Ведомство басшысы ағымдағы жылғы мамырда 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жаңа ұлттық жоспар қабылданғанын еске салды.
«Біздің бүгінгі басты міндетіміз – барлық деңгейдегі Ұлттық жоспардың шараларын сапалы іске асыру, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету. Олардың өмір сүру сапасын арттыруды, тәуелсіздікке қол жеткізуді, әлеуметтік, кәсіби қабілеттерін сақтауды және өмірдің барлық аспектілеріне қосуды қамтамасыз ету қажет», деді Б.Нұрымбетов.
Бұл ретте министр бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілуі тиіс мұқтаждардың жалпы саны 421,1 мың мүгедек болғанда, барлығы 34,8%-ды құрайтынын атап өтті.
«Қамтамасыз етудің ең төмен көрсеткіштері Шымкент қаласында бар-жоғы 13%; Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 24%; Қарағанды облысында – 26%; Қостанай облысында – 28%. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтендіру деңгейін арттыру, техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін 2020-2022 жылдарға республикалық бюджеттен 58,1 млрд теңге бөлінді. Жергілікті атқарушы органдар оңалтудың техникалық құралдарымен (бұдан әрі – ОТҚ) қамтамасыз ету бойынша бюджет қаражатын тиімді жоспарлауды және игеруді қамтамасыз етуді, оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуы бойынша бақылауды күшейтуі қажет. Біз мүгедектігі бар адамдардың құқықтарына қысым жасауға жол бермеуіміз қажет, оларды қоғам өміріне толық интеграциялау үшін қажетті құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету міндетін шешуіміз қажет. Министрлік осы мәселе бойынша өңірлердің есептерін тұрақты негізде тыңдайтын болады» деп атап өтті Б.Нұрымбетов.
Қажетті құралдармен қамтамасыз етуді жақсарту үшін бүгінде Әлеуметтік қызметтер порталын кезең-кезеңімен енгізу жүргізілуде. Бұл Ақтөбе қаласында іске қосылып, оған 3 медициналық-әлеуметтік мекеме қосылды. Соның нәтижелері бойынша порталды басқа өңірлерде кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр. Бұл 2021 жылға қарай техникалық құралдармен қамтамасыз етуді 70%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ әсіресе ауылдық жерлерде оңалту орталықтарының жетіспеушілігін атап өткім келеді. Бүгінде 11 өңірде (Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы) қарттар мен мүгедектерге арналған 25 оңалту орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 14-і мүгедек балаларға арналған. 6 өңірде оңалту орталықтары жоқ (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары). Осы өңірлерде тұратын мүгедектер әлеуметтік оңалтудың тиісті шараларын ала алмайды. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамту, қоғамға әлеуметтендіру мақсатында өңірлерге олардың тікелей тұратын жерлеріне мүмкіндігінше жақын жерлерде мүгедектер үшін қолжетімділігін ескере отырып, оңалту орталықтарын салуды жоспарлау қажет» деді министр. Сондай-ақ қолданыстағы оңалту орталықтарын заманауи жабдықпен қамтамасыз ету қажеттігін қоса айтты.