Осыдан тура бес жыл бұрын сұңқар ақын Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдығына орай республикада өткен ауқымды шаралардың бірі – «Сәкен жүрген жолдармен» деген экспедиция болды. Қазақтың сәкентанушы небір марғасқа азаматтарының қасында біз де керуенге ілесе жолға шыққанымыз есімізде. Неше күнге созылған сапарда талай тарих шертіліп, таным көкжиегі шексіздікке құлаш ұрғандай рухани байып қалғанымыз бар. Ұзақ жолда ұғар құлаққа біраз ақиқат ашық айтылып, шындықты шыңыраудан шығарғандай небір әңгімелер баяндалды дейсің. Тақырып Сәкен болған соң, ол әңгіменің айналасында ақындық өнер туралы, оның ішінде Мағжан мен Сәкен арасындағы өзара өзгеше бағыттар, жазықсыз жапа шеккен Сәкеннің қазаққа қылған қалтқысыз қызметі хақында айтылмай қоймайтыны белгілі. Екеуі де асыл, екеуінің де ел игілігі үшін бастарын бәйгеге тіккені айдан анық. Әрине, қос ақынның қысқа ғана өмірінде қолтықтаса ғұмыр кешпегені белгілі. Алайда, түпкі мақсат-мұраттары бір арнаға тоғысқан жаны туыс жандар болғанын бүгінде мойындауымыз керек. Бір қуанарлығы, әлгі сапарда шертілген әңгімелерден, ел ішіндегі ерекше ықыластан аңғарғанымыздай, халықтың дені осынау тәуелсіз жаңа күнде аталған тұлғалар туралы тақырыпқа тың көзқараспен жаңаша ойлай бастағаны көңіл көктеткен.
Шығармашылықтағы қарсылық – шыңдалу тетігі
Қазақ тел емді, тете өсті деп жатады. Ағалы-інілер сыйыспай қалса, бұлар тете өскен дейміз. Мағжан мен Сәкен – қазақ жырында тете өскен текті ақындар. Болмашы бірбеткейліктен бақастық іздеп, екі алыптан бітіспес дау, берілмес жау жасап қойған сол кездегі қитұрқы саясаттың құрық бойламас ойыны екенін түсінетін уақыт баяғыда-ақ жеткен.
Орыстың әйгілі ақындары Есенин мен Маяковский алғаш рет Петроградта кездессе керек. Маяковскийдің Есенинді қағытып, киген киіміне тиісіп, түптің-түбінде мен киген пиджакты сен де киесің деп бәстесіп, кейін галстук таққан Есенинді көріп, бәсін сұрайтыны бар. Екеуі – бір медальдің екі беті іспеттес тұлғалар деуге болады. Ғұмырларының соңында Мәскеудегі Кіші театрдың жанындағы ең қымбат кабакта отырып Маяковский:
– Құдай бәрібір бар. Ол біздің – өлеңдеріміз,– депті.
Есенин сонда оған:
– Ол бар. Бірақ біз жоқпыз, – деген.
Көп ұзамай Есенин асылып, Маяковский атылып өледі. Сонда орыстың ғажап ақыны Есенинге жазған Маяковскийдің өлеңін оқыған адам екеуін екі түрлі көзқараста болды деп ойламас еді... Әлгі өлеңнің негізгі желісі – біздің қоғамда «өлу» жаңалық емес деген мағынамен аяқталады. Міне, орыс халқының ұлыларының «ұрыс-төбелесі» қалай аяқталған?
Дәл осылай дүниенің екінші бұрышында Сәкен мен Мағжан тұңғыш рет Омбыда кездесіп жатыпты. Кейіннен араларынан «қара мысық» өткен. «Ол «қара мысық» орыстың қызы көрінеді. Асқан дарын иелерінің ара-қатынасына сызат, сезімдеріне селкеу түсіретінін біліп, оқу орнының басшылығы мақсатты түрде қызды оқудан шығартқан» деген ел ішінде қауесет бар. Әрине, бұл нұсӨқа бізді қатты толғандырмайтыны белгілі. Және астарында қаншалықты шындық жатқандығы белгісіз дақпыртқа бола бас ауыртудың қажеті шамалы. Мәселе онда емес. Әрі-беріден соң диалектиканың заңы бойынша қарама-қайшылық бар жерде даму барын ескерсек, әдебиеттегі қарсы пікірлер, үлкен таластар шығармашылық дамуға баспалдақ болатынын ұлы қаламгерлер саналы түрде түйсінді деуге болады.
Әйтпесе, екеуінің де илегені – бір терінің пұшпағы. Қазақты бір биікке шығарам деген асыл арман түрлі жолды таңдауларына тура келтірді. Мағжанның ұстанған бағыты – түркі атағын көтеріп, қазақты тереңде жатқан тарих қана құтқарады деген жоспарға құрылса, Сәкеннің пайымы қазақтың болашағы жаңа заман келбетінде деген жасампаз ойды қазық етті. Және осынау еңбегі үшін Сәкеннің сол өкіметтен алған алғысы болса қане? Мәселен, Кеңес өкіметін басынан бақайшағына дейін дәріптеп өткен Горький сіңірі шыққан кедей болмаған. Сәкен де Кеңес әдебиеті идеологиясының есіл құрбаны ретінде нақаққа қаны төгілді. Шын мәнінде, бір дарынның екінші бір дарынды танып, мойындауы міндетті де емес. Толстойдың Шекспирді, Достоевскийдің Толстойды жазушы ретінде танымауы сияқты оқиғалар әдебиет тарихында жиі кездеседі. Бұл құбылыстан пендешілік іздеп керегі жоқ. Және осы тұрғыда ақын затының эмоцияға көбірек бой алдыратынын да жиі ескеруіміз керек сияқты. Небір дәуірлік идеологиялардың үгіт-насихатына еріп, кейіннен өз қателіктеріне саналы түрде қайтып оралып отырған ақын-жазушылар жетіп-артылады. «Менің жолым – теріс, Сәкендікі – дұрыс болды. Алдымен соған сәлем берейін» деп Мағжан Сәбитті алдыға салыпты кейінде. Ол ретте Сәкеннің үй-іші аса қадірлі қонақ келе жатыр деп әлекке түседі. Келген бетте Сәкен мен Мағжан көздеріне жас алып, құшақтасып ұзақ тұрған деседі. Жолсоқты Мағжан Сәкендікіне қонады да, ертесіне Сәбит үйіндегі түнемел қонақасыға барады... Бұл – Мағжан мен Сәкеннің соңғы кездесуі.
Осынау есті естелікті жұртқа ерекше сипатта жеткізген ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының еңбегін айтпай кетуге болмас. Ғалым Т.Кәкішев Сәкен-Мағжан-Сәбит түйінін тарқатуда қаншама еңбек жасап, құпия тарихтың қатпар-қатпар жұмбағын шешуге тырысады. Ғалым тағы бір зерттеу мақаласында «Қазақстан» баспасы «Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг» деген құжаттар жинағын шығарғанын айтып, сол тарихи құжаттағы Сәкен мен Мағжан, Сәбит арасындағы қарым-қатынастарды бөліп көрсетеді.
Аталған құжаттағы мына бір қаулы бізді бейжай қалдырмады. «Муканов был тесно связан с Сейфуллиным, Досмухамедовым, Асылбековым, Айсариным, Валиахметовым и Джумабаевым, ныне разоблаченными врагами народа. Когда Джумабаев был в ссылке, Сейфуллин имел с ним переписку и оказал денежную помощь» делінген.
Міне, қос ақынның біз айтып жүргендей жеке бас араздығы туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Қайта бір-біріне деген қамқор пейіл, ыстық ықылас көбірек байқалады.
Кейіннен сол тоталитарлық қанды режім Мағжанды да, Сәкенді де ату жазасына кескенін білеміз. Сүйем жер үшін сүйегін берген, ұлтының ұяты мен ары үшін басын бәйгеге тіккен ақындарымыздың қадіріне осы тұрғыдан баға бергеніміз дұрыс. Мағжанды мақтау үшін, Сәкенді сатпауға болады. Немесе Сәкеннің тұғырын биіктетіп, Мағжанның тұлғасын төмендету – орыс идеологиясының қазақ ортасындағы өтімді құралы екенін осыдан кейін жас ұрпақ санасына жақсылап түсіндірген жөн.
*
Шын мәнінде «Кеңсе тілі – қазақ тілі болуы керек» деген Сәкен қазақ ұлтына қашан жау болмақ? Бірде 1926 жылы Сәкен қазақтың ірі ақыны Қайып Айнабековтің үйіне түсіпті. Оның жеке себебі, Сәкен өзінің мемуарлық романында айтатындай, Салық Айнабековтің бауырлары Жақия, Қайып ертеден бір-бірімен дос-жаран болған. Айнабекпен бір туысқан Батырбектің қызы Қызылжардағы Совпартшколде оқып жатқанын ағасы Қайыптан естіп, Сәкен Гүлбаһраммен танысып, «Совпарттағы қарындасыма (Гүлбаһрамға)» өлеңін «Еңбекші қазаққа» жариялаған екен. Бұл таныстықтың арты Сәкен екеуінің отбасын құруымен жалғасатындығы белгілі. Сондай кезеңдердің бірінде Сәкенге Қайып сәлемдеме беріп: «Гүлбаһрамға айт, бұрымын қимасын, мен білемін, қалаға бара салып қазақ қыздары бұрымдарын шолтитады да, қызыл бантик тағып алады» деп, қатты тапсырған. Бұл жердегі мәселе, қазақтың қаракөз қызының ұзын бұрымының қиылғанында да емес, мәселе «қызыл бантикте» тұрған болатын. Кеңес өкіметіне деген қарсылықты Қайып ақын Сәкенге сонда қалай білдірген!..
Ал сол уақытта «қызылшыл» Сәкен тәуелсіздікті аңсамайтын болса, қазақ үшін қасық қанын қимайтын болса, әлгі әңгіменің басқаша сипат алмасына кім кепіл еді? Жалпы, бүгінгі таңда ашық, қайта-қайта айтылатын әңгіме сол, Сәкен таңдаған жолда емес, Сәкен арнаған ғұмыр биігіне бейтарап көзқараспен қарауды үйренуіміз керек. Сәкен мен Мағжан арасындағы пікір алуандығы да осы бағыт төңірегінде қайта қарастырылғаны жөн. Кеңес өкіметі құлай салып, бір топ зерттеуші-ғалымдар, публицистер таптық идеологияны жақтаушы Сәкен, Тұрар, Сәбиттердің қыр соңдарынан қалмай, көрінген жерде байбалам сала бастағаны мәлім. Қазақ халқының терезесін өзге елдермен тең етеміз деп, марксизм-ленинизм туы астына бірігіп, Кеңес империясының сойылын соқпағандар әрі-беріден соң – некен-саяқ. Тіпті, Алаш азаматтарының ішінен де Кеңес өкіметіне іш тартпағанымен Сәкендердің идеясын түсінуге тырысқан тұлғалар болды. Ірісі – сол Мағжан десек қателеспейміз. Тұрсынбек Кәкішұлы айтқандай, Сәбит Мұқанов айдауда Беломор-Балтық каналын қазып жүрген Мағжанға хат жазып, Мағжан сөзіне сенгендігін, Сәкенді сыннан қорғап, Әбділда Тәжібаевты ешқашан жау санамайтынын ашық айтқанын да мойындағымыз келмейді кейде. Біз осы шындықтардан шынайы картина шығарып, қазақтың негізгі жауы кім екенін көрсетудің орнына, бір тұлғаны тұрғырынан түсіріп, бір тұлғаны соның орынына тұрғызуға әлі тосқауыл бола алмай жүрміз.
Егер айтып жүргендердің сөзімен ойласақ, Сәкен қарақан басын ойлаған қызылшыл болып қалар еді. Сол асқақ тұлға өзінің соңғы сағаты соғар шақтың өзінде: – Ақырғы сөзім, Галина Серебрякованы «халық жауы» дегізген тергеушілердің зорлап айтқызған сөзімнен танамын, – деуінен біз нені аңғарар едік? Қазақы бекзаттықтың бір үлгісі – өлімге тура қарай алу шығар. Сол Галина ханым кейін бұл жақсылыққа жауап берген. Бибігүл Төлегенованың әкесі де Сәкендермен қоса «халық жауы» атанып, нақаққа күйгендерден болыпты. Анасы Тамара бертінде қайтыс болады. Бибігүл «халық жауының» баласы болғандықтан шала сауатты, жақсы жұмыс таба алмай, Семейдегі ет қалбырлайтын зауытта қара жұмыс істеп жүреді. Сол жерде жұмыс істеп жүрген Серебрякова (өзі асқан пианиношы болған кісі) әнші қыздың ғаламат даусын аңғарып қалып, алғаш талабын ұштап, бағын ашқан деген дерек бар. Сол – Сәкен ақтап кеткен Галина Серебрякова – Бибігүл талантына бастамашы болған.
Мұхтар Әуезовтің өзі: «Сәкен шыншыл тәкаппар ақын» деді. «Қазақты қазақ дейік. Қатені түзетейік» деген Сәкеннің жолы өзінің тағдырындай иір-қиыр. Ахмет Байтұрсыновтың тойын өткізіп, Орынбордың ең үлкен – Свердлов атындағы клубында салтанатты кеш тізгінін Сәкен өзі алған. Бұл әрекеттерге қарсы әсіреқызылшыл Әбдірахман Әйтиев «Степная правда» газетінде «Фактические поправки» деген, ұлтшылдарды әшкерелеген мақала жазады. Ол мақалаға қарсы мақаланы да Сәкен «Тағы да Ахмет туралы» деп жазған. Аштық жайлаған Сарыарқа сақарасындағы әкесі Сейфоллаға келіп, тапанша берген деген де ел ішінде әңгіме бар. «Қырыласыңдар, жан сауғалаңдар...» деген Сәкенге «қызылшыл» деп қысқа ғана анықтама бере салудың салмағын ойлаған жөн шығар. Ерейментау, Еркіншіліктегі Құлагер омақаса жығылған орынға Жетісудағы Ілиясты алдырып, Сәкеннің жырлатқанын, Ақтамберді толғауын, Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуын жаздыртып алғанының өзі неге тұрар еді!..
Сәкен Ілиясты сүйе тұрып, Мағжанды қадірменді қонақ қыла тұрып әсте әсіре қызылшыл бола алмас еді. Біз жоғарыда айтқан Гүлбаһрам өле-өлгенше Карлагтың әкімшілік бақылауында болса, әкесі Сейфолла сол Карлагта атылған. Сәкен тағдырының сұмдық ауыр болғаны сондай, өзі сенген жаңа бағыт жан-жағын, жан-жарын, әкесін, тіпті өзін қарақшыға байлап жіберді... Біз осынау азат күнде аталған тұлғалардың тұғырындағы татулыққа осы бір биіктен баға бергеніміз дұрыс сияқты.