Тарихыңнан іліп алған түйірдей ғибратың болмаса, алдағы күндерімде арман атаулының небір ғажабын іске асырамын деп астамшылыққа бару тым ағаттық болар еді. Мәселен, кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлық ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын лайықты түрде атап өту керектігіне ерекше мән берді. Бұдан сәл бұрын ел Президенті Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумға қатысқанда Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыруды айрықша тапсырған еді.
Иә, дәл қазіргі уақыт – екі білекті сыбанып, ертеңгі күннің қамы үшін жан аямай еңбек ететін кез. Алайда табан астындағы тарихымызды аттап өтіп, жоғалғанымызды іздемесек, өшкенімізді жандыруға ұмтылмасақ, біздің болашаққа деген көп ісіміздің түбі баянды боларына кім кепілдік берер екен? Ал Президент болса, «Ата-баба аманатына адал болу – бізге сын», деп бұл тақырып төңірегіндегі пікірталасқа қапысыз төрелігін айтты.
«Ел аман, жұрт тыныш» заманымыз ұзағынан сүйіндірсе, мемлекетіміздегі шетін мәселелер ретімен шешіле береріне күмән жоқ. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыстардың жемісін көре бастадық. Жолдауда айтылғандай, ұстаздар мен мәдениет саласы қызметкерлері еңбекақыларының көтерілуі, жалпы халықтың әл-ауқатын жақсарту, ол көксеген мұраттарды, әсіресе ана тілімізді ұлтаралық қатынас тілі дәрежесіне жеткізуді іске асыру жолындағы игі қадамдарды экономикалық тұрғыда даму даңғылына түскен мемлекетіміз назардан тыс қалдырмайды деген сенімдеміз.
Осы тұрғыдан келгенде, ғаламаттығы талас тудырмайтын тарихымызға терең үңіліп, өркениет көшінде тұғыры биік болған даңқты бабаларымызды дүние жүзі мойындайтын деңгейде ұлықтай алсақ, бұл да мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы абырой-беделінің асқақтауына, кешегі мен бүгінгісінің тізгінін тең ұстаған имиджінің тартымдылығы арта түсуіне үлесін аямай қосатын тағылымды іс болмақ.
Думан ӘБДІРАМАНОВ,
«Казцинк» ЖШС ашық тау-кен жұмыстары бойынша бас кенші, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты
Қарағанды облысы