«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген іргелі тақырып түйін-түйін болып тұрған сыздауық-сырқаттың соқтасын үстінен саусақпен дәлдеп тұрып басқандай, алаңдайтын ахуалға келген қоғамның кейбір мәселесіне мойын бұрғызып, назар аудартты. Жыл сайынғы Жолдауда бұрын сан рет айтылған, жалпы жұртқа таныс жайттарды тағы бір мәрте тізбелеп шығу шарт емес, бастан-аяқ зер салып қараған адамға, өзектілігімен, зәрулігімен қоғамның алдыңғы қатардағы күйіп тұрған мәселесіне айналған халық көкейіндегі кейбір талап-тілектің Президенттің тұңғыш Жолдауында уақтылы әрі орынды аталуы жаңа үміттің отын жаққандай болды. Демек, бұл Үкіметтің де, Үкімет құрамындағы түрлі атқарушы билік орындарының жауапкершілігін де арттыруға бағытталады деген сөз. Жолдау, бір жағы, Президенттің қадап тұрып көрсеткен қадау-қадау тапсырмаларын қадағалауды күшейту жөніндегі өз алдына жеке-дара құрылым секілді көрінеді.
Ұстаздың беделін көтеру – ұлттық танымның, рухани кеңістіктің беделін қалыптастыру дегенге саяды. Президент ұстаздардың Тамыз конференциясында сөйлеген сөзін тағы бір пысықтап, мұғалім мәртебесін көтеру оған деген құрметті оятумен бірге орнығатынын орынды атап өтті. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын іскер азаматтарды үш жылға дейін салықтан босату да экономиканы дәл бүгін дамытып жібермегенімен, түбі өркендеуге жол ашатын, кәсіпкердің өзіне деген сенімін бекітіп, оны қорғауға бағытталған мемлекеттік қолдау деп білемін. Экономикалық тұрғыда жаңғыру нарықтағы дамумен ғана байланысты емес, ол әлеуметтік, рухани өркендеумен өзара тығыз байланысты дамығанда ғана оң нәтижесін көрсететінін дәлелдеп қойған.
Халықты алаңдатып отырған саяси, әлеуметтік мәселелердің үлкені – жер. Президент «Жер бірде-бір шетелдікке сатылмайды!» деген сөзді нақтылап тұрып айтты. Осы Жолдаудан кейін «бұған қосымша қос палаталы Парламент «Жер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізсе де артық болмайды екен» деген ойдың келгенін де жасырып қайтейік.
Бала – болашағамыз. Болашағымызды бүгін қорғамасақ, ертең кеш болады. Олардың әрқайсысы мемлекетіміздің қымбат қазынасы. Бірақ салғырттықтан, жазадан оңай құтылып кетіп жатқан қылмыскерлердің заң нормаларын аяқасты етуінен балаларға жасалатын озбырлық пен қысым тоқтамай тұр. Жаратылысы нәзік, қорғансыз бүлдіршіндерге қатысты зорлық-зомбылық көрсету мәселесі тереңдігі мен көлемі жағынан барлық шекті мөлшерден, дабыл қағатын деңгейден асып, олардың құқығының заңмен қорғалуын, қылмыскерлердің қатаң жазалануын қоғам тұтас қолдап отыр. Қауіп-қатерге толы, көптің ашу-ызасына тиетін бұл мәселе қанша жылдан бері талқыға түсіп келеді, себебі мен салдары зерттеліп те жатыр, жаза да тағайындалды. Бірақ нәтиже аз. Сондықтан қоғамның сенімі мен халықтың өзін қауіпсіз сезінуі үшін Жолдауда айтылған балаларды қорғау мәселесінің оң шешімін табатын уақыты келді.
Елбасының тарихи құжаттарындағы осыған дейін көрсетілген, ойдағыдай орындауын тапқан, әлі де кемелдендіруді керек ететін стратегиялық қадамдары, қоғамды жаңғырту, жетілдіру жөніндегі ойларының бәрі жаңа Жолдауда заңды жалғасын тауып отыр. Жаңғыруға байланысты жаңа талаптар белгіленген, ашықтық пен нақтылықты көздеген азаматтық қоғам деңгейіне көтерілудің бірқатар алғышарттары кеңінен қамтылған Жолдау көпке сенім ұялата алуымен маңызды.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты