Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2019

Сүмбіленің «салқыны»

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күзгі ауа райы ақмолалық диқандар үшін тым қолайсыз болып тұр. Көкшетау мен Қорғалжынның аспанын қорғасын бұлт қаптағалы он күнге жуық.

Сүмбіленің «салқыны»

Егін алқаптары сүмбіленің суынан әбден езіліп, дән ормақ түгілі, қарға адым жер аттаудың өзі мұң болып қалды. Қаптай жауған жауын қаптаған қиындықтарды ала келді. Биыл облыс диқандары 4 384 000 гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңірген болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, әзірге 960 мың гектар алқаптың астығы ғана жиналған. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналуда. Синоптиктер қыркүйек айында күн жылы әрі ашық болады деген болжам айтқан болатын. Ол үміт ақталмады. Енді сәрсенбіден кейін сәті түседі деп үміттендіріп отыр. Ел ішінде егінге алаңдаушылық басым.

Облыстағы ең көп егістік алқабы Жарқайың ауданында. Бұл ауданда күні бүгінге дейін 97,8 мың гектар алқаптың егіні жиналып, 84,1 мың тонна астық бастырылды. Ауданның агроөнеркәсіп кешенінде ауыл шаруашылығын жүргізудің қазіргі заманғы жүйесі құрылған. Биыл аудан диқандары 635,9 мың гектар алқаптың астығын жинап алуды жоспарлағанымен, әзірге сүмбіленің жаңбыры мүмкіндік беретін емес. Мемлекет тарапынан диқандарға тәп-тәуір көмек көрсетілді. Оның ішінде тұқым шаруашылықтарына 13,7 миллион теңге субсидия төленді. Тек гербицид бойынша субсидия төлеуде бірқатар қиындық туындап отыр. Қазір ауданда арпа әупірімдеп жиналуда. Шығымы көңіл көншітерлік емес, бар болғаны 8,6 центнерден айналуда. Жауапты кезеңде күн-түн демей жұмылдырылатын 940 астық комбайны қаңтарылып тұр.

Диқандардың айтуына қарағанда, биылғы астықтың шамадан тыс ылғалды болуы көп қиындық тудырмақ. Әсіресе, шағын шаруашылықтардың шығыны шаш етектен. Өйткені, астық қабылдау кәсіпорындары өнімді кептіру үшін қыруар қаржы сұрайды. Ал, ылғалды дәнді сақтау да қиын. Жатып қалса, шіріп кетеді.

Сүмбіле басталғалы он күн бойы облыс диқандары қаңтарылып тұр. Ендігі арада астық кептіретін құрылғыларды көбейту керек. Онсыз аз ғана астықтың өзін сақтай алмай қалуымыз әбден мүмкін. 

 

Ақмола облысы