Қоғам • 12 Қыркүйек, 2019

Жансызға жан бітірген...

681 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бала кезінде қиялға берілгіш еді. Арманшыл болатын. Сурет салуды ұнатты. Бойындағы табиғи бейімділікті ұштаған анасы еді. Жұмысбасты болғандықтан Рүстемді кей күндері үйге жалғыз тастап кететін. Алдына алуан түрлі бояу қарындаштар мен ақ қағаз қояды. Ана жүрегі аңғарғыш қой, ұлының бойында сурет салуға деген бейімділікті тап басқан-ды.

Жансызға жан бітірген...

Бұған басқа ештеңенің қажеті жоқ. Ақ қағаздың бетіне арқырай аспанға шапшыған тұлпарды, зеңгір көкке тік шаншыла өрлей ұшқан қыран құсты салады. Кейде алтын астыққа бөккен сары дала, егін орған ауылдың адамдары. Қимыл бар, қозғалыс бар. Әлгі адамдардың шаң басқан жүзінен қажыр-қайрат көргісі келеді. Жанарларынан от шаштырады. Дала ерлері, қиындықтан қайыспаған төзімді, қайсар ағалар.

Бірте-бірте мүсін жасауға аңсары ауды. Балаң саусақтардан шыққан арлан қасқыры үй іргесінде жататын Майлыаяққа ұқсап кететін. Бірте-бірте айнытпай көшіретін деңгейге жетті. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына жататын Қаратерек ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін анасының бағыттауымен Көкшетау қаласындағы медициналық колледжге түспекші болған. Өз жүрегі жатпағанымен, ананың аманаты іспетті дүние. Кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінің көркемсурет факультетін тәмамдады. Оқып жүріп әскери қызметін өтеді. Осы арада бір қызық жай бар. Әскерден келген соң өзі оған дейін жасап кеткен бұйымдарының әртүрлі байқауларда орын алғандығын естіп, қуанғаны есінде. Алғаш жасаған дүниесі – кәдімгі саба. Құр пішіні, құрылысы ғана емес, көшпелі жұртқа тигізген көл-көсір пайдасын електен өткізген. Сөйтсе, бағзы заманда саба қыршаңқы болып ауырмаған, таза теріден жасалған екен. Қойдың құйрық майымен майланған, қайыңның түтінімен ысталған қара саба. Қара саба көзден бұлбұл ұшқалы сары қымыздың сақталатын ыдысы күбіге айналып, қасиеті күбіге ауды. Бұған керегі қымыздың хош иісі аңқып тұратын, бұл күнде ел жадынан өшкен саба. Орталық базардан тері сатып алды. Әлгі терінің иін қандырып, кәдеге жаратқанша, қаншама қарекет. Ол кезде тері илеудің жөн-жобасын әлі біле қоймайтын. Кейін ел іргесіндегі Ресейдің бергі аумақтарында тұратын нағашыларына барғанда көрді. Кәдімгі ашыған айранмен қатып қалған теріні жібітіп, шелін сылып тастап илейді екен. Бұның жасаған сабасы сәтті шыққан. Сол саба Көкшетау қаласында өткізілген көрмеде ел назарына ілі­гіп­ті. Тарихи-өлкетану мұражайы қол­қалаған. Қызылжарлықтар да тапсы­рыс берген. Көпшіліктің назар ауда­руы құлшынысын арттыра түсті. Бұрын­ғыдай емес ізденіс те молайды. Бүгін­гінің бедері емес, өткеннің өңін бер­мейтін өрнекті тұсы. Сол кезде ел ішінде «тоғыз қыздың жасауын жаса­ған» деп мақталатын әжесінің шеберлігі. Гүлзейнеп әжесі шынында да шебер еді.   

– Манағы бір ретте бала кезімде әжемнің өрмек тоқып отырғаны, киізге түр салып, өң бітірген тұстары көз алдыма елестейді дедім ғой,– дейді қолөнер шебері Рүстем Шарипов,– сондай бір жанға жайлы мамыражай кезеңінде әжем үнемі ән салып отыратын. Бүгінгі күні байыптап қарасақ, жарықтық біздің әжелеріміз таң алдындағы боз­торғайдың жапан даланы жарасымды күйге бөлеп шырылдағаны немесе ақселеудің, изеннің басын мың бұралта шайқап, сайын далада ескен мөлдір самалдай сұлу әуен төгуі табиғатпен үндескендігінде шығар-ау. Әжем сол тұста қолөнер бұйымдарын жасаудан әлдебір байқау өткізілсе, сөз жоқ бірінші орынды шаппай алар еді. Ол кісінің ине-жібінен шыққан ою-өрнектің өзі алуан түрлі болатын. Біз соның бәрін көзімізбен көріп, қолмен ұстап өстік. Сондықтан да жадымызда жатталып қалды. Айталық, «Құс табаны», «Қаз табан», «Бота мойын», «Бұғы мүйіз» тәрізді ою түрлері болатын. Олар бір-біріне ұқсамайтын өзгеше бітімді, бөлек бедерлі бейнелер еді. Қазір зерделеп отырсақ, біздің әжелеріміз осы бір әдемі көріністерді табиғаттың өзінен алған екен. Яки, айнала қоршаған ортаның ешбір қатесіз көшірілген көркем бейнесі. Қолөнерін дамыту арқылы айналадағы тіршіліктің суреттерін мөлдіретіп заттың бетіне түсірді, бедерледі. Өйткені сол кісілер үшін осындай суреттер ерекше ыстық болатын. Жалғыз қолөнер ғана емес, ескі қисса-жырларда да аққудың кербездігі, бұлбұлдың әншілігі, ботаның көздерінің сұлулығы сипатталады емес пе? Демек, хас сурет­шінің қыл қаламынан туындаған сурет сияқты ажарлы сұлу табиғат біздің бабаларымыздың эстетикалық тал­ғамын жетілдіріп, дамытып отыр­ған деуге әбден болады. Сөйтіп, олар өз­дерінің күнделікті тұрмысы мен тұ­рақты кәсібінде жаңағыдай бейне­лерді айнытпай көшіріп, сол таби­ғи қалпында жасандылықтан ада, бедерімен безендірілуін мінсіз қылып, бейнелеуге тырысқан.

1

Рүстем Хасенұлының айтуына қарағанда, шикізаттан тапшылық жоқ. Тек соны өзіміз құнттап игере алмай жатырмыз. Шебер айтса айтқандай, төрт түлік малдың терісі текке жатыр. Қазір ел ішінде мал баққан қауым үшін не қат? Ноқта, жүген, ертоқым қат. Ат әбзелдері қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Ал Көкшетау базарында Ресейден әкелінген, Қырғызстаннан тоғытылған бұйым қаптап тұр.

– Бәрін де істеуге болар еді, – дейді шебер, – тек ұйымдастырып, жолға қойса. Әйтпесе шикізат та, шебер де бар. Көне дүниеге көңіл ауғаннан кейін біздің де жолымыз оңғарыла бастады. Қазір ел ішінде күмістен сақина, білезік, сырға соқтыратындар көбейе бастады. Күмістің де күмісі бар. Оттың табына шыдайтыны. Сондықтан мен күмісті банктен сатып алғанды дұрыс көремін. Көне заттарды жасаудың өзі бір қызық. Алдымен тарихын зерттейсің, бағзы заманда атқарған қызметін ой елегінен өткересің. Сол суреттерді тірілтсең, ел тарихымен астасып жатады. Қазақтың бұрынғы өнері қандай ғажап болған десеңізші?! Шетелдің қайсыбір жылуы жоқ жылтырақтарынан артық.

Бір кезде өзі де ұстаз тұтқан ұлағатты жандардың қамқорлығын көп көрді. Шеберліктерін бойына дарытуға тырысты. Машық қалыптасып, шеберлік шыңдалған соң, бар білгенін кейінгі жастардың бойына сіңіруге тырысуда. Қазір бір кезде өзі білім алған университетте оқытушы болып қызмет ететін Рүстем Хасенұлы ұлтымыздың ұлық өнерінің қайта оралып келіп, халыққа қызмет ететініне бек сенімді.

Шебер жасаған бұйымдарды қайта-қайта көрдік. Бірінен-бірі өткен сымбатты дүниелер. Жаныңа соншалықты жақын. Өйткені ата-бабамыздың мүлкі ғой. Тек сол мұраның мәнісіне жетпей жүргеніміз ғана қиын.