Соңғы уақытта жарияланған Хакас мемлекеттік университетінің доценті Г.Тюньдешевтің «Великий хан Батый – основатель Российской государственности» атты кітабы көптеген пікір қайшылықтарын тудыруда. «Нынешняя Россия формировалась не на почве Киевской Руси, которая распалась на несколько суверенных государств еще в XII веке, за век до появления «монголов», не в соперничестве с ордынцами, с которыми не было у русских трений на религиозной или культурной почве. Россия возникла на совершенно новой московской почве, которая была органической частью золотоордынской государственности; она выросла из соперничества Московии с ханствами, входившими ранее в Золотую Орду, за право наследия распадающегося великого государства», дейді ғалым.
Алтын Орданың ежелгі территориясының қырық пайызы бүгінгі Қазақстан иелігі, байырғы қазақ жұртының ата-мекені. Алтын Орданың мұрагеріміз деп пікір айтуға біздің де толық құқымыз бар. Биыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр.
Кез келген тобыр ұлт бола алмайды. Қазақ халқы да ұлт болып қалыптасу жолында қилы-қилы тарихи кезеңді бастан кешірді. Бүгінгі қазақтар көне қыпшақтардың заңды жалғасы, мұрагері. Қыпшақтар қайдан шықты, қайда барды, қайда кетті деген күрделі сұрақтарға ғылымда соңғы кездері нақты жауаптар, тың тұжырымдар айтыла бастады. Белгілі тарихшы Мурад Аджи былай деп жазды: «Кыпчак – это имя одного из древнейших тюркских родов. Возможно, он когда-то первым отселился с Алтая, и других переселенцев стали называть его именем». Бұдан әрі ғалым тарихтағы халықтардың ұлы қоныс аударуының көш басында қыпшақтар болғанын айта келіп: «…Тогда, то есть к концу V века, кипчаки заселили пол Европы и всю Центральную Азию. Тюркская речь заглушала на Евразийском континенте любую другую. Тюрки были самым многочисленным народом мира… Один народ дал жизнь десятком других народов» дейді. Міне, осы қыпшақтар половцы, кумандар атала жүріп, мың жылдан астам уақыт тарихта белгілі болған. «Қыпшақ» сөзі ең алғаш Селенгі өзенінің бойында тасқа қашалып бедерленген. Элетміш Күл Білге қағанның (747-757) басына қойылған құлпытаста былай жазылған: «түрк кыбчак еліг йыл ол дурмысың (когда тюрки-кыбчаки властвовали над нами пятьдесят лет). Араб зерттеушілерінің еңбектеріне үңілсек, қыпшақтар ІХ ғасырдан белгілі болған. Сонымен қатар ІХ-Х ғасырларда тарих сахнасында оғыздардың да үлкен орны болды. Олар Солтүстік Каспий, Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі маңайын жайлады. Бірақ ХІ ғасырдағы қыпшақ тайпаларының өсіп-өркендеп, билік басына келуі оғыздарды ығыстырып, басқа да түрлі тайпалардың қыпшақ одағына сіңіп, ортақ қыпшақ тілінде сөйлеуіне мәжбүр қылды. С.Г.Агаджанов былай дейді: «В конце Х первой половине ХІ в. в политических рамках державы сырдарьинских ябгу происходит интенсивный процесс формирования огузской народности, он стимулировался распадом старых кровнородственных связей, образованиям новых территориально-хозяйственных объединений и становлением раннефеодальных отношений. Однако данный процесс не получили своего завершения и был прерван гибелью огузского государства в середине ХІ в. в результате кипчакского движения».
Басында Қимақ қағанатының құрамында өмір сүріп, кейін дара тайпа болып бөлінген қыпшақтар ХІ ғасырдан бастап Ә. Құрышжановтың сөзімен айтқанда «тарих сахнасының авансценасына» шығады. Ортағасырлық қыпшақтар тарихын арнайы зерттеген С.М.Ақынжанов: «әртүрлі тарихи деректерге қарағанда, Қазақстан даласының солтүстік аймақтарында ХІ-ХІІ ғасырларда түркі тайпаларының басында хан билігі бар қыпшақтар конфедерациясы қалыптасты», деп тұжырымдады. Қыпшақтар ұлан-байтақ территорияны игеріп Балқаш көлінің жағалауларындағы жазық далалардан бастап Солтүстік Кавказ таулары мен Қырым қырқаларына дейінгі аралықты мекендеді. Мафазат әл-гузз (оғыздар даласы) атауының орнына Дешті Қыпшақ (қыпшақтар даласы) атауы пайда болды. Қыпшақ тайпалары Қытай қорғанынан бастап Шығыс Түркістан, Алтай таулары, Орталық Азия, Еділ аймағы, Алтын Орда, одан әрі Еуропаға дейін тарады.
Ал моңғол үстемдігі кезінде құрылған Алтын Орда қыпшақтардың негізгі отаны болды. Бұл жерде М. Аджидің «Дешт-и-кипчак при новом монголском правителе получил и новое имя – Золотая Орда, …которая, как это ни парадоксально, целиком и полностью держалась на кипчаках» деген сөзінің маңызы зор. Сол қыпшақтар қазақ халқының жеке этностық топ болып қалыптасып, дербес ұлт ретінде тарих дастарқанынан өзіне лайық орын алуына, сондай-ақ қарақалпақ, башқұрт, татар, ноғай, қырым татарлары, қарашай, балқар, құмық, қарайым, алтай, қырғыз халықтарының ұлт болып қалыптасуына игі ықпалын тигізді.
Алтын Орда дүниежүзілік тарихта, әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар іргелі де қуатты мемлекет еді. Бұл солтүстік-шығыста Бұлғар облысы, Еділдің орта және төменгі жағалауын, оңтүстікте Қырым, Кавказдың Дербентке дейінгі, тіпті одан да арғы далаларды, шығыста батыс Сібір мен Сырдарияның төменгі жағалауын алып жатқан кең-байтақ ел болатын. Әуелде Жошы ұлысы ретінде дүниеге келген Алтын Орда Бату хан (1227-1255), кейін Берке хан (1257-1266) тұсында дәуірлеп, Мөңке Темір хан (1266-1280), Өзбек хан (1312-1342) мен Жәнібек хан (1342-1357) тұсында Еуразияның апайтөс даласында билік құрған қаһарлы мемлекетке айналды. Алтын Орданың нағыз гүлденген кезеңі – Берке хан мен Өзбек ханның билік жүргізген дәуірі. Берке ханның ислам дінін қабылдауы мемлекеттің дамуына игі әсер етті. Беркенің сарайына мемлекеттің төрт бұрышынан ғалымдар, ақындар, суретшілер келе бастайды. Қала мәдениеті өркендейді. Бұл жайында Э.Н.Наджип былай деп жазды: «Арабские и персидские историки, побывавшие в Золотой Орды сообщают о многих ученых, писателях, богословах и поэтах, которые жили на территории Золотой Орды, занимались научной и литературной деятельностью. Ныне обнаруженные памятники материальной и духовной культуры Золотой Орды подтверждают высокую культуру вес центрах». ХІV ғасырдың бірінші жартысында бүкіл елге мұсылман діні кеңінен жайылды. Өзбек хан қалалар, мешіттер, медреселер салуға көңіл бөлді. Алтын Орда сауда жолында орналасқан ең мәдениетті мемлекетке айналды.
Алтын Орда мемлекетінің территориясын мекендеген халықтардың этностық құрамы туралы әртүрлі мәліметтер бар. Түркітанушы П.М.Мелиоранский «Араб филолог о турецком языке» деген еңбегінде: «Золотая Орда состояла из смеси различных турецких и монгольских племен» деп көрсеткен. Белгілі ғалым Ә.Құрышжанов тарихи деректерге сүйене отырып, Алтын Орда халқының дені қыпшақ рулары болған деген қорытындыға келеді. Сол қыпшақ рулары қазіргі қазақ халқының арғы тегі екені даусыз. Бұл ру, тайпалар әлемдік мәдениетке өз үлестерін қосып, кейінгі ұрпақтарға мол мәдени мұра қалдырып кетті.
Ә.Кекілбаев «Қазақтың төрт мың жылдық тарихы бар, дәйекті, деректемелі тарихы екі мың жылдың көлемінде» десе, ал қазақтың сүйегін зерделеп жүрген антрополог ғалым Оразақ Смағұлов «қазақтың тарихы бір тал шашында» деп, ұлтымыздың 40 ғасырлық тарихын бұлтартпас деректермен дәлелдеп отыр. Алаш ардагері Ә.Бөкейхан «қазақ тарихы – қазақ әдебиетінде» деген еді, ал біздің ойымызша, ең дәйекті, ең деректемелі тарих тілдің бойында сақталады. Қазақтың тарихы – қазақ тілінде. Сол тілде сөйлеп, сол тілді жазып жүріп, осыдан төрт, тіпті бес мың жыл бұрынғы ата-бабамыз айтқан сөзді, түбірді, жұрнақты, тіпті дыбысты айтып, күнде қайталап жүргенімізді өзіміз байқамаймыз.
Қазақ тілі біртұтас, монолитті тіл, бірақ бұл тұтастықтың бастауы көне түркі заманынан басталып, орта ғасырларда шыңдалып, ұлттық деңгейде даралана бастайды. Сол дәуірлерден бәз-баяғы қалпында, дыбыстық және мағыналық тұлғасы өзгермей қазақ тіліне жеткен сөздер байырғы сөздік қорды құрайды. Ал Алтын Орда жазба ескерткіштерінде қазақ тіліндегі баламаларымен дәлме-дәл 420-дан астам сөз бар. Олар: адым, азық, ай, алма, ала, сары, кең, тар, төрт, тоқсан, айыр, бар, кет, т.б. Кейбір сөздердің қолданылу жиілігі 20-ға дейін барады.
Қазақ тілінің материалдық мәдениет лексикасы қалыптасуының бір арнасы Алтын Орда дәуірі мұралары. Осы жазба ескерткіштердің тілінен байқағанымыз, ата-бабаларымыздың баққан малын (ат, бағлан, иылқы, оғлақ, сығыр, тева, қысрақ, қозы, қой) біз де бағып жүрміз. Ал таққан әшекейін (асырға, йүзук) тағып, ыдыс-аяқтарын (айақ, ызыш, бычақ, чанақ, чөмчә, қазған, қашуқ,), үй-іші мүліктерін (ачғуч, бешик, йастуқ, йоғурған, кийиз, килим, сипурткә) тұтынып, киген киімдерін (тон, чапан, кәмәр, құр, кафтан, көнләк, бөрк, башпақ) киіп жүрміз. Киім тігілетін материалдарын да (бөз, йүң, чөбрәк, қайыш, атлас, йибек, көн, мамұқ, тәри), еңбек құралдарын да (балта, бурғу, ырғақ, көрүк, тарғақ/тырнауыш, арава, йиб, тузақ, чәләк, қазуқ, қоңырағу) қолданып, ішкен-жеген тамағын да (аш, ет, бал, йоғұрт, сарқут,туз, ун, қаймақ, сүт) ішіп жүрміз. Мұның өзі этномәдени сабақтастықты көрсетеді.
Ал Алтын Орда мұралары қазақ жазба әдебиетінің де басты арнасы. Қазақ жазба әдеби тілінің негізін салушы ұлы Абайдың ғылымда үш мектебі айтылады. Біріншісі – ауыз әдебиеті, екіншісі – шығыс әдебиеті, үшіншісі – орыс және Батыс Еуропа әдебиеті. Абайдың ақын болып қалыптасуындағы тағы бір арна, төртінші мектеп – ол Ж.Баласағұнның «Құдатғу білігінен» басталған түркілік жазба әдебиет еді. Абай өзіне дейінгі жазба дәстүрді, жазба әдебиетті жақсы білген және содан нәр алған. Абайдың қазақ әдебиетінде алғаш қолданған айшықты сөз тіркестерінің түп негізі Алтын Орда әдебиетінде жатыр.
Мысалы, Құтып ақында:
Көңіл қушы бу ғашық отында учар,
Хайалы ол Шырын Хусрауны қучар
деп, көңіл құшы түрінде айтылса,
Абайда:
Көңіл құсы құйқылжытар
шар тарапқа
Адам ойы түрленіп алған шақта,
деген сияқты көңіл құсы түрінде мағыналық, тұлғалық жағынан дәлме-дәл келіп, Құтыпта да, Абайда да бұл фраза «жүйрік қиял» мағынасында айтылып отыр. Немесе сынуқ көңүл тұрақты тіркесі Құтыпта:
Мені қадғумда аз хор қылғыл,
Сындуқ көңүлүмні бәс азар қылған
түрінде айтылса,
Абайда:
Сынық көңілім көп кешер
Майда қолмен ұстасаң,
деп келеді. Осындағы сынық көңіл фраземасы екі дәуір ақынында «жабырқаңқы, қайғылы көңіл күйді» білдіреді. Сонымен қатар ұлы Абайда көңілдің жайлауы, көңілдің күні сияқты бояуы қанық, жаңаша өрілген фразеологизмдер ұшырасады.
Бұл деректерге қарап, ХІХ ғасырдағы Абай поэзиясы, ортағасырлық қыпшақ жазба поэзия дәстүрінің заңды жалғасы, дәстүрлі өнер сабақтастығы деп айтуға болады. Ғасырлар қойнауынан өзгермей, тарихтың ызғарлы желіне түтіліп кетпей келе жатқан тұрақты тіркестерден тұтас бір ұлттың қазақи бет-бейнесі анық көрінеді.
Қорыта айтқанда, осындай тарихи, тілдік және әдеби деректерге сүйене отырып, Алтын Орданың бүгінгі басты мұрагері – қазақ ұлты, Қазақстан Республикасы деп тұжырымдауымызға толық негіз бар.
Мұрат САБЫР,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор
Орал