Сөйтіп, ұрылар отбасыма 17 660 000 теңгеге ірі мөлшерде залал келтірді. Мұндайда, әрине, бірден Түркістан қалалық Полиция басқармасына хабарлап, арыздандық. Міне, содан бері бір жарым жыл өтті, ұрылар ұсталмады, тиісінше дүние-мүлкіміз де «жер жұтқандай» із-түссіз жоғалды.
Полиция департаментінің табалдырығын тоздырумен бір жарым жыл өтті. Сондағы еститініміз – ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша, СДТБТ-не тіркеуге алынып, қылмыстық істің қозғалғаны. Іске қатысты шаралар атқарылып, сұрастыру жұмыстары жүргізілгенін де барған сайын естиміз. Сөзден, қағазға түсірілген осындай құрғақ жауаптан басқа дәнеңе жоқ. Ұрылар қылмысын мойындап, полицейлердің алдына келмесі анық. Осындайда күдікті ойлардың да көбейетіні заңды. Ұрланған дүние қомақты. Ұрылар полицейлермен сол ақшаны бөлісіп алған болар деген ой да қылаң береді. Құқық қорғау орнына деген сенім де жоғала бастады. Полицияның беделіне қатысты Президент жуырдағы Жолдауында көңілге қонымды, көпшілік қолдайтын мәселе көтерді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Иә, полиция қызметіне бүгінде сын айтушылар көп. Өз қызметіне адал азаматтар да баршылық. Дегенмен, тұрғындардың арыз-шағымына, қылмыстың алдын алу немесе қылмыскерді құрықтауға салғырт та немқұрайды қарайтындары, осылайша, полиция беделіне нұқсан келтіретіндері де, өкінішке қарай, аз емес.
Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының берген жауабына қарағанда, біздің үйде орын алған пәтер ұрлығы ауыр санаттағы ұрлыққа жатады. Өткен жылдың 6 айында үш ауыр санаттағы пәтер ұрлығы тіркелсе, 2019 жылдың 6 айында тіркелген ауыр санаттағы пәтер ұрлығы жетеуге жеткен. Яғни, екі есе өскен. Ұрылар ұсталмаса, пәтер тонаушылардың еркінси, яғни мұндай қылмыстардың көбейе түсері күмәнсіз. Ұрлықтан отбасыма келтірілген залал тұрмыстық жағдайымызға кері әсерін тигізіп қана қоймай, алаңсыз тірліктен де айырды. Бүгінде бізде үрей басым, үйден алыс шығуға қорқамыз.
Осы орайда, тиісті органдар, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшылары полиция беделін түсіретін әрекетсіздікті әшкерелеп, істі созбалаңға салуға жол бергендерді жауапқа тартса екен. Әрбір қызметкері жауапкершілікті жіті сезініп, адал еңбек еткенде ғана, Мемлекет басшысы айтқандай, полиция қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады.
Бекболат ҚАСИМИНҰЛЫ,
Түркістан қаласының тұрғыны