Спорт • 11 Қыркүйек, 2019

Боксшыларымыз әлем чемпионатын сәтті бастады

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатын Қазақстанның ұлттық құрамасы жарқын жеңіспен бастады.

Боксшыларымыз әлем чемпионатын сәтті бастады

Біздің жігіттер арасынан алғашқы болып рингке 81 кило салмақ дәрежесіндегі Бекзат Нұрдәулетов көтерілді. Ол Оңтүстік Кореяның өкілі Хонг Ингпен күш сынасты. Бәсеке басталған бетте қарсыласы екіпнідеп шабуылдағанымен, көп ұзамай қандасымыз оны сабасына түсірді. Екінші раунд Бекзаттың айқын басымдығымен өтсе, үшінші раунда кореялықты нокдаунға түсті. Осылайша, төрешілердің барлығы да қазақ боксшысының мықтылығын мойындады.

Бүгін 63 килодағы Закир Сафиуллин әзербайжандық Бахтияр Газибековпен күш сынасады. 14 қыркүйекте Сәкен Бибосынов (52 кг) пен Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) шаршы алаңға көтеріледі. Бибосынов моңғолиялық Харху Энхимандахпен, Құлахмет Милос Бартл (Чехия) немесе Ми­хаил Остроумовпен (Израиль) кездеседі. 15 қыркүйекте Қайрат Ералиев (57 кг) алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Ол Шарафа Раман (Германия) немесе Йоэль Сегундо Финоль Риваспен (Венесуэла) қолғап түйістіреді. Сондай-ақ дәл сол күні Василий Левит (91 кг) словакиялық Дэвид Мишалекпен сайысқа түсерлееді. 16 қыркүйекте Абылайхан Жүсіпов (69 кг) Вуттичай Масук (Таиланд) \ Долголевец Евгений (Беларусь), ал Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) Гадфа Дрисси (Испания) \ Белберов Петар Руменов (Бол­гария) жұптарының жеңімпаздарымен жұдырықтасады.