Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2019

Арамшөптің азабы

755 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ленинское ауылының тұр­ғын­дары төрт жыл бойы жабайы арпамен алысып әлек. Биыл тағы да үлкен әбігерге түсірді. Жыл өткен сайын ауқымы үлкейіп, қырды айтпағанда тұтас елді мекенге жайылып үлгерген. Түп-тамырымен қырқып, жойып тастауға жеке адамдар түгі­лі шаруа қожалықтары да қау­қар­сыз.

Арамшөптің азабы

Жұрт аузында жабайы, жалды, ка­надалық деп аталып кеткен арпа сырт көзге әдемі, зиянсыз көрінгенімен, ауыл­шаруашылық дақылдары мен төрт түлік малдың қас жауы көрінеді. Өсім­талдығы соншалық, тез таралып, ат­шаптырым аумаққа тамыр салып үл­геріпті. Зейнеткер Арғын Үсейінов­тің иыққа триммерді іліп алып, ау­ласын тазалағанына бірнеше күн бо­лыпты. Бірақ жауыннан кейінгі саңырауқұлақ құсап қайтадан қаптап кетеді екен. Алыстан қараса, ауыл дәні пісіп, масағы толысқан сап-сары елтінжалдың ортасында тұрғандай әсер береді. Бұл – шын мәнінде қаулай өскен арамшөп.

«Былтыр мына жерді тап-таза етіп орып тастағанбыз. Шапқан сайын балалай бере ме деймін. Тіпті көбейіп кетті. Жолдарды, жайылымдарды басып, егістік алқаптарға жақындап қалды. Дереу алдын алу шаралары шұ­ғыл жүргізілмесе, жағдайдың күрде­леніп кететін түрі бар», дейді ленин­діктер.

Осы себепті бақташылар мал жайы­лымын ауыстырып, басқа жаққа бағуға мәжбүр. Жуырда жабайы арпаны жеген бір қой аяқасты серейіп, сойса, ішек-қарнына шөптің тікенектері қадалып қалыпты. Бір ауылды әбден мезі қылған жабайы арпа бала-шаға нәпақасын айырып отырған мал иелерін де жайсыздыққа ұрындыруы мүмкін. Өңірдің фитосанитарлары арамшөптің төрт түлік малға да, егістікке де аса қауіпті екенін жасырмайды. Одан құтылудың бір ғана жолы – химиялық өңдеу. Алайда жаппай әсер ететін шетелдік гербицид өте қымбат тұрады. Оның үстіне оған мемлекет тарапынан қаражат бөлу жағы қарастырылмаған.

Жергілікті биліктен де күдерлерін үзген Ленинское ауылының тұр­ғын­дары триммер мен қол шалғы сатып алуға жаппай кірісіп кеткен сыңайлы. Өйткені өз күштеріне сенуден басқа амал жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысы,
Аққайың ауданы

Соңғы жаңалықтар

Төр Алтайда төрт барыс жүр

Жануарлар • Бүгін, 08:20

Жүз дастанды жаттаған

Өнер • Бүгін, 08:10

Ғылым қарлығаштары

Ғылым • Бүгін, 08:00