Президент • 09 Қыркүйек, 2019

Бейбіт күннің батырлары марапатталды

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыста адам өмірін сақтап қалған түрлі сала мамандары мен жанашыр азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Апаттан кейін қаланы қалпына келтіруге 10 мыңға жуық адам атсалысты. Олардың ішінде 40 азамат Президент қолынан жоғары марапатқа ие болды.

Бейбіт күннің батырлары марапатталды

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тұр­ғындарды құтқаруға және Арыс қаласын қай­та қалпына келтіруге ат­салысқан бар­лық азаматқа риза­шы­лық білдірді. Пре­зидент 24 маусым хал­қымыздың тағы бір сынақтан сүрінбей өткен күні ретінде тарихта қалғанын айтып, Арыс тұрғындарының тыныштығы бұзыл­ға­нымен, елдің рухы түспегенін айтты.

– Қайғылы жағдай ешкімді бейжай қалдырмады. Арыс қаласын бүкіл ел болып қалпына келтірдік. Бұған Қа­зақ­станның әр тұрғыны үлес қосты. Пат­риотизм мен шынайы көмектің осындай жарқын үлгісінің негізінде жастарымызды тәрбиелеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уа­қыт­та нысандардың 97 пайызын қай­та қалпына келтіру жұмыстары аяқ­тал­ғанын, ең алдымен, көп балалы от­ба­­сылардың баспаналары қалпына кел­ті­рілгенін хабарлады. Білім күні қар­саңында Арыстағы 16 мектепке 12 мың оқушы қабылданды, оның 2 жарым мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер.

Қазақстан Президенті Арыс оқиғасы халқымыздың қиын-қыстау кездегі бекем бірлігі мен ынтымағын көрсеткенін айтты.

– Шын мәнінде, бүгінгі жиынға қаты­сып отырған азаматтар – нағыз батырлар. Ал осы залға келе алмағандардың бәрі ор­дендермен және медальдармен марапатталатын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сын сағатта сабырлық танытып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білген азаматтарды Президент ерекше атап өтті.

– Көлік жүргізушісі Асқар Әбдіха­лы­қов «Лидер» балабақшасындағы 70 баланы қатерден құтқарды. Ал медбике Күмісай Тұманова ауруханада емделіп жатқан балаларды қауіпсіз аймаққа жет­­кізді. Олар сол сәтте өздерінің өмірі­не де қауіп келерін ойламастан тәуе­келге бас тікті. Мен тұрғындарды қауіп­сіз жерге көшірген азаматтарға зор риза­шы­лығымды білдіремін. Зардап шеккендерді емдеп, олардың өмірі үшін күрескен дәрігерлерге алғыс айтамын, – деді Мем­лекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент аға сержант Нұр­жан Бақтыбайдың ерлігін ерекше атап өтті. Ол өрттің салдарын жою кезінде батыл әрекет етті. Соның арқасында біраз адам аман қалды. Бапкер әрі оқытушы Евгений Хисметов Қарағанды облысынан өз еркімен Арысқа аттанған. Ол бірнеше учаскеде жұмыс істеді. Гуманитарлық көмек таратып, құрылыс жұмыстарын атқарды. Сөйтіп жүздеген еріктімен бірге қаланы қалпына келтіруге өз үлесін қосты.

Жарылыста еңбек еткен әскери қызметкерлер, еріктілер, балабақша қызметкерлері ІІ және ІІІ дәрежелі «Ай­бын» орденімен, «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ер­лігі үшін» медальдарымен, медицина қыз­меткерлері «Шапағат» медалімен марапат­талды.