15 Қыркүйек, 2019

Өзбекстан – Түркі кеңесінің мүшесі

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзбекстан Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүшелікке кіреді. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әмреев мәлімдеді.

Өзбекстан – Түркі кеңесінің мүшесі

«Өзбекстан 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің «Нахчыван келісімін» 14 қыркүйекте ратификациялағанын қуанышпен хабарлаймын. Осылайша, Өзбекстан Түркі Кеңесінің толық құқылы мүшесі атанды. Бұл тарихи шешім «Нахчыван келісіміне» 10 жыл толуымен сай келіп отыр. Биылғы 15 қазанда Бакуде өтетін Түркі Кеңесінің 7-саммитінде Президент Шавкат Мирзиёев бастаған бауырлас ел – Өзбекстанды зор құрметпен қарсы аламыз» делінген мәлімдемеде.

 Сондай-ақ Түркі кеңесінің Бас хатшысы өз мәлімдемесінде Өзбекстан әрдайым Түркі әлемінің аса маңызды факторларының бірі екенін, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Самарқанд, Бұхара және Хиуа сияқты қалаларымен түркі-ислам дүниесінің экономикалық және мәдени бесігі болғанын да атап өтеді. 

"Бүгінгі таңда Өзбекстан тек өзінің бауырлас елдеріне ғана емес, сонымен қатар, бүкіл аймақ үшін де ынтымақтастық пен дамудың жаңа үрдісін ұсынып отыр" деп атап өткен Түркі кеңесінің Бас хатшысы.

Сондай-ақ Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу да осы ақжолтай хабарды қуана хабарлады.

«Өзбекстан Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүшелікке өту жөнінде шешім қабылдады. Өзбек тарапының ресми өтініші Түркі кеңесінің хатшылығына келіп түсті» деді М.Чавушоглу.

Түркия Сыртқы істер министрінің айтуынша, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі Азиядағы маңызды рөлге ие болады. Мәселен, ол былтыр Ыстықкөлде өткен саммитте Мажарстан тарапының Кеңеске бақылаушы болғанын еске салып өтті.

Осылайша,  Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  бастамасымен 2009 жылы қазанда Нахчыванда (Әзербайжан) өткен саммитте құрылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі түгенделіп, халықаралық ұйымның керегесі кеңейді. Бұл – түгел түркінің ынтымақ-бірлігі жолында өлшеусіз еңбек сіңірген Елбасының тікелей қажыр-қайратының арқасында қалыптасқан Түркі кеңесінің кезекті белесі екені анық.

Еске сала кетсек, бастапқыда Түркі кеңесіне Түркия, Әзербайжан, Қазақстан мен Қырғызстан кірді. Ұйым құрылғалы бері оған мүше мемлекеттер алты рет саммит өткізді.