Қоғам • 12 Қыркүйек, 2019

Мылтықсыз майдан

1002 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда «байырғы адами құндылықтар жойылып бара жатыр» дегенді әркім айтады. Бұл өте орынды пікір. Қандай бір халық заманға сай өсіп-өркендеп, әлем қауымдастығы алдында өзінің ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу үшін сан ғасырдан бері үзілмей келе жатқан байырғы құндылықтары: салты мен дәстүрі, тілі мен діні, ешкімге ұқсамайтын тұрмыстық һәм рухани қарым-қатынас ерекшеліктері үлкен рөл атқарады. Төтесін айтқанда, рухани-мәдени құндылықтарын сақтай алмаған ұлттың болашағы бұлыңғыр.

Мылтықсыз майдан

Дәл қазір дүние жүзі халықтары арасында ақыл-ой, ғылым-білім, билік-бедел таласы жүріп жатыр. Абайша айтқанда, малға емес, миға талас басталды. Бұл «соғыста» кім мықты сол жеңеді де, оның өмір сүру салты басқаларға үлгі ретінде ұсынылып, жеңілген жақтың құндылығы мансұқталады. Бұл процесті қазіргі әлеуметтанушылар «мылтықсыз майдан» деп атап жүр. Яғни, қарау-жарақ қолданбай-ақ бір ұлтты немесе бір мемлекетті жоқ ету деген сөз. Оны іске асыру жолы қандай?!

Бұл сұраққа жауапты біз – 2002 жылы жарық көрген ресейлік жазушы В.Карповтың «Генералиссимус» кітабынан табамыз. Бұл туындыда 1950-жылдары АҚШ-тың барлау ұйымдарын басқарған Аллен Даллестің доктринасы жарияланыпты. Онда былай делінген: «Соғыс аяқталды, өмір өзінің бейбіт арнасына түсті. Енді біз адам баласын миғұлаға айналдырып жіберуіміз қажет. Әсіресе бұл жұмысты Кеңес Одағынан бастау керек. Адамның миы мен санасы ауытқушылыққа бейім. Сондықтан ондағы халыққа өздерінің байырғы құндылықтарын мансұқ ететін, былық-шылықты көркем түрде тықпалау қажет. Мұны іске асыру үшін олардың ішінен одақтас табамыз да, оның құлағына өткендегі трагедиялық оқиғаларды ызыңдаймыз да отырамыз. Әдебиет пен өнерді байырғы дәстүрінен айырып, халық жадынан орын алған үлгілерді олардың миынан шығарып тастаймыз. Содан кейін әдебиет те, кино да, театр да адам баласының хайуанға тән сезімін оятатын дүниелерді үздіксіз насихаттайтын болады. Осындай шығармалар жазған авторларды көкке көтеріп дәріптеу ісін енгіземіз... Расында төңірегінде не болып жатқанынан хабардар азғана адамның болуы мүмкін. Оларды мазаққа, күлкіге айналдыратын әдіс-тәсілдерді ойлап табамыз...».

Жоғарыдағы доктринадан нендей қорытынды түйеміз? Біріншіден, қашанда заман мен адам ара қатынасы өте маңызды. Адамды тәрбиелеу арқылы заманды түзеуге болады. Яғни, А.Даллестің жоспары адамды аздыру арқылы заманды, қоғамды бұзуға негізделген. Әйгілі шығыстанушы-ойшыл Н.Рерихтің тілімен айтсақ: «Адамзат аурасы негізінен ол мекендеген жер планетасының аурасына айналады». Яғни, заман мен адам аурасы тұтас құбылыс. Атамыз қазақ: «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Елу жыл дегеніміз – бір ұрпақтың толық алмасу кезеңі. Жүз жылда заман өзгеріп, жаңа құндылықтар пайда болады. Осындай кезеңде кім өзінің байырғы құндылығын сақтай алады, соның ұрпағы азбайды, өзі тозбайды. Сақтай алмағандар А.Даллес доктринасының құрбан­дығына айналады.

Екіншіден, қазіргі қазақ қоғамы көп ұлтты. Бұл ерекшелікті ескермесе болмай­ды. Осы орайда елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың біртекті, тең дәрежеде дамуы­на толықтай мүмкіндік туғызбайынша, мем­ле­кеттік аураның тұтастығын сақтай алмай­мыз. Өйткені өзінің байырғы құнды­лы­ғы­нан ажырап қалған ұлттың басқаға жаны ашы­майды. Осыдан барып ұлтаралық келісім бұзылады. Яғни, елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностың кемелденуі арқылы мемлекеттік тұтастық сақталады.

Үшіншіден, адами бірліктің туы – иман­ды­лық, адамгершілік, мінездегі көркемдік пен өмірдегі сабырлық мәселесі аса сауатты түрде қоғамға толық кірігуіне ұмтылған абзал. Иманы бар адам ұлтын, мемлекетін, халқын сыйлайды. Оның бейбіт ғұмыр кешуіне мүдделі болады.

Төртіншіден, өзінің байырғы құнды­лы­ғынан айрылған халықтың руханияты – мәдени геоданизмге ұшырайды. Бұл дегеніміз – өзінің құндылығын қор, басқаның қоқсығын зор тұту деген сөз. Ең қиыны бұндай келеңсіздікке көп жағдайда елдің сая­си элитасы ұшырайды. Атақты саясаткер Збигнев Бжезинский ежелгі Рим империясы сияқты алып мемлекеттердің құлауына себеп болған дүние осы депті. Тіпті алып ел Кеңес Одағының ыдырауына себеп болған дүниенің бірі – мәдени геоданизм екенін әркім біле бермейді.