Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2019

Қылқалам ұшындағы келісім

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бурабай баурайында «Qazaqstan. A la Prima» форумдары шеңберіндегі «Бурабай аңыздары» тақырыбында суретшілердің халықаралық форумы өткізілді.

Қылқалам ұшындағы келісім

Көз ұшында етегін мәңгі жасыл қа­ра­ғайлар мен қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген Бурабайдың бей­несі. Ұйыса өскен қалың орманның қыратқа өрлеген тұсында Сарыарқаның самал желімен тербелген биші қайыңдар билеп тұр. Он сан түрлі бояу. Әлде одан да көп пе екен? Тылсым табиғаттың тұнығын сол қалпында қотарып алып, кенепке көшіргендей.

Сурет өнері шын мәнінде құ­дірет-ау! Қазақ даласының көр­кем пұшпағын келісті суреттен көр­генде жүрек шымыр­лап кетеді екен. Халықаралық форумға бірі­нен бірі өткен, кілең сайдың тасындай суретшілер жиналыпты. Корея, АҚШ, Голландия, Қыр­ғызстан, Германия, Түр­кия, Вьетнам, Ресей, Өзбекстан ел­де­рінің суретшілері. Мұндағы негізгі мақсат – ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған киелі жер­лерді бейнелеу өнері арқылы барша әлемге таныту.

Қазақ топырағына табаны тұңғыш рет тиген америкалық суретші Alan Skalaski көрікті өңірдің көркем бейнесі Амери­каның солтүстік өңірлерін еске салады дейді. Бәлкім сондықтан да етене жақын тәрізді. Нью-Джерси штатында дүниеге келген 26 жастағы суретшінің Қытай елінде оқып жүргеніне үш жыл бо­­лыпты. Ал сурет өнері ес біл­гелі жан жүрегін баураған дү­ниесі.

– Нұр-Сұлтан қаласынан Бу­ра­байға сапар шектік. Жолдың қос қапталы жанарың жетпес ке­ңістік. Не деген мол дүние?! Американың солтүстік-батыс, солтүстік-орталық бөлігінде дәл­ осын­дай көріністі көруге бо­­лар еді. Тіп­ті мынандай көр­кем көріністі сурет тілі­не көшіру суретшіге де оңай шы­ғар. Назар салып қарасаңыз, қанша­ма қанық бояу, анық кескін мен­мұндалап тұрған жоқ па? Фо­рум аясында төрткүл дүниенің төрт бұрышынан келген сурет­ші­лермен танысып, пікір алмасып, тың ақпарат алуға мүмкіндік ту­ды. Осының өзі өте пайдалы дү­ние, – дейді  Alan Skalaski.

Ал Германиядан келген таны­мал су­ретші Хеттик Роберт Тә­жікстанда дүние­ге келген екен. Қа­зақ­­станның жайымен етене таныс.

– 2005 жылы Берлинде өт­кен көрмеге қазақстандық суретші­лермен бірге өз туындыларымды қойған болатынмын. Кейін де сан мәрте көрмелерде кез­десіп жүр­дік. Германияда қазақ ел­­­шілігінің ғимаратындағы екі үлкен қабырғадағы қазақ даласынан сыр шертетін тарихи су­рет­терді салуға атсалыстым, – дейді су­ретші.  

Аймақаралық мәдени байла­ныс­ты нығайтып, туризмді дамыту үшін аса қолайлы өңір саналатын Бурабай ку­рор­тының мәртебесін арттыруды көз­дейтін форумның басты мақсаты көрікті жерлерді сурет тілімен айшықтау ғана емес, өнегеге толы бай тарихымызды бар әлемге таныту.

Форум нәтижесінде әр сурет­ші өзінің екі туындысын облыс жұрт­шылығына тар­ту етпек. Соңғы түйін «Көкшетау» мәде­­ниет сара­йында өтетін қоры­тынды көр­меде түйілмек. Енді әлем жұртшы­лығы еліміздің өт­кені мен бүгінін, ажар­лы бей­несін, базарлы болашағын бар­шаға ұғынықты сурет тілі ар­қылы түй­сініп,  танитын болады.

 

Ақмола облысы