Спорт • 10 Қыркүйек, 2019

Эльбрусты бағындырған ер

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отыз сегіз жастағы сырымдық Исатай Темірбаев әлемнің «жеті шыңына» кіретін әйгілі Эльбрус тауына шығып, теңіз деңгейінен 5642 метр биіктіктегі Кавказ бен Еуропаның ең биік нүктесін бағындырды. Темірбаевтың Батыс және Шығыс биігіне шығуы 5 қыркүйек күні сағат 09:30-да тіркелді.

Эльбрусты бағындырған ер

Эльбрус тауын бағындыру үшін 30 қазақстандық Орал қаласынан тамыз айының 28-і күні жеңіл көлікпен аттанған. Кабардин – Балқар республикасына жеткеннен кейін олар әуелі Чегем тауына, кейін «105-нші пикет» шыңына шығып, климатқа бейімделу шараларынан өткен.

– Алғашқы күндері араға күн салып, тынығып, 3000 метрдің шамасындағы биіктіктерге шығып, кері түсіп жаттығып жүрдік. Тауға шыққан үшінші күні тобымыз 5100 метр биіктікке көтерілді. Осы күн әуесқой альпинистердің көбіне қиын соқты. Ауа қысымының қатты болуынан жүрек айну, лоқсу басталды.

Таудың шыңына шығуға 10 сағаттың үстінде уақытымыз кетті. Команданың 13 мүшесі ғана бұл биікке жетті. Эльбрусты бағындырудағы басты мақсатым – өзімді сынап көру болды, – дейді Исатай Темірбаев.

Айта кетейік, Исатай Темірбаев – саламатты өмір салтын ұстанатын жандар­дың бірі. Орал қаласындағы «UralskRuns» жүгірушілер тобының мүшесі ретінде түрлі марафондарға да тұрақты қатысып тұрады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы