Тарихи жиын Номад Сити Холл сарайында гала-концертпен тәмамдалды. Салтанатты шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді. «Адамзат өркениеті бүгінде рухани сабақтастықты, ортақ құндылықтарды сіңіру мен насихаттауға зәру. Осындай жаһандық мәселені негізге ала отырып, Азия қаламгерлерінің бірінші форумы «Ортақ тамыр. Ортақ дүниетаным. Ортақ өркениет» деген атаумен өткізілді. Бұл бір жағынан ғаламдық тақырып болса, екінші жағынан Қазақстанның бірлік пен бейбітшілікке бағытталған геосаяси ұстанымын көрсетеді. Форум аясында айтылған сындарлы пікір, толымды ойлар ортақ тамырдан нәр алып, ортақ дүниетанымға терең бойлап, ортақ өркениетті көрсететін құнды шығармаларды тудыруға септігін тигізеді деп ойлаймын. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген форумға Азия құрлығын мекен еткен 38 шет мемлекеттен сексеннен астам қаламгердің келуі форумның ғаламдық сипатта екенін көрсетеді», делінген хатта.
Сондай-ақ министр құттықтау хатында аталған шараның Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынғанын ерекше атап өткен. «Азия өркениеті туралы сөз болғанда бірден ойға оралатын Ұлы Жібек жолының экономикалық маңызын ғана емес, оның тұтас өркениеттерді тоғыстыратын күшке ие болғанын ескеру қажеттігін баса көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды мәселеге қаламгерлердің назарын аудартты. Мемлекет басшысының «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындау және Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру туралы білдірген ұсыныстары баршамызға ой тастап, серпін бергені анық», дейді министр.
Қаламгерлер қауымының бұл жиыны шын мәнінде Азия әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп отыр. Қырыққа жуық мемлекеттен келген қатысушылардың өзара пікір алмасуы әдебиет әлеміндегі тың жаңалықтарға бастайтынын байқау қиын емес. Мұны шетелдік қаламгерлердің Қазақстандағы әдеби үрдістерге оң баға беріп, халықаралық деңгейде әріптестік орнатуға уағдаласқандығынан да анық аңғаруға болады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің сөзінше, алдағы уақытта ортақ Азия жазушылар одағын құру деген де ұсыныстар айтылған. «Осынау әдеби революция Қазақстаннан басталды деген баға, әрине жоспарлы жұмысымыздың жарқын жемісі деуге болады. Үлкен сеңнің бұзылуы үдерістерге бастайтыны белгілі. Рухани сабақтастыққа бастамашы болған қазақ әдебиетінің болашағы зор деуіміз керек», деді Ұ.Есдәулет.
Сондай-ақ Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы уақытта Азия елдері жазушыларының қаламынан шыққан шоқтығы биік туындыларға айрықша баға беріліп, «Азия алыбы» атты әдеби сыйлығын тағайындау мәселесі пысықталғандығын тағы бір мәрте атап өтті.
Форумды қорытындылаған қаламгерлер алдағы атқарылатын жұмыстардың қатарында әдеби журналдар мен газеттердің бірлескен нөмірін шығаруға уағдаласқандықтарын тілге тиек етті.
Тәжік қаламгері Низом Косимнің айтуынша, форум бірлескен жұмыстардың әрі қарайғы жоспарын белгілеу үшін өте ыңғайлы алаң болды. «Біз алдағы уақытта оқырмандарымыздың өзге елдердің, әдеби шығармашылығымен таныс болуы үшін бірлескен әдеби газет-журналдар шығарғымыз келеді. Меніңше, бұл да халықтарымызды жақындастыра түсуге септігін тигізеді», деді Н.Косим.
Тәжік қаламгерінің атап өтуінше, аталған басылымдардың форматы алдағы уақытта егжей-тегжейлі талқыланады. Басылым нөмірі жергілікті немесе шетелдік қаламгердің шығармаларына не болмаса нақты бір елдің әдебиетіне арналуы мүмкін. «Барлық, әсіресе бұрынғы кеңестік кеңістіктен шыққан Жазушылар одағының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – өзге елдермен, әсіресе бауырлас республикалармен мәдени байланысты жолға қойып, нығайту болатын. Бұл орайда Қазақстан бәрімізді басып озды. Бұл – елдеріңізде өтіп жатқан осымен үшінші халықаралық әдеби шара болып отыр. Мен оның екеуіне қатысқан едім. Тамаша әсер алдым», деді ол.
Шара қорытындысы бойынша Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумы делегаттарын марапаттау рəсімі өтті. Қатысушыларға естелік сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Гала-концертте «Тұран» этно-фольклорлық тобы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Жарқымбаева жəне «Мастер-класс» би-спорт клубы, «Серпер» домбырашылар ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Мұзарт» тобы өнер көрсетті.
Сөзіміздің соңында форумға Моңғолиядан келген қаламгерлер шара қорытындысы бойынша осынау игі істі ұйымдастыруда үлкен жұмыстар атқарған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезекті Моңғолия Жазушылар одағының ең жоғары әдеби сыйлығымен марапаттағанын айта кеткен жөн.