Руханият • 12 Қыркүйек, 2019

«Вайнах» салт-дәстүр күнін тойлады

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан вайнахтары: Бірлік пен жасампаздық» атты қазақ жерін мекендеген шешен және ингуш этностарының мәдениет пен салт-дәстүр күніне арналған мерекелік жиыны болып өтті. Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Қазақстанның шешен және ингуштарының «Вайнах» орталығы ұйымдастырған мерекеге республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, зиялы қауым, облыс бөлімшелеріндегі ардагерлер және өңірлердегі белсенді жастар шақырылды.

«Вайнах» салт-дәстүр күнін тойлады

Отбасылық құндылық пен үлкендерге құрмет көрсетуді озық тәрбие үлгісі ретінде ұстанатын шешен мен ингуш халқы ұлттық келбеті мен рухани болмысын жоғалтпаған бірегей халық ретінде қастерленеді. Қос халықтың осы қасиетін алабөтен атап өткен ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев салтанатты мерекеде жасаған баяндамасында салт-дәстүр күнін ұлықтап, өз мәдениетін кең ауқымда көрсетуге талпынған шешен мен ингуш халқының бай тарихындағы қазақ жерінен қоныс тапқаннан кейінгі тармағына аз-кем тоқталды. Ж.Қансейітұлы Қазақстанды мекендеген әрбір этностың мәдениетін, тілін, өнерін дамыту үшін осы сипаттағы арнайы шаралар ұйымдастыруды қолға алғанын жеткізді. Оның жарқын мысалы – «Вайнах» мерекесі. Мақсаты – Қазақстанды мекендеген қос ұлттың салт-дәстүрін, мәдениетін бүкіл республикаға таныту. Шешендер мен ингуштар Қазақстанды дамытуға атсалысқан, үлес қосқан халқымыздың бір бөлігі. Олар еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық өркендеуі жолында өзге жұртпен теңдей еңбек етуде.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сталиндік жүйенің құрбаны болған мыңдаған шешен мен ингуш халқының азаматтары, қарттары, әйелдері мен балалары бір түннің ішінде тауар тиеген вагондарға отырғызылып, бейтаныс елден бір-ақ шықты. Отызыншы жылдардағы зұлматтан өзі де есін жия алмай отырған қазақ халқы сол босып келген құрбандардың бәрін бауырына басып, барымен бөлісті. 1957 жылдың «жылымығы» орнағанда 200 мыңнан аса шешен мен ингуш тарихи отанына оралды. Бірақ олар ешқашан Қазақстанды ұмытқан емес. Олардың арасынан ғылым мен өнердің, әдебиет пен саясаттың ірі өкілдері шықты. Өз ұлтымен бірге Қазақстанның да мәртебесін биіктетті. Халық әртісі Ваха Татаевты, әнші Мариям Айдамированы, шешен әдебиетінің классиктері Абузар Айдамиров, Арби Мамакаев, Раиса Ахматова, Муса Гешаев, Ильман Юсупов, Умар Ярычев, талантты актриса Тамара Алиева мен Хава Хакишеваны қазақ елі ұмытқан жоқ. Қазақстан Шешен Республикасының екі бірдей президентінің Отаны болып саналады. Али Алханов пен Ахмет Кадыровтың және Ингушетияның тұңғыш президенті Руслан Аушевтің туған жері Қазақстан екенін екі ел де мақтанышпен айтады.

Салтанатты шара аясында Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге және Жолдауды іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен міндеттерін талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қонақтар мен қатысушыларға арналған «Қазақстанның шешен және ингуштарының тарихи-мәдени өмірі» атты кітап көрмесі және фотокөрме дайындалды. Сондай-ақ қолданбалы өнер көрмесінде көне тұрмыстық заттар мен музыка аспаптары көрсетілді. Шешен мен ингуштардың «Достық дастарханы» атты тағамдар көрмесінде қонақжай халық ұлттық асханасынан дәм татқызып, кәсіби аспаздар оларды дайындаудың тәсілін көрсетті. Мерекелік шара «Вайнах» қауымдастығы» шығармашылық ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламамен түйінделді.