Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2019

Моңғолиядан тағы да көш келді!

1325 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

– Менің отбасым 82-дегі қарт әжеммен, 6 баламен елге орал­дық. Үлкен балам мектеп бітіріп келді. Ағылшын тілін жақсы меңгерген. Кішкентай балам енді 3-сыныпқа барады, – дейді Кенжехан Төлеу. Кенжехан Төлеумен бірге, Кәмелхан Амандық, Дәлелхан Қуаныш, Хасым Жанаргүл, Қуанбай Аманбол, Жұпархан Аманбек сияқты отбасыларының әрқайсысы 5-6-дан ұл-қыздарын жетелеп елге жетті. Бізді ауыл мектептерінің балаға толатыны қуантады.

Моңғолиядан тағы да көш келді!

– Бұл көш Дүниежүзі қа­зақ­­тарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры ком­мер­циялық емес АҚ-тың іс-ша­ра жоспарларын жүзеге асыру мақсатында Моңғолияның Қоб­­да, Баян-Өлгий аймақта­ры­нан атамекендеріне келіп жет­­ті. Әлеуметтік, тұр­мыс­тық жағ­­дайларына байланысты өз­дігінен көшіп келе алмайтын көп балалы отбасылар қауым­дас­тыққа елге көшіріп алу туралы өтініш білдірген еді. Бар ойлары – алғашқы лекпен көшіп кеткен атамекендегі туыстарына қосылу, ұрпақтарын ата-баба жерінде өсіріп жеткізу, – дейді жер­гілікті филиал басшысы Болат Зауыт.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы Елбасы тапсырмасына сәйкес «Шетелдегі этностық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, елімізде «Отандастар» қоры КЕАҚ құрылғаны белгілі.

Өңірімізге ағайындар «Отан­дас­тар» қоры КЕАҚ демеу­ші­ле­рі­нің тікелей қаржысы арқылы Болат Зауыт басқаратын облыс­тық филиалдың ұйымдастыруы­мен көшіп келді.

Моңғолиядағы ағайындардың елге көшіп келе алмауларының та­ғы бір себебі, отбасы мүшелерін және отбасының тұрмысқа қа­жетті қолданыстағы дүние-мүлік, жеке үй жүктерін Алтай өлкесі Ташанта кеден бекеті арқылы шека­радан алып өтуде кедергілер кездесіп, тосқауыл қойылып кел­ген-ді.

– Енді мұндай келеңсіз жағ­дайларды болдырмау үшін «Отандастар» қоры КЕАҚ басшылары, Омбыдағы еліміздің Кон­сулдығы қызметкерлерінің қол­дауымен ағайындарды жүк­тері­мен бірге аман-есен елге жеткіздік, – дейді Болат Зауыт.

Болат Зауыттың айтуынша, 80 адамы бар 13 отбасын өңірге көшіріп әкелген. Көшіп келген әр отбасы тұрмысқа қажетті қол­­­да­ныстағы дүние мүлік, 800 кило же­ке үй жүктерімен жолға шық­қан.

Көштің қатарында жасөспірім оқу жасындағы 46 бала, 4 студент, 29 еңбек жасындағы мұғалім, механизатор, ветеринар, дәрігер, басқа да мамандық иелері бар.

Ал Қобда және Баян-Өлгий ай­мағынан қоныс аударған аға­йынды облыс әкімдігі, жұ­мыс­­­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­ма­сының басшылығы қар­сы алды. Елге оралған қандаста­рымыздың құрметіне арнап дас­тарқан жа­йылды.

Бұған дейін де өңірімізге «Нұр­лы көш» бағдарламасы ая­сында облыс әкімдігі мен «Отандастар» қорының жұмыс ба­ры­сында 330 адам көшіп кел­ген-ді. Көш жал­ғасуда. Бос жат­қан ауылдарға көш келсе, орта тола­ды.

Енді көшіп келген отбасы­лар облыс орталығындағы «Орал­мандарды уақытша бейім­деу орталығында» бір апта демалады. Осы жерде құқықтық кеңестер алып, құжаттарын ре­сімдеп, дәрі­герлік тексеруден өтеді.

Қауымдастықтың филиалына алдын ала ұсыныстарын білдірген өңірдегі ауылдарға ба­рып шаруа кожалықтарының жұмысымен танысады.

– Ағайындарымыз барып, ор­­нығып тұрғылары келсе Екі­бастұзға қарайтын Әлкей Мар­ғұлан атындағы ауылға 48 адамы бар 9 отбасы, Павлодар ауданына 2 отбасы, Ақсу қаласының Дос­тық, Ақжол ауылдарына 2 от­басы, қалғандары Тереңкөл, Май аудандарына қоныстанатын болады, дейді Болат Зауыт.

Сөйтіп, елге көшіп келген от­ба­сылары түгелдей биылғы орал­­мандардың өңірлік кво­та­сына кіріп, мемлекет тара­пы­нан әр адамға 88375 теңге, бір жыл бойы үй жалдап тұратын қара­жат беріледі, балалары оқу­мен толық қамтамасыз етіліп, ең­бек жа­сындағылар жұмысқа орналасады.

Облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар басқарма­сы­­ның басшысы Қайрат Нұр­мағамбетовтің айтуынша, барлық бейімдеу жұмыстары біткен соң, Тереңкөл, Май аудандары, Екібастұз, Ақсу ауылдық аума­ғының жергілікті әкімдік өкіл­дері келіп, қандастарды ауылдарына алып кетеді.

– Ағайындарға ауылдарда үй беріледі. Үйді жалдап тұруына біз 1 жыл бойы жалдау құнын тө­­лейміз. Егер ол үйді сатып ала­­­мыз десе, алғашқы жарнасы ре­тін­де сол 1 жылдық жалдау құ­­­нын береміз, – дейді басқарма бас­шысы.

Елге ел қосылса – құт.

Жыл соңына дейін өңірімізге Қытай, Моңғолия, Қа­ра­қал­пақ­стан, Ресейден тағы 300 адам­ келеді деп жоспар­лан­ған. Мем­лекет тарапынан кө­шіп келген­дердің жол шығыны өте­леді. Бұл жолғы қоныс аудар­ған­дардың әрқайсына 88500 тең­геден қаржы бөлінген.

– Ол жақта еш жамандық көр­медік. Бірақ өз еліміздің ортасында болайық, бала-шаға атамекенде өссін деп келдік, – дейді Кен­жехан Төлеу.

Павлодар облысы