Руханият • 10 Қыркүйек, 2019

Қос алыптың мерейтойларына дайындық жұмыстары талқыланды

181 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы және Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік ко­миссия­ның отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қос алыптың мерейтойларына  дайындық жұмыстары талқыланды

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төра­ғалығымен Абай Құнанбай­ұлы­ның 175 жылдық мерейтойын да­йын­дау және өткізу жөніндегі Мем­лекеттік комиссияның отырысы өтті.

Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ма­ңыз­ды бағыты ұлттың «мәдени кодын» сақтау болып табылады, бұл орайда, мерейтойлық іс-ша­ралар Абайдың рухани мұра­сын сақтауға, зерделеуге және на­сихаттауға бағытталуы тиіс» деп атап өтті.

Отырыста сөз сөйлеген Мәде­ниет және спорт министрі Ақто­ты Райымқұлова, Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағам­бетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шығыс Қа­зақстан облысының әкімі Да­ниал Ахметов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы дирек­торы Рауан Кенжеханұлы жос­парланған іс-шаралар мен жобалар туралы баяндады.

Абай шығармалары шетел­дің іргелі тілдеріне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз, неміс, түрік, жапон және итальян) аударылып, шығарылады. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы ди­ректоры Рауан Кенжеханұлы бұл жобаға әртүрлі елдерден үздік кәсіби аудармашылар және Қазақстанның жетекші абайтанушылары қатысатынын айтты. Абай еңбектерінің халықаралық таныстырылымын Қазақстанның елшіліктерінде, шетелдердегі оқу орындарда, зерттеу және мәдени орталықтарда өткізу жоспарлануда.
Халықаралық Түркі академиясы да Абай еңбектерін түркі халықтарының тілдеріне аударып, шығаруды жоспарлап отыр.

Ұлы ақынның өмірі мен шы­ғар­машылығы туралы деректі фильмдер түсіріледі. Мәдениет және спорт министрлігі «Тәуел­сіз­дік толғауы» және «Елім менің» республикалық шығармашылық конкурстары шеңберінде мерей­тойға арналған жаңа көркем, поэ­ти­калық, музыкалық және түрлі жанр­лардағы шығармаларды жазу­ға оннан астам номинация тағайындады.

ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерін­де Қазақстанның үздік шығар­ма­шылық ұжымдарының гала-кон­церті және танымал абайта­нушы ғалымдардың қатысуы­мен халықаралық ғылыми-прак­­тикалық конференция өтеді. Ме­рейтойға арналған халықаралық конференция елордада болады. Мәдениет және спорт министрлігі және әкімдіктер ұлы ойшылдың мұраларын насихаттау бойынша театрландырылған қойылымдар, музейлік экспонаттар, кітап көр­мелерін, шығармашылық кон­курстар мен фестивальдар, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар және басқа да көптеген іс-шаралар жос­парлап отыр. Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Абай» операсы қойылымының Түркия, Ресей және Қытайға гастрольдері жоспарланған.

Абай шығармаларын насихаттауда білім жүйесі белсенді түрде қатысады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, еліміздің барлық мектептерінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан конкурстар өтеді. Абай шығармашылығын үздік білуге арналған оқушылар арасындағы жалпыреспубликалық олим­пиа­даның жеңімпаздары мен лау­реаттарына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайындалады. Олар елордада өтетін «Абай балы» салтанатына қатысады.

Мұғалімдер мен оқыту­шы­лар арасында Абай шығар­ма­шылығын оқытудың үздік әдістемесі бойынша да конкурс­тар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ еліміздің барлық жоғары оқу орындарында ұлы ойшылдың мұраларын жас­тар арасында насихаттауға бағыт­талған конференциялар мен сим­позиумдар, поэтикалық жә­­не әдеби фестивальдар, поэ­зия кештері форматындағы «Абай оқулары», Абай шығар­маларын үздік білу мен оның шығармаларын орындау бойынша конкурстар, флеш-мобтар, челлендждер және басқа да әртүрлі форматтағы көптеген іс-шаралар жоспарланған.

Мемлекеттік комиссияның отырысында Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ ректоры Ер­лан Сыдықов ғылыми-зерттеу жұ­мыс­­тары жөніндегі ұсыныстары бойынша сөз сөйледі.

Абай мұрасын жүйелеу және жаңаша сапалы ғылыми зерделеу мақсатында Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ базасында «Абай академиясын» ашу, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемін ұлғайту қарастырылған.

Алдағы жылы Абайдың шы­ғар­машылық мұрасы және мерей­тойлық тақырып еліміздің жетек­ші бұқаралық ақпарат құрал­дарының медиа жобаларында, интернетте және әлеуметтік же­лілерде айрықша орын алуы керек. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың қолдауымен және бүгінде жа­һандық сипатқа ие болған #Мен­Абайдыоқимын челленджі әлеу­меттік желілерде ойдағыдай жал­ғасын табуда.

Ойшылдың мұраларын цифр­лау және электронды форматқа көшіру шеңберінде «Абайтану» бойынша бейне және аудио дәріс­тер топтамасы әзірленіп, «Абай әле­мі» порталы (www.abaialemi.kz) жаңғыртылады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев атап өт­кен­дей, масс-медиада және интер­нет желісінде кең түрде тарату арқылы ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бір­неше телевизиялық және радиобағ­дар­ламалардың, арнайы хабарлардың және басқа да медиа өнімдердің шығарылымы жоспарлануда.

Осыған орай Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Шымкент қалаларының әкім­деріне Абайдың 175 жыл­дық тойын мемлекеттік ақпа­раттық саясаттың міндетті тақырыптық тізіліміне енгізуді және бұл жұ­мысқа республиканың және өңірлердің ең танымал БАҚ-тарын тартуды тапсырды. Сондай-ақ АҚДМ және әкімдерге 2020 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы шығармашылық одақтар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұлы ақынның мұрасын насихаттау жөніндегі жобаларына кең түрде қолдау көрсетуді тапсырды.

Мерейтой аясында «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешені мен Абайдың музей үйін, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығын реставрациялау жоспарланған.

Сонымен қатар отырыс барысында Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниял Ахметов атап көрсеткендей, облыстың күші­мен Ақшоқыдағы Құнанбай әуле­тінің қорымы абаттандырылып, жөнделеді және Абай ауда­нын­дағы бірнеше жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік комиссияға Мем­лекет басшысына үш баста­мамен шығуды ұсынды: Семей қаласындағы әуежайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сый­лықты Абай атындағы мем­лекеттік сыйлық деп өзгер­ту; Қазақстанның елшілік­тері­нің базасында «Абай орталық­тарын» құру.

Үкімет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайын­дық және оны өткізу жөніндегі жал­пы­республикалық жоспардың жобасын Мемлекеттік ко­мис­сияның қарауына 2019 жылдың 1 қазанына дейін енгізуі тиіс.

Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жыл­дық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік ко­мис­сияның да отырысын өткізді.

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бірінші тұр. Оның мұрасы әлемдік өркениеттің игілігі болып табылады, – деп атап өтті Мем­лекеттік хатшы отырыстың ашы­луында.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ға­лым Мұ­танов, Сыртқы істер минис­трі­нің бірінші орынбасары Мұх­тар Тілеуберді, Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дәу­рен Абаев мерейтой аясында жос­пар­ланған жобалар туралы баян­дады.

Мерейтой шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің базасында онлайн журнал шығару арқы­лы фарабитанушылардың халық­аралық орталығын құру жоспарлануда. «Әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ірі ғы­лыми конференцияға дайындық басталды. Ұлы ұстаздың еңбек­тері аударылып, жарыққа шыға­ры­лады, деректі фильмдер мен телерадио бағдарламалар түсіріледі. Еліміздің барлық жоғары оқу орындарында, ғылыми және мәдени ұйымдарында халқымыздың даңқты тұлғасының мұраларын насихаттауға бағытталған конференциялар, симпозиумдар және басқа да көптеген білім, мәдени акциялар өтеді.