Спорт • 10 Қыркүйек, 2019

Ардагерлер әлі жарысқа қатысады

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Өскеменде облыстық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен ардагерлердің спартакиадасы өтті. Оған қалалар мен аудандардан 200-ден астам адам қатысты.

Ардагерлер әлі жарысқа қатысады

Спорттың 8 түрі бойынша өткен спартакиаданың ашы­луында облыстық дене шы­нық­­тыру және спорт басқар­ма­сының басшысы Денис Рыпаков, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы, қол күресінен Әлемнің үш дүркін чемпионы Мұқан Ағзамов сөз алып, жасы қырықтан, тіпті 90 деген жастың асуынан асқан қарияларды құттықтап, оларға зор денсаулық тіледі.Спорттың 8 түрі бойынша өткен спартакиаданың ашы­луында облыстық дене шы­нық­­тыру және спорт басқар­ма­сының басшысы Денис Рыпаков, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы, қол күресінен Әлемнің үш дүркін чемпионы Мұқан Ағзамов сөз алып, жасы қырықтан, тіпті 90 деген жастың асуынан асқан қарияларды құттықтап, оларға зор денсаулық тіледі.

– Спартакиаданы өткізудегі мақсат – саламатты өмір салтын наси­хаттау, кезінде спортпен шұғылданып, ел намысын абыроймен қорғаған қариялардың қазір де қатардан қалмай жастарға үлгі көрсетіп жүргенін дәлелдеу, – дейді Мұқан Ағзамов.

– Мысалы, Николай Васильевич Немчинов 93 жаста. Ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1957 жылы Мәскеуде өткен КСРО чемпионатында 57 килода қола медальға ие болған, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. 92 жастағы М.Мамиев, 87 жастағы Нина Александровна Слукина бұл күндері де бұқаралық спортпен мықтап шұғылданып жүр. КСРО спорт шебері, одақтық, еларалық чемпионаттарда сан мәрте топ жарған Рахымғазы Көшербаевтың шәкірттері де спартакиада көрігін қыздырды. Бұл жолы әйелдер спорттық жүрістен, дойбыдан, ерлер 400 метрге жүгіруден, қол күресі, волейболдан, ең егде жастағылар гір көтеруден өнер көрсетті.Гір көтеруде 93 жастағы Н.Нем­чинов 8 келі болатын гір тасын 44 рет көтеріп, чемпион атанды. Бір ғасырға жуық ғұмыр жаса­ған қарияның қарқыны сүйсінтеді, гір тасын ұршықтай иіреді.

– Спорт – менің жан серігім, өмір бойы спортпен шұғылданып келемін. Таңертең ерте тұрып, жаттығу жасаймын, таза ауада жүгіремін, шылым шекпеймін, араққа құмар емеспін, – дейді қария.

Ал 60, 80 жастағылар арасында Қуаныш Қиарыстанов жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындарды Дінислам Шакиртов, Қуаныш Баяндин иеленді. 80 килода С.Левченко, Ю.Щуров жүлдегер атанды.Жасы қырықтан асып, елуге таяған ерлер арасындағы 400 метр­ге жүгіруде Рахымғазы Көшер­баев­тың шәкірттері Дінислам Шакиртов, Қайрат Қабдолдин, Қуаныш Баяндин жүлделі орындарды бөлісті. Ал әйелдер арасында 1 шақырымдық жаяу жүрісте Елена Либерт бірінші болып мәреге жетті. Одан кейінгі орындарды Әсем Дүсі­пова, Ақерке Қабдировалар ие­ленді.

Волейбол ойындары да тартыс­ты өтті. Оған 8 команда қатысып, Өскеменнің ҮМЗ командасы қарсылас шақ келтірмеді. Екінші, үшінші орындарды Өскемен волейбол клубы және Ұлан ауданының кұрамасы иеленді. 400 метрлік ерлер арасындағы қашықтықта Д.Шакиртов чем­пион атанды. Оның уақыты 1 минут 01 секунд. Қайрат Қабдолдин мен Қуаныш Баяндин екінші, үшінші орындарға табан тіреді.Дой­бы­дан әйелдер арасын­да­ғы жарыста Сәуле Бей­сем­баева бірінші орынды ие­ленді.

С.Логиновская мен Н.Слукина  – күміс және қола жүлдегер атанды. Жүлде алғандарды Мұқан Ағзамов пен облыстық дене шынықтыру және спорт бас­қар­­масының басшысы Денис Рыпаков құттықтап, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. Облыстық «Динамо» спорт қоғамын 30 жыл бойы бас­қарып, ондаған Әлем чемпионын қанат қақтырған Борис Александрович Шалпаковты 80 жасқа толған мерейтойымен спорт басшылары құттықтады. 

Оңдасын Елубай,

журналист
Шығыс Қазақстан облысы