Күлипа Есімқызы – елу жылға жуық өз шығармашылығында қазақтың даласын, ондағы тылсым дүниенің болмысын шебер бейнелеп, ұлттық мәдениет пен дәстүрлі өнерді дәріптеп келе жатқан кәсіби суретші. Ол әрбір туындысын қазақ тарихына, мәдениетіне және кеңес дәуіріндегі кең тараған бейбітшілік, достық, еңбек, әйел бақыты, туған жер сияқты тақырыптарға байланыстыра жазып, өмірлік образға бай, жан тазалығынан туған шығармалары арқылы көпшілікке эстетикалық ләззат сыйлаудан жалықпай келеді. Биыл ашылып отырған авторлық көрмесіне де ол жаңа туындыларымен бірге, жұрт қызығушылығын тудырып, лайықты бағасын алған ілгеріректегі жұмыстарын да орналастырды. Оның алғашқы «Бақыт» гобелені 1975 жылдан Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорына алынса, «Мамыр» гобелені АҚШ елшілігінде ілулі, ал «Қызылқұм» текеметі Мемлекеттік Орталық музейдің сәнін кіргізген қолөнер бұйымдарының қатарында сақтаулы тұр.
Шығармашылық ізденістен шаршамайтын К.Жұбаниязованың гобелендері мен кескіндемелерінің астарындағы көркем пластикалық ырғақта көрінетін ұлттық дәстүрдің сарындары тамашалаған адамның жанына жақын әрі түсінікті. Қазақтың классикалық қолөнер нақыштары мен заманауи өнерді шеберлікпен үйлестіре отырып, екеуін біртұтас етіп қиыстырғаннан жаңа образдар ашылған.
Суретші туындыларындағы табиғат көріністерінің ашық, қанық түсті бояулар палитрасында көрінуі өмірдің таңғажайып жаңаруы, түлеген, түрленген әлемнің сұлулығы сияқты қабылданады. «Шеберлер» картинасы тұрмыстық жанрда орындалуымен көз тартады. Қарт ана өмір бойы серік еткен ұршық иіру, алаша, киіз, текемет басу өнерін екі жасөспірім немересіне ұғындырып, анасынан қызына сабақтаса жалғасып келе жатқан ескі өнерді ұмыттырмау үшін жадына сіңіріп, жанын сала үйретіп отырғаны байқалады. Шағын туындыдағы «ұрпақтар сабақтастығы» деген тағылым әсерлі бейнеленген.
Шебердің көрмедегі «Қасқасу», «Дастарқан», «Бақтағы натюрморт», «Ұлттық рух», «Өмір жалғасы», «Ана махаббаты» секілді туындылары шымқай қызыл, алтын құм іспетті сарғыш, қанық жасыл түстердің басымдығымен далалық дәстүрді, ауыл өмірінің шынайы көріністерін береді. Ұлттық рухтың қалыбы мен қазақы салттың қасиеті сезіледі.
Күні бүгінге дейін Норвегия, Чехия, Румыния, Болгария, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Швеция, Аустралия, Гвинея сынды мемлекеттерде өткен шығармашылық көрмелерге салмақты туындыларымен қатысқан К.Жұбаниязова кәсіби қолданбалы өнердің ұлттық деңгейде өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
АЛМАТЫ