Руханият • 13 Қыркүйек, 2019

Ұлы дала тарихының басты қыры – Алтын Орда

364 реткөрсетілді

Ұлт тарихын түгендеуде қашанда күрделі мәселелер бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн», деп атап көрсетті. Тарихтағы өз орнымызды саралауда Алтын Орда кезеңіне соқпай кете алмаймыз. Соңғы жылдарда Ресей тарапы Алтын Орда тарихына қатысты ғылыми қалыптасқан көзқарастарын қайта қарап жатқаны белгілі. Екі жүз елу жыл татар-моңғол басқыншылығының езгісінде болып, елдікке азаттық күрестердің нәтижесінде жеттік дейтін тұжырымдардан гөрі ел болып, етек-жеңімізді жинауға Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі тікелей ықпал етті деген пікірлер ұсынылуда. Әрине Алтын Орда ыдырағаннан кейін күшейген Мәскеу Русі мемлекеттік жүйені Алтын Орда дәстүрімен қалыптастырғаны аян. Осы тұжырымның артында Алтын Орданың мұрагері біз, Ресей деген ашық ой жатыр.

Соңғы уақытта жарияланған Хакас мемлекеттік университетінің доценті Г.Тюньдешевтің «Великий хан Батый – основатель Российской государственнос­ти» атты кітабы көптеген пікір қайшы­лық­тарын тудыруда. «Нынешняя Россия формировалась не на почве Киевской Руси, которая распалась на несколько суверен­ных государств еще в XII веке, за век до появления «монголов», не в соперни­честве с ордынцами, с которыми не было у русских трений на религиоз­ной или культурной почве. Россия возникла на совершенно новой московской почве, которая была органической частью золотоордынской государственности; она выросла из соперничества Московии с ханствами, входившими ранее в Золотую Орду, за право наследия распадающегося великого государства», дейді ғалым.

Алтын Орданың ежелгі террито­риясының қырық пайызы бүгінгі Қазақ­стан иелігі, байырғы қазақ жұртының ата-мекені. Алтын Орданың мұрагеріміз деп пікір айтуға біздің де толық құқымыз бар. Биыл Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отыр.

Кез келген тобыр ұлт бола алмайды. Қазақ халқы да ұлт болып қалыптасу жолында қилы-қилы тарихи кезеңді бастан кешірді. Бүгінгі қазақтар көне қыпшақтардың заңды жалғасы, мұрагері. Қыпшақтар қайдан шықты, қайда барды, қайда кетті деген күрделі сұрақтарға ғылымда соңғы кездері нақты жауаптар, тың тұжырымдар айтыла бастады. Белгілі тарихшы Мурад Аджи былай деп жазды: «Кыпчак – это имя одного из древнейших тюркских родов. Возможно, он когда-то первым отселился с Алтая, и других переселенцев стали называть его именем». Бұдан әрі ғалым тарихтағы халықтардың ұлы қоныс аударуының көш басында қыпшақтар болғанын айта келіп: «…Тогда, то есть к концу V века, кипчаки заселили пол Европы и всю Центральную Азию. Тюркская речь заглушала на Евразийском континенте любую другую. Тюрки были самым многочисленным народом мира… Один народ дал жизнь десятком других народов» дейді. Міне, осы қыпшақтар половцы, кумандар атала жүріп, мың жылдан астам уақыт тарихта белгілі болған. «Қыпшақ» сөзі ең алғаш Селенгі өзенінің бойында тасқа қашалып бедерленген. Элетміш Күл Білге қағанның (747-757) басына қойылған құлпытаста былай жазылған: «түрк кыбчак еліг йыл ол дурмысың (когда тюрки-кыбчаки властвовали над нами пять­десят лет). Араб зерттеушілерінің еңбек­теріне үңілсек, қыпшақтар ІХ ға­сыр­­дан белгілі болған. Сонымен қатар ІХ-Х ғасырларда тарих сахнасында о­ғыз­дардың да үлкен орны болды. Олар Солтүстік Каспий, Сырдарияның төменгі ағысы, Арал теңізі маңайын жайлады. Бірақ ХІ ғасырдағы қыпшақ тайпа­ла­ры­ның өсіп-өркендеп, билік басына келуі оғыз­дарды ығыстырып, басқа да түрлі тай­палардың қыпшақ одағына сіңіп, ортақ қыпшақ тілінде сөйлеуіне мәжбүр қылды. С.Г.Агаджанов былай дейді: «В конце Х первой половине ХІ в. в политических рамках державы сырдарьинских ябгу происходит интенсивный процесс формирования огузской народности, он стимулировался распадом старых кровнородственных связей, образованиям новых территориально-хозяйственных объединений и становлением раннефеодальных отношений. Однако данный процесс не получили своего завершения и был прер­ван гибелью огузского государства в середине ХІ в. в результате кипчакского движения».

Басында Қимақ қағанатының құра­мында өмір сүріп, кейін дара тайпа бо­лып бөлінген қыпшақтар ХІ ғасырдан бастап Ә. Құрышжановтың сөзімен айтқанда «тарих сахнасының авансценасына» шығады. Ортағасырлық қыпшақтар тарихын арнайы зерттеген С.М.Ақынжанов: «әртүрлі тарихи деректерге қарағанда, Қазақстан даласының солтүстік аймақтарында ХІ-ХІІ ғасырларда түркі тайпаларының басында хан билігі бар қыпшақтар конфедерациясы қалыптасты», деп тұжырымдады. Қыпшақтар ұлан-байтақ территорияны игеріп Балқаш көлінің жағалауларындағы жазық далалардан бастап Солтүстік Кавказ таулары мен Қырым қырқаларына дейінгі аралықты мекендеді. Мафазат әл-гузз (оғыздар даласы) атауының орнына Дешті Қыпшақ (қыпшақтар даласы) атауы пайда болды. Қыпшақ тайпалары Қытай қорғанынан бастап Шығыс Түркістан, Алтай таулары, Орталық Азия, Еділ аймағы, Алтын Орда, одан әрі Еуропаға дейін тарады.

Ал моңғол үстемдігі кезінде құрылған Алтын Орда қыпшақтардың негізгі отаны болды. Бұл жерде М. Аджидің «Дешт-и-кипчак при новом монголском правителе получил и новое имя – Золотая Орда, …которая, как это ни парадоксально, целиком и полностью держалась на кипчаках» деген сөзінің маңызы зор. Сол қыпшақтар қазақ халқының жеке этностық топ болып қалыптасып, дербес ұлт ретінде тарих дастарқанынан өзіне лайық орын алуына, сондай-ақ қарақалпақ, башқұрт, татар, ноғай, қырым татарлары, қарашай, балқар, құмық, қарайым, алтай, қырғыз халықтарының ұлт болып қалыптасуына игі ықпалын тигізді.

Алтын Орда дүниежүзілік тарихта, әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар іргелі де қуатты мемлекет еді. Бұл солтүстік-шығыста Бұлғар облысы, Еділдің орта және төменгі жағалауын, оңтүстікте Қырым, Кавказдың Дербентке дейінгі, тіпті одан да арғы далаларды, шығыста батыс Сібір мен Сырдарияның төменгі жағалауын алып жатқан кең-байтақ ел болатын. Әуелде Жошы ұлысы ретінде дүниеге келген Алтын Орда Бату хан (1227-1255), кейін Берке хан (1257-1266) тұсында дәуірлеп, Мөңке Темір хан (1266-1280), Өзбек хан (1312-1342) мен Жәнібек хан (1342-1357) тұсында Еуразия­ның апайтөс даласында билік құрған қаһарлы мемлекетке айналды. Алтын Орданың нағыз гүлденген кезеңі – Берке хан мен Өзбек ханның билік жүргізген дәуірі. Берке ханның ислам дінін қабылдауы мемлекеттің дамуына игі әсер етті. Беркенің сарайына мемле­кеттің төрт бұрышынан ғалымдар, ақын­дар, суретшілер келе бастайды. Қала мәде­ниеті өркендейді. Бұл жайында Э.Н.Наджип былай деп жазды: «Арабские и персид­ские историки, побывавшие в Золотой Орды сообщают о многих ученых, писа­телях, богословах и поэтах, которые жили на территории Золотой Орды, занима­лись научной и литературной деятельностью. Ныне обнаруженные памятники материальной и духовной культуры Золо­той Орды подтверждают высокую культуру вес центрах». ХІV ғасырдың бірінші жартысында бүкіл елге мұсылман діні кеңінен жайылды. Өзбек хан қалалар, мешіттер, медреселер салуға көңіл бөлді. Алтын Орда сауда жолында орналасқан ең мәдениетті мемлекетке айналды.

Алтын Орда мемлекетінің территория­сын мекендеген халықтардың этностық құрамы туралы әртүрлі мәліметтер бар. Түркітанушы П.М.Мелиоранский «Араб филолог о турецком языке» деген еңбегінде: «Золотая Орда состоя­ла из смеси различных турецких и мон­голь­­ских племен» деп көрсеткен. Белгі­лі ғалым Ә.Құрышжанов тарихи деректерге сүйене отырып, Алтын Орда хал­қының дені қыпшақ рулары болған деген қорытындыға келеді. Сол қыпшақ ру­лары қазіргі қазақ халқының арғы тегі екені даусыз. Бұл ру, тайпалар әлемдік мәдениетке өз үлестерін қосып, кейінгі ұрпақтарға мол мәдени мұра қалдырып кетті.

Ә.Кекілбаев «Қазақтың төрт мың жылдық тарихы бар, дәйекті, деректе­мелі тарихы екі мың жылдың көле­мін­де» десе, ал қазақтың сүйегін зерделеп жүрген антрополог ғалым Оразақ Смағұлов «қазақтың тарихы бір тал шашында» деп, ұлтымыздың 40 ғасырлық тарихын бұлтартпас деректермен дәлелдеп отыр. Алаш ардагері Ә.Бөкейхан «қазақ тарихы – қазақ әдебиетінде» деген еді, ал біздің ойымызша, ең дәйекті, ең деректемелі тарих тілдің бойында сақталады. Қазақтың тарихы – қазақ тілін­де. Сол тілде сөйлеп, сол тілді жазып жүріп, осыдан төрт, тіпті бес мың жыл бұрынғы ата-бабамыз айтқан сөзді, түбірді, жұрнақты, тіпті дыбысты айтып, күнде қайталап жүргенімізді өзіміз байқа­май­мыз.

Қазақ тілі біртұтас, монолитті тіл, бірақ бұл тұтастықтың бастауы көне түркі заманынан басталып, орта ғасырларда шыңдалып, ұлттық деңгейде даралана бастайды. Сол дәуірлерден бәз-баяғы қалпында, дыбыстық және мағыналық тұлғасы өзгермей қазақ тіліне жеткен сөздер байырғы сөздік қорды құрайды. Ал Алтын Орда жазба ескерткіштерінде қазақ тіліндегі баламаларымен дәлме-дәл 420-дан астам сөз бар. Олар: адым, азық, ай, алма, ала, сары, кең, тар, төрт, тоқсан, айыр, бар, кет, т.б. Кейбір сөздердің қолданылу жиілігі 20-ға дейін барады.

Қазақ тілінің материалдық мәдениет лексикасы қалыптасуының бір арнасы Алтын Орда дәуірі мұралары. Осы жазба ескерткіштердің тілінен байқағанымыз, ата-бабаларымыздың баққан малын (ат, бағлан, иылқы, оғлақ, сығыр, тева, қысрақ, қозы, қой) біз де бағып жүрміз. Ал таққан әшекейін (асырға, йүзук) тағып, ыдыс-аяқтарын (айақ, ызыш, бычақ, чанақ, чөмчә, қазған, қашуқ,), үй-іші мүліктерін (ачғуч, бешик, йастуқ, йоғурған, кийиз, килим, сипурткә) тұтынып, киген киімдерін (тон, чапан, кәмәр, құр, кафтан, көнләк, бөрк, башпақ) киіп жүрміз. Киім тігілетін материалдарын да (бөз, йүң, чөбрәк, қайыш, атлас, йибек, көн, мамұқ, тәри), еңбек құралдарын да (балта, бурғу, ырғақ, көрүк, тарғақ/тырнауыш, арава, йиб, тузақ, чәләк, қазуқ, қоңырағу) қолданып, ішкен-жеген тамағын да (аш, ет, бал, йоғұрт, сарқут,туз, ун, қаймақ, сүт) ішіп жүрміз. Мұның өзі этномәдени сабақтастықты көрсетеді.

Ал Алтын Орда мұралары қазақ жазба әдебиетінің де басты арнасы. Қазақ жазба әдеби тілінің негізін салушы ұлы Абайдың ғылымда үш мектебі айтылады. Біріншісі – ауыз әдебиеті, екіншісі – шығыс әдебиеті, үшіншісі – орыс және Батыс Еуропа әдебиеті. Абайдың ақын болып қалыптасуындағы тағы бір арна, төртінші мектеп – ол Ж.Баласағұнның «Құдатғу білігінен» басталған түркілік жазба әдебиет еді. Абай өзіне дейінгі жазба дәстүрді, жазба әдебиетті жақсы білген және содан нәр алған. Абайдың қазақ әдебиетінде алғаш қолданған айшық­ты сөз тіркестерінің түп негізі Алтын Орда әдебиетінде жатыр.
Мысалы, Құтып ақында:
Көңіл қушы бу ғашық отында учар,
Хайалы ол Шырын Хусрауны қучар
деп, көңіл құшы түрінде айтылса,
Абайда:
Көңіл құсы құйқылжытар
шар тарапқа
Адам ойы түрленіп алған шақта,
деген сияқты көңіл құсы түрінде мағы­на­лық, тұлғалық жағынан дәлме-дәл келіп, Құтыпта да, Абайда да бұл фраза «жүйрік қиял» мағынасында айтылып отыр. Немесе сынуқ көңүл тұрақты тір­ке­сі Құтыпта:
Мені қадғумда аз хор қылғыл,
Сындуқ көңүлүмні бәс азар қылған
түрінде айтылса,
Абайда:
Сынық көңілім көп кешер
Майда қолмен ұстасаң,
деп келеді. Осындағы сынық көңіл фраземасы екі дәуір ақынында «жабыр­қаңқы, қайғылы көңіл күйді» білдіреді. Сонымен қатар ұлы Абайда көңілдің жайлауы, көңілдің күні сияқты бояуы қанық, жаңаша өрілген фразеологизмдер ұшырасады.

Бұл деректерге қарап, ХІХ ғасырдағы Абай поэзиясы, ортағасырлық қыпшақ жазба поэзия дәстүрінің заңды жалғасы, дәстүрлі өнер сабақтастығы деп айтуға болады. Ғасырлар қойнауынан өзгермей, тарихтың ызғарлы желіне түтіліп кетпей келе жатқан тұрақты тіркестерден тұ­тас бір ұлттың қазақи бет-бейнесі анық көрінеді.

Қорыта айтқанда, осындай тарихи, тілдік және әдеби деректерге сүйене оты­рып, Алтын Орданың бүгінгі бас­ты мұрагері – қазақ ұлты, Қазақстан Рес­публикасы деп тұжырымдауымызға то­лық негіз бар.

Мұрат САБЫР,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, филология ғылымдарының докторы, профессор

Орал

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Нұрлыбектің домбырасы

Руханият • Бүгін, 12:13

«ХАТ ҚОРЖЫН»

Қазақстан • Бүгін, 12:01

Күлкі керуені

Руханият • Бүгін, 11:14

Екі қола медаль еншіледі

Бокс • Бүгін, 09:57

«Барыстың» қарқыны қатты

Хоккей • Бүгін, 09:52

Кипрді де жеңе алмадық...

Футбол • Бүгін, 09:51

«Қара алтынды» қапысыз ағызған

Қазақстан • Бүгін, 09:44

Қыз әулие

Руханият • Бүгін, 09:34

Қайталанбас қымыз дәмі

Қазақстан • Бүгін, 09:33

Рухани жаңғырған ауыл

Руханият • Бүгін, 09:28

Екіжақты келісімге қол қойылды

Қазақстан • Бүгін, 09:26

Тәлім мен тәжірибе ұштасқан ұя

Қазақстан • Бүгін, 09:10

Жамбылдықтардың жарқын жобасы

Аймақтар • Бүгін, 08:36

Түгел түркіні түгендеген

Әлем • Бүгін, 08:20

Кей өңірлерде ауа райы өзгереді

Аймақтар • 12 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ислам Қабылұлы

Руханият • 12 Қазан, 2019

Сенаторлар сенбілікке шықты

Қазақстан • 12 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар