Әлем • 11 Қыркүйек, 2019

Қырғызстанның болашақ Білім министрі: Латын алфавитіне көшу идеясын қолдаймын

956 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанның болашақ Білім министрі Қаныбек Исаков қырғыз тілін латын алфавитіне көшіру идеясын қолдайды деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Қырғызстанның болашақ Білім министрі: Латын алфавитіне көшу идеясын қолдаймын

Жоғарғы Кеңестің отырысында депутат Сулаймановтың сұрағына Білім министрі лауазымына үміткер Қаныбек Исаков қырғыз тілін латын алфавитіне көшіру идеясын қолдайтынын мәлім етті. Оның айтуынша, латын алфавитіне көшу идеясы бүгінде түркітілдес елдер арасында талқыға түсуде.

«Бұл негізінен жаһандану үдерісінде түркітілдес елдердің басын қосу үшін қажет. Егер мемлекеттің мүмкіндігі болса, латын алфавитіне көшу идеясын қолдаймын», - деді Білім министрі лауазымына үміткер.

Депутат Қ.Исаковқа қолдау білдіріп, бұл мәселеде Қырғызстан өзге түркі тілдес елдерден артта қалғанын айтты.

«Біздің Қасым Тыныстанов сынды ата-бабаларымыз латынша жазған, алайда біз оның да, басқа да отандастарымыздың тағдырының қалай аяқталғанын білеміз. Барлығы репрессияға ұшырады. Демек, біз латын алфавитін жаңадан енгізбей, жай ғана оған қайтып келуіміз керек», - деді Сулайманов.

Депутаттар жаңа министрге осы мәселеге көңіл бөліп, Парламенттің қолдауымен бастаманы жүзеге асыруын тіледі.

Қ.Исаков бұл мәселеде сатылы түрде жұмыс істейтінін айтты.