Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2019

Жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашады

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жолдау мәдениет, руханият саласы өкілдеріне ерекше жігер беріп отыр. Қай­сы елдің, қайсы халықтың болмасын тарихы мен тамырын танытатын бас­ты құндылығы – тілі, мәдениеті, әдебиеті, рухани қазынасы екендігі даусыз.

Жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашады

Осы орайда Жолдаудағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» деген жолдардың астарында үлкен әлеуметтік мән жатыр. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін көтере түсу әрбіріміздің азаматтық парызымыз.

Президент мәдениет қыз­мет­кер­ле­рінің, соның ішінде кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің еңбек­ақы­сының соңғы жылдары мүлде көбей­мегендігін, соның салдарынан жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмай келе жатқандығын ашық айтты. Соның салдарынан мәдениет лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезіліп отырғандығына баса мән бере келе, «Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек» деп мәселенің түйінін тарқатудың нақты шешімін көрсетті.

Келесі жылы ұлы ғұлама, данышпандарымыз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары аталып өтпек. Осынау маңызды оқиғаларға дайындықты бас­тай отырып, «ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек» екендігі де орынды көтерілді.
Президенттің бұл Жолдауы әлеу­меттік жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашып отыр.

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты