Қоғам • 09 Қыркүйек, 2019

Жаға философиясы

1022 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала кезім, анам бірде үйдегі ескі-құсқы киімдер салынған кішкене қо­рапты сарайға шығарып тастауымды өтінді. Апара жатып қораптың бетіндегі өзімнің ескі жейдеме көзім түсіп кетті. Таң қалғаным, әлгі жейденің жағасы жоқ. Әдемілеп қиып алынғаны көрініп тұр. Үйге қайтып келіп анамнан неге олай істегенін сұрағанымда, ер адамның жағасы аяқ астында қалмауы керектігін байыппен түсіндірді. Мен сол кезде бала болсам да анамның ер-азаматқа деген үл­кен құрметінен зор тағылым, бай тәрбие байқаған едім.

Жаға философиясы

Жалпы, қазақ халқы адамның жеке тұл­ғалық қасиетін даралаған тұста мінез-құлық, болмыс-бітімнен бөлек, оның киім-кешегіне де үлкен мән беріп қараған. Бас­қасын айтпағанның өзінде, киімнің бір ғана жағасының өзінде ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңірер ізгі ілім жатыр. Тек қана жағаға қатысты қазақтың мағынасы терең, мазмұны ауқымды ауыз әдебиетінен бастап көптеген мысал келтіруге болады.

Хандық дәуір әдебиетін оқып отырсаңыз: Жағасы алтын, жеңі жез, Шығыршығы тор­ғай көз ақсауыт киер ме екеміз?! – дейді Ақ­тамберді жырау. Жағаны алтынмен аптау, ханның ұлы төре, бидің ұлы шора қымбат ішіктерінің жағасына құндыз ұстартып кию – тектілікті аңғартып тұратыны белгілі. Немесе мақал-мәтелдерімізде «Жағам жайлауда», «Ағасы бардың жағасы бар» деп, жағаның мән-мағынасын арттырып қолданамыз. Не­гізінен, жағаға қатысты моральдық норма ежелгі тұтас түркі әлемінде, кейін исі мұ­сылман қауымы үшін киімнің қастерлі бөлігі болып қалыптасқан. Жағаға жармасу, үлкенді бетінен алу жалпы тәрбиесіздіктің ең тұрпайысы, қасиетсіздіктің шегі деуге болатын шығар.

Асыл дініміз ислам әлемінде тура осы жағаға жармасу туралы керемет діни хикая баян етіледі. Әпсананы қысқаша әңгімелесек:

Бірде Ғазіреті Әли Шері қыр басында қырық ұлын күрестіріп отырады. Бөлек өскені болмаса Мәді балуан да – Әли Шері­нің баласы, әкесін танымағандықтан, сол күреске жолай қосылып, қырық ұлдың бар­лығын жеңіп, Ғазіреті Әлидің өзімен белдесе кетпей ме? Кенет әкесі баласының мо­­йынындағы қап-қара қалды тани кетіп: өзін енді жағасынан алып, жамбасқа ұрғалы тұрған Мәдіге: – Балам, тоқта! – дейді.  Әке­сімен күресіп, жағасынан алғанын сонда ғана білген Мәді ауыр қылмысы үшін өзін күнәһар санап, бейәдеп қылығы үшін еңірей қашып қара Жердің қарсы айрылуын тілейді. Ақыры сол қара Жерге кіріп жоқ болып, ақыр заманға дейін қалың қапас астында жатыр...

Әр аңыз шындыққа негізделіп айтылады. Мүмкін діни тұрғыдан сауатымыз жетпей оқиғаны қате пайымдап, тәрбиелік мәні зор хикаяны теріс тәпсірлеп қоюымыз бек мүмкін, біз бұл жерде тек жағаға жармасудың үлкен күнә екеніне назар бұрғымыз келді.

Қазақтың тәлім-тәрбиесі, ділі мен діні, тарихы мен тағылымы туралы ғалым Ақселеу Сейдімбектен асырып ештең айта алмас едік. Ақселеу аға тура осы жағаға қатысты «Құрмет» деген әңгімеде келісті жазады.

«Бірде,  киіз  үйдің  көлеңкесінде  дом­быраға  тиек  жонып  отыр  едім, көрші  үй  жақтан: «Қайным!» – деген  дауыс  естілді.  Қарасам,  Ырыс, киіз  үйдің  есігінен  басын  ғана  шығарып,  мені  шақырып  тұр.  Шілденің ыстығында  көлеңке  іздеген  жылан,  бақа,  кірпі  сияқты  жəндіктердің киіз үйге кіріп кететіні болатын. Сондай бірдеңе ме деп, жүгіріп келсем, Ырыс: «Төрде  жат­қан  атамның  шапанын  керегенің  басына  іліп  берші!» – деп  қиылады.  Мұнысын  мен  əзілге  балап: «Ой,  сөзің  құрысын, бірдеңе болып қалған екен десем!» – деп бұрылып кете бермекші болдым.

Сол  кезде  Ырыс  шыншыл  қалпымен: «Ойын  емес,  өтінемін,  ата-енемді көрші үй­­лер қымызға шақырып кетіп еді. Күннің ыс­тығы мынау, келгенше отыратын орындарын қағып-сілкіп, іргені түріп, үйді салқын­да­тып қояйын деп едім. Нең кетеді, атамның шапанын іліп бере қойшы!» – деп одан бетер қиылады. Ырыстың  жүзінен  де,  сөзінен  де  əзіл-қалжыңның  нышаны  білінбейді.  Мен  əлденені  түсінбей  тұрған  қалпымда  таңырқап: «Өзің  неге ілмейсің?!» – деппін.

Сонда Ырыс өзгеше бір байсалды қа­лыпқа түсіп, айтуға болмайтын киелі  құпия­ны  амалсыз  айтып  тұрғандай,  дауысы  ді­ріл­­деп: «Онда... онда, атамның жағасына қо­­лым тиіп кетеді ғой!.. Олай етуге болмайды ғой!» – деді».

Міне, жаға туралы қысқа қайырғанда осылай. Ертең іргелі ел боламыз десек, осы бастан келіндерімізге кішілікті, ұлдарымызға кісілікті қарапайым жаға философиясынан бастап үйретуіміз керек.