Экономика • 09 Қыркүйек, 2019

Ерболат Досаев Ұлттық банкті елордаға көшіруге қатысты пікір білдірді

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық банк басшысы Ерболат Досаев Ұлттық банкті елордаға көшіруге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Ерболат Досаев Ұлттық банкті елордаға көшіруге қатысты пікір білдірді

«Бұл тақырып бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Банктің Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударатын мерзіміне қатысты Мемлекет басшысы шешім шығарды. Ұлттық банкті қайта құру кезінде дербес орталық мемлекеттік институт ретінде бөлініп шығатын, Президентке тікелей бағынышты болатын қаржылық нарықты реттеу мен дамыту агенттігі Алматыда қалады деп айта аламын. Қаржылық нарықтың дамуына жауап беретін тарихи статусы бар реттеуші Қаржылық институттарға жақын болғаны дұрыс. Алматының қаржылық орталық ретінде мәртебесі жоғалмайтынына сенімдімін», деді Досаев.

Ол басқа банктер де өздерінің басты офистерін Нұр-Сұлтан қаласына жаппай көшіретін тенденция байқамайтынын айтты. Тіпті First Heartland Jýsan Bank бірігуінен соң басты офисін Алматыға көшіріп жатыр.

«Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымдары Алматыда қалады. Бұл керісінше Алматының дамуына жаңа серпін бермек. Ұлттық банктің ақша несие саясатын жүзеге асыру үшін жаңа коммуникациялық жағдайлар жасалуы мүмкін. Сарапшылардың мәлімдеуінше, Евроодақта 90% және 95% жағдайда Орталық банктер астаналарда орналасқан», деді Ұлттық банк басшысы.

Бас банкир қаржылық сектор мен бизнес өкілдерін Алматы қаласы Ұлттық банк назарында болады деп сендірді.

«Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, яғни 2 жылдан соң Ұлттық банк еліміздің бас қаласына көшуі керек. Шамамен келесі жылы астанаға көшеміз», деді Е.Досаев.