Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан” орталық концерт залында Наурыз мейрамына арналып ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалап, концерт басталмас бұрын жиналған қауымға және барша қазақстандықтарға арнап мерекелік құттықтау сөз сөйледі.
“Осыдан 19 жыл бұрын егемендік алмай тұрып, 1991 жылы 15 наурызда менің арнайы Жарлығыммен Наурыз мейрамы ресми мереке болып жарияланғаны естеріңізде болар. Сонда “Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа” деп тіледік, жаңа жылға үміт артып, болашақтан жақсылық күттік. Тілегіміз қабыл болып, біз сол жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа, киелі тәуелсіздікке қол жеткіздік”, деп атап өтті Елбасы өз сөзінде. Төл мерекесін зарыға күткен халқымен қайта қауышқан Наурызбен бірге тәуелсіздігіміздің тамылжыған сырлы таңы атты. Қазақ елінің еркін тыныстауы да Наурызбен бірге келгендей. Енді міне, әлемдік саясатта Қазақстан шоқтығы биіктеген тұста ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзат баласының мәдени мұрасы санатына қосты. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Наурыз мерекесі халықаралық мейрам ретінде қабылданды. Жаңарған, жасарған Наурыз дала мен қалаға көктем тынысын әкелді.
Алғаш рет сахнасының төріне өнер майталмандарын Тәуелсіздік мерекесінде шығарған “Қазақстан” орталық концерт залындағы осы жолғы концерттің салмағы тым қомақты көрінді. “Наурыз нұры” деген атаумен нағыз жұлдыздар шоғырын жинаған концерттік бағдарламаның шымылдығын Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі күй атасының “Серперімен” серпіп тастады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібайдың дирижерлығымен “Серпер” сарыны аяқталысымен халқының қолпаштап, дүр еткен шапалағына қайта-қайта бас иген КСРО Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ермек Серкебаев шықты. “Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымызға шекара асып шетелге барғанымда бір керемет концерт залында ән шырқадым, алдымда да, арт жағымда да, оң жағым мен сол жағымда да жағалай ән тыңдаған жұрт. Сондай бір ғажайып сарай көрдім, ондай концерт залы бізде қашан болады деп едім. Міне, армандағаным өз елімнен табылды”, деп қуанған маэстро екі ән шырқады. Оның бірі – С.Мұхамеджановтың “Айсұлу” операсынан “Серке кавантинасы” болса, екіншісі С.Бәйтерековтің әйгілі “Жан досым” әні.
Сахнаға сыны кетпеген сырлы аяқтай, сұлу жүзіне сыңғырлаған үні келіскен КСРО Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова апамыз шығып, “Гауһартасты” маржандай мөлдіретіп төгілдірген сәтіндегі халық әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек дәл осы сәтте, дәл осы залда отырып тыңдаған жан ғана сезінетін болар. Мұнан соң Үкілі Ыбырайды көз алдыңа елестетіп, сахнаға ҚР Халық әртісі Қайрат Байбосынов көтерілген, ал ҚР Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қаршыға Ахмедияров “Елбасы” атты өз шығармасын орындады. Халық ақындығын танитын Марфуға Айтқожина “Дара тұлға” атты өлеңіне ән жазыпты, оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шахмардан Әбілов орындады. Ән асқақ, адам жанына қайрат жанитындай өр туынды екен.
Наурыз нұры сахна төрін салтанатқа, қуанышқа бөледі. Әлібек Дінішев, Жәния Әубәкірова, Ғафиз Есімов, Нұржамал Үсенбаева, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Айман Мұсаходжаева, Нағима Есқалиева сынды қазақ өнерінің жарқыраған жақұттары бірінен соң бірі ән шырқаған концерт тамашасы тыңдаған жанды ән әлемінің айдынында тербеп сырлы әуен сазымен әлдилей берді, әлдилей берді. Көңілдері көктемдей, әуен сазынан әсерге бөленген халық “Наурыз нұры” концертінен тынығып, рухани түлеп қайтып жатты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.