Парламент • 11 Қыркүйек, 2019

Мәжілістің кезекті жалпы отырысында не айтылды

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата Қазақстан мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. 

Мәжілістің кезекті жалпы отырысында не айтылды

Бұл келісім еліміздегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Солтүстік инвестициялық банктің қызметін ашуға мүмкіндік береді. Солтүстік инвестициялық банк қаржыландыруының негізгі бағыттары энергетика, «жасыл экономика», телекоммуникация, көлік, өнеркәсіптің түрлі салалары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты секторлар және шағын және орта бизнес болып табылады. Келісімде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделмеген нормалар, атап айтқанда, валютаның айырбасталуы және қаражат аудару, тендерлер өткізу, сондай-ақ Солтүстік инвестициялық банктің активтері мен кірістерін салық салудан босату жөніндегі нормалар белгіленеді.

Сондай-ақ осы күні депутаттар мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша түзетулерге екінші оқылым бойынша оң бағасын берді. Заң жобасын талқылау аясында 775 түзету түсіп, олар мүдделі министрліктер, ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он сегіз отырысында және комитеттің кеңейтілген отырыстарында қарастырылған.

Жалпы отырыста Мәжілістің 5 сессияға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Ол жөнінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палата алдында атқарылатын жұмыстардың көптігін, оның ішінде, парламенттік тыңдаулар, көшпелі отырыстар, конференциялар сияқты басқа да маңызды шаралар қамтылғанын айта келіп:

-Ең бастысы, үш фракция мүшелері, Ассамблея депутаттары баршамыз бірлесіп, сапалы заң шығару міндетімізді өте жоғары деңгейде атқаруымыз керек,- деп атап өтті.

Айта кетейік, жалпы отырыста партиялық тізім бойынша сайланған депутат Нұрлан Әлімжанов ант қабылдап, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.