Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Алматыда Университеттердің жаһандық саммиті өтеді

201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алдағы күндері әлемнің әр шалғайындағы университеттердің белді өкілдері Қазақ жерінде тоғысады. 18-19 қыркүйекке белгіленген жаһандық саммит еліміздің жетекші жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтеді. Бұл шара ең алдымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарын іске асыруға, отандық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру қызметтерін экспорттауға бағытталған.

Алматыда Университеттердің жаһандық саммиті өтеді

Аталған форум ғылым мен жоғары білім беру саласындағы озық тәжірибелермен алмасу және таратуда әлемдегі бірегей және ірі платформа болып табылады.

Биыл ҚазҰУ «World University Rankings» QS дүниежүзілік танылған және беделді халықаралық рейтингте Орталық Азия жоғары оқу орындары арасынан жалғыз болып әлемнің үздік ЖОО-ларының қатарына еніп, 207 орынға ие болды.

Орайы келіп тұрғанда, ҚазҰУ әлемнің 130-дан астам жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсының тең құрылтайшысы бола отырып, бірқатар ірі жобаларды іске асырып отырғанын атап өткен жөн. Оның ішінде халықаралық ІТ-технопаркін құру бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Сондықтан ҚазҰУ-да осы беделді халықаралық ұйымның Бас Ассамблеясының отырысын өткізу заңды. Форумда жоғары білім беру саласындағы коллаборация мен интеграция, бірлескен ғылыми-білім беру және мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру және өзара іс-қимылдың басқа да бағыттары талқыланады.

Сондай-ақ, БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Тұрақты даму бойынша Жаһандық Хабын қатарынан үшінші рет басқарып отырған ҚазҰУ жаңа буын ЖОО-ның Университет 4.0 моделін әзірлеген. Ол «Al-Farabi University Smart City» тұжырымдамасының негізінде жүзеге асып отыр.  

Бұған қоса, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, ҚазҰУ және G-Global Халықаралық Хатшылығы ұйымдастыратын «Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі-2030» жаһандық конгресі маңызды іс-шара болмақ.

Жоғары халықаралық деңгейдегі іс-шаралар барлық құрылықтан 400-ден астам алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басшыларын, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдерін, белгілі ғалымдарды, сарапшылар мен академиялық топтар көшбасшыларын жинайтынын атап өткен жөн. Олар білім, ғылым, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды интеграциялау аясында Университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін талқылауға және әзірлеуге қатысады.

Форумдар бағдарламасы өте мазмұнды, мұнда пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, іскерлік кездесулер мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының жетістіктері көрмесі өтеді.

 

АЛМАТЫ