Жаңа оқу жылының басталуымен балаларды Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова құттықтады. «Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының 23 этномәдени бірлестігі жанында 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Жексенбілік мектептерде сабақтар кешенді және жүйелі түрде өткізіледі», деді Л. Құсайынова.
Армения Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гагик Галачян да балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. «Балалар үшін ең бастысы – сапалы және жақсы білім алу. Қазақстан Үкіметіне көрсетілген көмек үшін алғысым шексіз», деді Г.Галачян. «Ван» армян мәдени орталығының төрағасы Саак Салумян жексенбілік мектепте атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Оның айтуынша, осы жылда армян жексенбілік мектебінде 4 сынып бойынша 40 оқушы білім алады.
«Возрождение» немістер қоғамының ғимаратында да неміс жексенбілік мектебі жаңа оқу жылының ашылуын өткізді. Германиядан арнайы келген мәдениет ассистенті Антон Хаур мерекелік іс-шараға қатысты. Сондай-ақ мектепте «таңғы шеңбер», «танысу» ойындары өткізілді. Кейін балалар үш топтың әрқайсысындағы үш сабаққа қатысты. Бұл неміс тілі, елтану, қолөнер сабақтары болатын. Интерактивті режімде оқушылар алдағы оқу жылынан күтетін үміттері мен тілектері туралы арнайы сабақ өткізді.
«Лад» РСД Астаналық филиалы» қоғамдық бірлестігі орыс жексенбілік мектебі де 2019-2020 жылға арналған жаңа оқу жылына арналған алғашқы сабақтарын өткізді. Бұл жолы мектепке 15-тен аса жаңа оқушы қабылданған. Алғашқы сабаққа жексенбілік мектеп оқушылары, ұстаздары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының мүшелері жиналды. Елордалық ҚХА хатшылығының бас маманы Гүлнар Тайгокова жаңа оқу жылымен құттықтап, орыс жексенбілік мектебінің тәжірибесі мен дәстүрлерін атап өтіп, оқушыларға табыс тіледі. «Лад» РСД Астаналық филиалы» ұйымының төрағасы Николай Шепелюк пен мектеп ұстаздары да мерекелік тілектерін арнады.
Қазақстандағы этностардың жексенбілік мектептері тіл, мәдениет және салт-дәстүрді одан әрі дамыту мақсатында арнайы құрылған.