Спорт • 10 Қыркүйек, 2019

«Астана» қай елдің командасы?!

1243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егемен еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанның намысын қорғап жүрген «Астана» деп аталатын кәсіби футбол клубын жұрттың бәрі жақсы біледі. 2009 жылы құрылған бұл команда бес рет ел чемпионы атанып, үш рет Кубок пен төрт рет Суперкубокты жеңіп алған. Кәрі құрлықтағы байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсетіп жүр. Чемпиондар лигасының топтық бәсекесінде өнер көрсетумен қоса-қабат Еуропа лигасының 1/16 финалында ойнаған. Биыл да Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Тіл-көзіміз тасқа дегенімізбен, мына бір жағымсыз жағдаят еріксіз жағамызды ұстатады.

«Астана» қай елдің командасы?!

Клубтың жылдық бюджеті 32-35 миллион АҚШ долларын құрайды. Сол қыруар қар­жы-қаражаттың басым бөлігі шетелдіктердің есепшотына түсіп отырғаны да белгілі. Өкі­нішке қарай, «Астананың» аты өзіміздікі болғанымен, заты басқа болып тұр. Бұлай дейтініміз, осы команданың президенті Пол Эшуорт (Ұлыбритания) пен бас бапкері Роман Григорчук (Украина) мырзалардан бастап, оған мүше 18 ойыншының тең жартысы – легионерлер.

Санамалап көретін болсақ, қорғаушылар Антонио Рука­вина (№2) – Сербия, Жарко Томашевич (№6) – Босния және Черногория, жартылай қор­ғаушылар Дорин Рота­риу (№9) – Румыния, Рунар Мар Сигурьонссон (№10) – Ислан­дия, Марин Томасов (№14) пен Лука Шимунович (№24) – Хор­ватия, Иван Маевский (№18) – Беларусь, шабуылшылар Фир­мин Мубеле (№19) – Конго Де­мократиялық Республикасы, Ран­гело Янга (№32) – Нидерланд елдерінің азаматы. Тағы екеуіне, дәлірегі сербиялық қақпашы Ненад Эрич (№1) пен ресейлік қорғаушы Евгений Постниковқа (№44) Қазақстан азаматтығы берілген. Бұған Түркияның Конья қаласындағы «Коньяспор» клубына таяуда ғана ауысқан Босния және Герцеговинаның өкілі Марин Аничичті қосыңыздар.

Қалған жетеуі ғана таза қа­зақстандық, соның ішінде екеуі ғана нағыз қазақ. Олар – қақпашы Александр Мокин (№35), қорғаушылар – Абзал Бейсебеков (№15), Юрий Логвиненко (№27), Дми­трий Шомко (№77), жартылай қор­ғаушылар – Серікжан Мұ­жықов (№7), Юрий Перцук (№28), шабуылшы – Роман Муртазаев (№45). Кейде сол қос қандасымызды да жасыл алаңға шығармай қояды. Бірауық бізге елордалық клубтың ойын­шылары: «Барлық елдердің легио­нерлері, бірігіңдер!» деп ұрандайтындай сыңайлы көрінеді. Айналайын, ағайын, әділдігін айтыңыздаршы, сонда «Астана» қай елдің командасы болғаны?!

Кезінде Қазақстан футбол федерациясы Шымкенттің «Ор­дабасы» кәсіби футбол клубына көрсетілген лимиттен артық легионерлер алып қойғаны үшін қомақты көлемде қаржылай айыппұл салумен бірге Еурокубок бәсекелерінен шет­теткені естеріңізде шығар. Дәл сондай тәртіптік жазалау шаралары «Астанаға» келгенде неліктен жүзеге аспай қалатыны түсініксіз. Сіздер бұған не дейсіздер, жанкүйер қауым?!

Әбдісаттар ӘЛІП,
спорт журналистері арасындағы Республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты

ШЫМКЕНТ

Соңғы жаңалықтар