Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2019

Д.Абаев: Министрлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға дайын

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Astana Media Week іс-шарасының ашылуында айтты.

Д.Абаев: Министрлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға дайын

Министр Д. Абаев медиапталықтың негізгі мақсаты - ел тұрғындарының медиасауаттылығын арттыру, медиамәдениетті қалыптастыру екеніне тоқталды.

«Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда медиа саласының атқарар маңызы зор. Осы орайда, еліміздің ақпараттық құралдары алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол Елбасы бастаған, Мемлекет басшысы қолдап отырған саяси-экономикалық және Рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру. Astana Media Week диалог алаңындағы негізгі мақсаттардың бірі - сіздер бір-бірлеріңізді танып, пікір алмасады деген ниет. Осылайша, еліміздің медиа саласын әр тараптан емес, ортақ мүдде аясында дамыту деген тілек бар. Бұл ауқымды шараның көздеген тағы бір мақсаты - ел тұрғындарының медиасауаттылығын арттыру, медиамәдениетті қалыптастыру», деді Министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы министрліктің масс-медиа сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдайтынын атап өтті.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әрқашан дайын. Сіздерді панельдік сессияларға белсене қатысуға шақырып, бүгінгі және алдағы жиындарға табыс тілеймін. Ұялы телефонның теледидармен және басылымдармен бәсекеге түскені баршамызға белгілі. Бұл процесте технологиялық немесе маркетингтік қана емес, этикалық, демографиялық және әлеуметтік-саяси ерекшеліктері де бар. Мойындау керек, мемлекет үлкен және икемсіз бюрократиялық механизм ретінде бұл өзгерістерге біз ойлағандай жедел жауап бере алмай отыр. Сондықтан, біз үшін, мемлекеттік органдар үшін қазіргі өзгерістерге жауап беру үшін сіздердің, кәсіби мамандардың пікірі мен көзқарасы өте маңызды», - деді Дәурен Абаев.