Биылғы жазғы демалысын кейбір азаматтар біразға дейін ұмытпас. Себебі көпшілігінің уақыты әуежай мен темір жол вокзалы маңында билет іздеп, сабылумен өтті. Бұл жағдай жолаушылардың жүйкесін әжептәуір тоздырды. Ақыры қолдан жасалған тапшылық және қымбатшылық мәселесі жоғары жаққа дейін жетті. Өкініштісі сол, біздегі мемлекеттік басқарудағы олқылықтың бірі Президент, иә болмаса Үкімет басшысы тапсырма бермейінше жауапты органдар тиісті міндеттерін атқаруға қауқарсыз.
Кешегі баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Айбек Әлжанов қымбатшылықтың негізгі себебі ұшақтардың жетіспеушілігі мен авиаотын бағасының күрт шарықтауы екенін алға тартты.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Жалпыұлттық шаралар жоспары әзірленуде. Жолдауда әуе билеттерінің қымбаттығы жөнінде де айтылды. Мұның негізгі себебі – ұшақтардың жетіспеушілігі мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауында. Ахуалды реттеу үшін және тариф құнын төмендету мақсатында 1-мамырдан бастап «FlyArystan» лоукостерін іске қостық. Енді билет бағасын түсіру үшін «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп, авиапаркті жаңа ұшақтармен толықтыру жоспарланған. Энергетика министрлігімен сұйық отын бағасын түсіру бойынша келіссөздер жалғасады. Отандық мұнай өңдеу зауыттары толық жұмысына кіріскен соң, сұранысымыз өтелуі тиіс, деді А.Әлжанов.
Ал темір жол билеттерінің тапшылығы турасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов түсіндіріп берді. Ол бұл мәселенің ушығуына алыпсатарлардың тікелей қатысы бар екенін жоққа шығармады.
– Қолдан жасалған билет тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. Алыпсатарлармен күрес күшейтіліп, жағымсыз динамиканы түсіру бойынша жұмыс қолға алынды. Темір жол тасымалындағы тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу үшін жол картасы қабылданды, деді
Ж.Тайжанов.
Спикер биыл 63 жолаушылар вагоны сатып алынғанын айтты. Оның 41-і елге жеткізілді. Қыркүйектің соңына дейін тағы 23 вагон әкелінбек. Жауапты орган өкілі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін жыл сайын 150 вагоннан сатып алу қарастырылғанын жеткізді.