.
Еліміздің басты байлығы – адам
Жиында саяси-әлеуметтік, гуманитарлық және экономикалық мәселелермен қатар өзге де ел назарында жүрген, оңтайлы шешім табуды қажет ететін өткір проблемалар айтылды. Келелі кеңесте сөз сұрап, ортаға ой тастағандар да табылды. Олар – адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова, Қазақстан киноматографистер одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам, «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов.
Ұлттық кеңестің мүшелері қоғамдағы қалыс қалған жайттарды атап, ел билігі ескерусіз қалдырмауы тиіс тұстарға басымдық берді. Оның ішінде адвокат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова сот жүйесіне өзгерістер қажет екенін ерекше атап өтті.
− Еліміздің басты байлығы – адам. Адам құқықтарын қорғау мемлекеттің міндеті. Сондықтан құқық қорғау жүйесінде бірізділік қалыптастыру үшін бірқатар заңға өзгерістер енгізу керек деп санаймын. Мысалы, «Босқындар» туралы деген заң бойынша босқын мәртебесі берілген адамға Қазақстан Республикасы аумағында тысқары жерлерде жүріп тұруға арналған. Бұл бізде халықаралық стандарттарға сәйкес емес. Тек формалды түрде бар. Сол үшін түбегейлі реформа керек, – деді А.Омарова.
Оның айтуынша, елімізде зорлық-зомбылық әрекеттер өршіп тұр. Бүгінгі күні зорланған 9 баланың ісін қарап жатқан адвокат сол істердің бір-екеуін мысалға келтірді. Сонымен қатар заңдағы 130-шы бапты (жала жабу) толықтай декриминализациялау керектігін айтты. Көп жағдайда бұл баппен істі болғандардың басым көпшілігі журналистер екенін атап, аталған бапты толық қылмыстық сипаттан арылту керектігін жеткізді.
Өз кезегінде режиссер Ермек Тұрсынов мәдениетке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет екенін, мәдениетті спорттан бөлек министрлік ету керек екенін баса айтты. Осы тұста ол Димаш Құдайберген мен Ержан Максимнің жетістіктерін министрлік өз жұмыстарының нәтижесі сияқты етіп көрсететінін айтып, сынға алды.
– Соңғы жылдары елімізде базарлар, сауда орталықтары, мейманханалар және мешіттер көптеп салынды. Бұл адамдардың тапқан табысын тойға шашады, сосын Құдай үйіне барып, Аллаға шүкіршілік етеді дегенді аңғартады. Біз ұзақ уақыт бойы «алдымен экономика, содан соң саясат» деген ұстаныммен өмір сүрдік. Қазір бәрі керісінше, бірінші – саясат, сосын – экономика. Бірақ мен ең алдымен мәдениет болу керек деп санаймын. Бұл қаржы, әлеуметтік, саяси мәдениет, спорт мәдениеті деген сияқты жалғаса береді. Мен мұны адамгершілік тұрғысын айтып отырмын, – деді режиссер.
Ермек Тұрсынов кітап оқып, дұрыс тәрбие көріп өскендер тендерден қаржы жымқырмайтынына, зорлық-зомбылыққа бой ұсынбайтынына, қарызға батпайтынына сенімді. Сондай-ақ ол балалардың дұрыс білім алмайтынына алаңдап, тәрбие құралына айналған телеарналардың бәрі сауық-сайран бағдарламаларына толып кеткеніне қынжылыс білдірді.
Одан кейін «Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов Ұлттық банк шетелдік компаниядағы қаржы активтерін қымбат бағалауға тапсырыс беретінін айтып, банк секторын бағалау нәтижелерін жариялау ұсынды.
− Байқағанымыздай, банк секторында жыл сайын мемлекеттік бюджеттен үлкен шығын әкелетін кезекті проблемаларды көріп отырмыз. Мұны тезірек тоқтату керек. Ұлттық банк қазір активтердің қымбат бағасына дұрыс тапсырыс берді, шетелдік фирма оны алдағы бірнеше айда аяқтайды» – деді ол. Оның айтуынша, Қаржылық қадағалау агенттігін ұлттық банктен бөлек ведомство түрінде қайта құру дұрыс шешім болмақ.
Кеңес мүшелері қозғаған қордаланған мәселе мен көкейге қонымды ұсыныстарды байыппен тыңдап болған соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысын қорытындылады.
– Ұлттық кеңес мүшелерінің интеллектуалдық деңгейі өте жоғары. Сондықтан бүгін өте тиімді, қызықты ұсыныстарды тыңдадық. Жалпы, бұл ұсыныстарды мен қолдаймын. Келешекте амандық болса, бәріміз бір ұжым болып, іске асырамыз деп ойлаймын. Біз үшін ең құнды мақсат-міндет, ұғым – бұл еліміз, мемлекеттілік. Бәріміз Отанымызды сүйеміз. Бірақ жай ұрандар тастамай, нақты қадамдар жасауымыз керек. Осында айтылған пікірлердің көбімен келісуге болады. Оларды бір құжатқа жинап, сараптама жасап, тез арада іске асыруымыз керек. Алдағы уақытта осы ортада басқа да азаматтардың сөзіне құлақ түреміз, – деді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы әрбір сала бойынша жеке жоспар дайындалатынын, белгіленген мақсаттар өте ауқымды, күрделі екенін айтып, Кеңес мүшелеріне алғысын жеткізді.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Еркежан АЙТҚАЗЫ