Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2019

Жолдау өңірдің әр тұрғынына жетуі тиіс

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын талқылау үшін актив жиналысы өтті. Оған облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, саяси партиялар филиалдары, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты. Аудандар мен қалалар әкімдері мен активі бейнебайланыс арқылы қосылды. Еліміздің одан әрі дамуы үшін жүйелі реформалар жүргізудің қажеттігін айқындап берген Жолдауды талдауға олар белсенді атсалысты.

Жолдау өңірдің әр тұрғынына жетуі тиіс

– Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасын негізге ала отырып, ең алдымен халықтың игілігі үшін қыз­мет ететін үйлесімді мемлекет құруға бағыт алды. Бұл мақ­сатқа халық пен билік арасында тұрақты диалог құру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Жолдауда ұлттық экономика мен бизнесті, инфрақұрылымды дамытудың маңызды міндеттері, халықтың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешу міндеті қойылды. Сондықтан баршамыз бірігіп, Жолдауда белгіленген өзекті мәселелерге сүйене отырып, әр салада нақты жоспарлар құруға тиіспіз, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Актив жиналысында өз пі­кірін білдірушілер Жолдауда ай­тылған мәселелердің өзек­ті­лігіне тоқталды. Облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының басшысы Гүл­нәр Әбенова Президенттің әлеу­мет­тік аз қамтылған отбасыларын де­меу жөнінде айтқанын сөз  етті.

– Жолдауда көп балалы отбасыларды  баспанамен қам­тамасыз ету мәселесі айтылды. Біз­дің облыста «Нұрлы жер» мем­лекеттік бағдарламасы аясын­дағы «Бақытты отбасы» бағыты бойынша әлеуметтік әлжуаз отбасыларының баспаналы болуы үшін 10 пайыздық алғашқы жарнасымен 2 па­йыз­дық жылдық үстемесі бар жеңілдетілген кредитпен алдағы үш жылда облыста 600 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкке» қазірдің өзінде 190 өтініш берілді, – деді Гүлнар Әбенова.

З.Алдамжар атындағы Қостанай техникалық-әлеуметтік университеті жанындағы ғылы­ми-зерттеу институтының дирек­торы, заң ғылымдарының док­торы Сергей Жалыбин Прези­дент Жолдауындағы ауыр қыл­мыстарға қарсы заңды қатайту туралы мәселелерге тоқталды.

– Жолдау уақыттың сипатына да, халық көкейіндегі ойларға да жауап береді. Қазақстанда жасалған ауыр қылмыстар қоғамды түршіктіріп отыр. Жы­ныстық зорлық-зомбылыққа, есірткі саудасына, педофилияға, басқа да ауыр қылмыс түрлеріне қарсы заңды қатайту қозғалды. Заңды қатайтуға байланысты қоғамда қылмыс жасалмаса да «қарасы жұғып», бопсалау фактілері орын алуы мүмкін деген пікірлер естіліп қалып жатыр. Жолдауда айтылған талаптардан мұндай мәселелер туындауы тиіс емес. Бұл жерде әңгіме тек істелген ауыр қылмыстың жазасы туралы ғана болып отыр, – деді Сергей Михайлович.

Сонымен қатар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Роза Горянная облыста «Ең­бек» бағдарламасы бойынша осы жылы 77 жобаға 800 мил­­лион теңге шағын кредит беріл­генін айтты. Келер жылдан бас­тап микро және  шағын кәсіп­кер­лердің үш жыл бойы салық­тан босатылуы олардың жұмы­сын жеңілдетіп, бизнестің эконо­микалық және әлеуметтік жа­уап­кершілігін көтеруді тезде­теді.

Талқылауды қорытын­ды­лаған облыс әкімі Архимед Мұ­хамбетов Жолдауды халыққа түсіндіру жұмыстарының барынша тез және тиімді ұйым­дас­тырылуына қатысты  тапсырмалар берді.

 

ҚОСТАНАЙ