12 Қыркүйек, 2019

Елордадан Екібастұзға 203 отбасы көшті

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұрлы Ертіс» пилоттық жобасы аясында биыл мамыр айынан бастап ел астанасынан Екібастұзға 203 отбасы, яғни 1169 қоныс аударды, деп хабарлайды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Елордадан Екібастұзға 203 отбасы көшті

Нұр-Сұлтан жұмыс күші артық өңірлердің қатарында қаралып, ондағы халықты өз еркімен кеншілер қаласына көшіруде барлық қажетті жағдай қарастырылған. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоныс аударушыларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етеді, ал қажет болған жағдайда оқуға жібереді.

Екібастұзға алғашқылардың бірі болып бет түзеген көпбалалы Шапағат пен Салтанат Маликовтар тұрмысы  едәуір түзеле бастағанын айтып қуануда. ««Нұрлы Ертіс» жобасының қатысушылары ретінде біз мамыр айында елордадан Екібастұзға көштік. Келгеннен кейін бізге жалдамалы 3 бөлмелі пәтер берілді. Жолдасымды «Оптима Транс» ЖШС-ға автомеханик ретінде жұмысқа орналастырды. Төрт баламыз бар. Екі кішкентайымыз егіздер, 2 жаста. Үлкендері екінші және алтыншы сыныпта оқиды. Балабақша, мектепте тамақтану және балаларға арналған қоғамдық көліктер барлығы тегін. Отбасымыздың өмірі жақсарды деп сеніммен айта аламын», деді Салтанат Маликова.

Елордадан Екібастұзға көшкен 203 отбасының 122-сі 3 бөлмелі пәтерге, 69 отбасы 2 бөлмелі пәтерге және 12 отбасы 1 бөлмелі пәтерге орналастырылған. «Нұрлы Ертіс» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру – осы мемлекеттік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі» делінген хабарламада.

Бұл бағдарлама аясында көшкендерге 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни отбасының әрбір мүшесіне 88 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы субсидия төленеді. Қалалық аудандарда тұрғын үйді жалға алуға ай сайынғы шығыстарды 75 мың теңгеге дейін (30 АЕК) және ауылдық жерлерде отбасы мүшелерінің санына байланысты 53 мың теңгеге дейін (21 АЕК) өтейді. Жұмыс берушілерге кемінде 5 адамның жұмысқа орналасуына ықпал жасаған жағдайда, 450 АЕК немесе 1 млн 136 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Қажетті жұмыс құралдарын, технологиялық жабдықтарды, үй жануарлары мен құстарын сатып алу, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік бағдарламаның қатысушыларына 200 АЕК-ке дейін қаражат бөлінеді. Қоныс аударушылардың техникалық және кәсіптік білім алуға, қысқа мерзімді курстарға қатысуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді.

«Ерікті қоныс аударудың мақсаты – еңбек күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету және өңірлік сәйкессіздіктер мен демографиялық теңгерімсіздіктерді жою. Ерікті түрде қоныс аударуға Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының және Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары қатыса алады. Бүгінгі күні қоныс аударушыларды қабылдау үшін Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Павлодар мен Қостанай облыстары бекітілген», дейді Еңбек және әлеуметтік қорға министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің басқарма басшысы Айжан Жапалбаева.        

Биыл сегіз айда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен еңбек күші тапшы өңірлерден 1650 отбасы, яғни 5 918 адам белгіленген өңірлерге көшкен.