Руханият • 12 Қыркүйек, 2019

Қостанайда «Біздің айтыс» телеайтысы басталды

489 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ол І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының кіші залына жиналған көрермендер алдында киіз үйдің ішкі бейнесі көрсетілген, қазақтың дәстүр-салтымен безендірілген сахнада  түсіріледі.

Қостанайда «Біздің айтыс» телеайтысы басталды

Айтыс жастар жылына арналып, тек жас ақындар арасында өткізіледі. Оған 25 жыл бойы облыста үздіксіз өтіп келе жатқан оқушылар айтысының жеңімпаздары, облысқа белгілі жас ақындар, барлығы 12 жұп болып, жас ақындар қатысады. Айтысты облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов ашып, халқымыздың рухани өміріндегі бұл өнердің орны туралы айта келіп, жас ақындарға сәттілік тіледі. Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова жастарды құттықтап, айтыстың өнер ғана емес, насихат құралы екенін айтты.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылған мәселелерді жұртшылыққа жеткізе түсуде айтыстың алар орны ерекше болуы тиіс. Халқымыздың дәстүрін, рухани құндылықтарын бүгінгі ұрпақтың жоғалтпауына, келер ұрпаққа жеткізуіне қызмет ету ақындардың парызы да, міндеті» деді Әсия Әйіпқызы. Белгілі айтыс ақыны Әлфия Орманшина жастарға арнаған ақындық тілегін жырмен жеткізді.

Осы айтысты өткізуге бастама көтеріп, облыстық «Қостанай» теле арнасында «Біздің айтыс» атты хабарды ұйымдастырған әрі сол хабарды жүргізуші Марғұлан Оспанов 24 ақын қатысқан теле айтысты облыс телекөрермендері жыл бойы экраннан қызықтайтынын айтты. Бірер жыл ол осындай телеайтыс ұйымдастырылған еді. Оны тек Қостанай қаласының теле көрермендері көре алған болатын. Енді бұл жолы айтыс экран арқылы облыс көрермендеріне жетеді.

«Айтыс үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңге 24 ақын қатысады. Екінші кезеңде одан іріктелген 12 ақын 6 жұп болып айтысады. Үшінші кезеңге үш жұп шығып, жеңімпаздар анықталады. Бірінші кезеңнен шығып қалғандарға 20 мың теңгенің, екінші кезеңнен кеткендерге 50 мың теңгенің сертификаты тапсырылады, ал жеңген ақындар келесі кезеңге өтіп отырады. Айтыстың үшінші шешуші кезеңінде оза шапқан жеңімпаздарға қомақты жүлде тапсырылады» дейді Марғұлан.

Сонымен қатар осы айтыстағы жеңімпаздар республикалық «Алтын домбыра» айтысына жолдама алады.

«Биыл айтысқа тек облыс аудандары мен қалаларындағы жас талап айтыскерлерді тарттық. Бұл шараны облыстық мәдениет басқармасы қаржыландырды. Егер келесі жылы биылғыдай қаржы болса, айтысты аймақтық етіп өткізгіміз бар. Осы жолы финалға шыққан ақындармен қатар Қазақстанның солтүстік облыстарынан 6 жұп ақындар шақырар едік» дейді Марғұлан Оспанов.

 

Қостанай