– Ұлттық арна үнемі бүкіл халықтың назарында. Көк жәшікке телмірген көрерменге жаңа маусымда не ұсынасыздар?
– Жаңа маусымға 14 жаңа жоба әзірледік. Көпшілігі қоғамдық-саяси және әлеуметтік бағытты қамтиды. Бірінші кезекте тікелей эфирде, боямасыз, көпшіліктің қатысуымен, көрерменнің араласуымен өтетін жобаларды көбейттік. Мақсат – талапшыл да сыншыл аудиториямыздың сұранысына жауап беру. Мысалы, дәл бүгін қоғамда қызу талқыланған мәселені кешкі сағат 20:30-да Ұлттық арнада тікелей эфирде шығатын «Ashyq alañ» қоғамдық-саяси ток-шоуынан көре аласыздар. Кейінгі жылдары елдегі түрлі жағдайлар ашық талқыға түспей, біртіндеп бітеу жараға ұласып кетіп жатыр. Аналардың әкімдіктерге баруы, түрлі аймақтардағы іргелі өндіріс орындарында қазақ жұмысшылары құқығының бұзылуы, халыққа көрсетілуі тиіс қызметтерде іркіліс болуы және басқасы неден туындайды? Осы проблемалардың алдын алу үшін билік өкілдерімен ашық талқылаудың болуы маңызды.
Ұлттық арнадағы «Ashyq alañ»-да қоғам өкілдері мен Үкіметтің түрлі буындарындағы жауапты тұлғалар кездесіп, мәселені ашық талқылайды. Бұған әрбір көрермен атсалыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілер және тікелей байланыс телефондары жұмыс істейді. Бір эфирдің өзінде тек Whatsapp мессенджері арқылы 4 мыңнан аса сұрақ түссе, 1 сағаттың ішінде 1000-нан астам қоңырау болды. Екінші апта эфирге шығып жатқан бұл жоба біз үшін үлкен бір проблеманы айқындап отыр. Мемлекеттік органдарда өз ісін мықты білетін маман көп, бірақ қоғам алдына шыққанда позициясын қорғап, дәлелдей білетін спикер аз. Оның үстіне, тікелей эфирдегі көрермен сұрағынан қашатын шенеуніктеріміз қаншама? Продюсерлеріміздің күнделікті келіссөздерін көрсеңіз, таңертең вице-министрмен келіседі, түсте ол орнына департамент басшысын ұсынады, кешкісін эфирге бас сарапшыны жібереді. Уақыт өте бұл жүйе де қалыптасар деген үміттеміз.
Медиа менеджер ретінде мен үшін тағы бір маңызды жоба «Niet» деп аталады. Байқасаңыздар, біздің қоғамда түрлі көмекке мұқтаж адам көп, сонымен қоса оларға көмектескісі келетіндер де жеткілікті. Тек жолдарын біле бермейді. Міне, сондай адамдарды біріктіретін «Niet» әлеуметтік жобасын ашудағы мақсатымыз – сапалы телевизиялық шоу жасау ғана емес, сонымен қоса кез келген қиын жағдайды бірлесе жеңуге мүмкіндік бар екенін көрсету. Бұл тележобаның тірегі, басқалардан өзгешелігі – білікті де іскер сарапшылар тобы. Мұнда психологиялық көмектен бастап, сан салалы мәселелер бойынша нақты қолдаулар ұсынылады. Студияға көмек сұрап келген бірде-бір адам құр қол қайтпайды. 9 қыркүйектен бастап эфирге жол тартқан жобаның алғашқы шығарылымының өзінде ауыр дертке шалдыққан бір жасар сәбиді шетелге емделуге жібердік. Екінші эфирге тағдыры қиындыққа толы Зүлфия Жұмабаева есімді бес баланың анасы келді. Паналайтын жер таппай жүрмін деген оған «Qazaqstan» арнасының тікелей эфиріне хабарласқан Астана маңындағы Қоянды ауылының тұрғыны екі бөлмелі пәтер сыйлайтынын айтты. Оған қоса, «Қарекет» қайырымдылық қорының өкілі студияда үш бөлмелі баспананың кілтін тапсырды. Бұл бағдарлама ұжымы үшін де, көмек сұрап келген көп балалы ана үшін де күтпеген жағдай болды. Біз ақша жинамаймыз, студияға келген кейіпкерге бағдарламаны көріп отырған әр қазақстандық қол ұшын соза алады. Жоба жұмыс күндері сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін, екі сағат бойы тікелей эфирге шығады.
Телевизия – қашанда ұжымдық еңбек. Нәтиже режиссер, оператор, дизайнер, монтажер, редактор, продюсер сияқты көптеген маманның шеберлігі мен жауапкершілігіне негізделеді. Бірақ жобаға жан кіргізетін, сәтті немесе сәтсіз шығуына басты себепкер – жүргізуші. Сол үшін біздің жаңалықтарды енді тек кәсіби журналистер жүргізеді. Армангүл Тоқтамұрат, Альбина Әшім, Саламат Омаш, Шерхан Жамбылұлы – жас болса да, төртеуінің де тілшілік тәжірибелері, не нәрсеге өзіндік көзқарастары бар. Екі жаңа ток-шоуды тікелей эфирде жүргізетін Нартай Аралбай мен Гүлназ Әлімгерейді ерекше атап өткім келеді. Ал қазақ телевизиясының нағыз мэтрі атанған белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының эфирге оралғанына қалың көрермен қуанғаны сөзсіз. «Nur Tileý» бағдарламасы жүргізуші мен кейіпкер арасындағы интеллектуалды диалогқа құрылады. Белгілі қайраткерлермен, ел таныған тұлғалармен сұхбатқа Нұртілеу Иманғалиұлынан асқан шебер жоқ деп санаймын. Ағамыздың тосын сұрақтарына тосылмай жауап береміз деген саясат, руханият өкілдерін студияда күтеміз.
Атын сақтай отырып, затын өзгертудің не екенін көрермендер «Аpta» бағдарламасынан көрді ғой деп білемін. Өтер аптадан қандай саяси, экономикалық және рухани бедер қалды, қай құбылыс қуантты, нендей оқиға опындырды?! Бұл ретте автордың тәжірибесі, әр оқиғаға деген көзқарасы маңызды. Біз оған танымал журналист, телевизия саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар Жайна Сламбекті шақырдық.
Ал ауыл тұрғындарының боямасыз тұрмыс-тіршілігі, өз алдына кәсіп ашып, түтінін түтетіп отырған шалғай елді мекендердегі ағайынның өмір салтын бейнелейтін «Ауылдастар» жобасы да жаңа маусымдағы негізгі өнімдердің бірі. Бағдарламадан кәсіп ашып, көпті асырап отырған ағайынмен жақынырақ танысасыздар.
Ұлы далада ұлттық және классикалық мәдениетті тоғыстырған өнер ордасы көп. Әрбірінің көпшілік біле бермейтін сырлары бар. «Мәдениет жауһарлары» атты боямасыз бағдарлама көрерменге сол ордаларды армансыз аралатады.
Бір күнде өз ісінің шебері не тындыра алады? Соны зерттеу үшін «Бір күн» бағдарламасында журналист өнерге өмірін арнаған шын майталманның қасында жүріп, ала таңнан қара кешке дейінгі еңбегін көреді, толғаныстарын тыңдайды.
Біле білсеңіздер, Ұлттық арна үшін бұл – 61-ші телевизиялық маусым. Яғни, біз бүгінгі үлкен телевизиялық тарихтың тарыдай ғана бөлшегіміз. Қарашаңырақтағы сабақтастықты сақтау – парызымыз. Бұл маусымда 14 жаңа жобаның тұсауын кессек, көрерменнің жоғары бағасына ие болған 10 бағдарлама жалғасын табады. Жаз бойы жасалған ұжымның берекелі жұмысының нәтижесінде көрермендер түрленген «Tañsholpan»-ды, жаңарған «Dara jol»-ды, ажары ашыла түскен «Kelbet»-ті тамашалайды. Одан бөлек, «Mа́sele», «Parasat maidany», «Jan jylýy» сияқты бағдарламаларды да көрерменге қайта ұсынып отырмыз.
– Ойын-сауықтық бағыттағы жобаларға қай деңгейде мән беріліп отыр?
– Жаңа маусымнан бастап осы бағыттағы «Екі жұлдыз» музыкалық жобасы, «Толағай» отбасылық бағдарламасы эфирге шығады. Сондай-ақ төл өнерімізді, қазақтың сөз өнерін дәріптейтін ақындар айтысы эфирге тұрақты түрде беріліп тұратын болады.
«Екі жұлдыз» жобасының қатысушылары арасында эстрада жұлдыздарынан бөлек, депутаттар, белгілі спортшылар, кино және театр актерлері, айтыскер ақындар, кәсіпкерлер, тележүргізушілер бар. Жоба алдағы аптадан басталып жыл соңына дейін жалғасады.
Ал «24 sağat tabiğat kushağynda» географиялық реалити-шоуы арқылы Тұзкөл, Көлсай көлдері, Шарын, Бозжыра шатқалдары, Сібе көлдері, Марқакөл, Қарқара, Қарқаралы, Бектау ата, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Ұлытау және Ақтау таулары сияқты адам аяғы көп баса бермейтін жерлердің кереметін көрсетеміз.
– Корпорация отандық телехикаяларға байқау жариялады. Өндіруші компанияларға қандай талаптар қоясыздар?
– Байқау жариялаудағы басты мақсат – отандық сериалдар сапасын арттыру және тақырыптар ауқымын кеңейту. Ұсыныс беруші компанияларға қойылатын негізгі талап – телехикаялар өндірісі саласындағы тәжірибесінің болуы. Бұл ретте маусым алдында елдегі ірі өндіруші компаниялардың жетекшілерімен басқосу өткізіп, нарықтағы негізгі мәселелерді сараладық. Биылғы жылы жалпы саны 219 бөлімнен тұратын 14 телехикая түсірілді. Олар түрлі жанрды қамтиды. Соның ішінде алғаш болып көрерменге жол тартқан «47 баланың анасы» телехикаясы арқылы қоғам назарын жетім және тастанды балалар мәселесіне аударуға тырыстық. Туынды көрермендер тарапынан оң бағаға ие болып отыр. Сондай-ақ бұл маусымда көпшілік арна эфирінен алғаш рет детектив жанрындағы телехикаяларды тамашалайтын болады. Тарихи жанрдағы телехикаялар бүгінгі кино өндірісі саласындағы ерекше қадам десек, бұл бағыт бойынша да алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Жақында көрерменге Ұлттық арна түсірген «Орбұлақ шайқасы» тарихи телехикаясы жол тартады.
Корпорация 2020 жылы аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай түсірілетін тележобаға да ашық байқау жариялаған болатын. Мерейтой қарсаңында көпшілікке лайықты еңбек ұсынатын боламыз.
– Өзге де медиа ресурстардағы жаңа маусым жөнінде айтып өтсеңіз…
– «Balapan» балалар арнасы жаңа маусымда кішкентай көрермендеріне үлкен базарлық әзірледі. Балдырғандар санасына сіңіруі тиіс терең тарихымыз бен салт-дәстүріміз отандық 11 анимация мен 4 телехикаяда көрініс табатын болады. Сондай-ақ 5 бірдей жаңа бағдарламаның тұсауы кесіледі. 9 қыркүйектен бастап «Balapan» арнасы таңғы 07:00-ден 00:00-ге дейін хабар таратуға көшті. Яғни, бұрын тәулігіне 14 сағат тарайтын арна енді 17 сағат бойы эфирде. Қыркүйек айында арнаның логотипін бала түсінігіне лайықтап, сәл өзгертіп шығардық. Оны кішкентай көрермендеріміз аңғарған болар.
Теленарыққа енгеніне 1 жыл толған «Tamasha TV» арнасы биыл міндетті эфирлік арналар қатарына қосылып, көрерменге бұрынғыдан да қолжетімді болды. «Qazsport» арнасынан 2019-2020 жылдарға бірнеше ірі трансляция жоспарланып отыр. Атап айтсақ, қыркүйек айында елордада басталатын күрес түрлерінен Әлем чемпионаты, футболдан клубтар арасындағы Әлем біріншілігі, қол добынан әйелдер арасындағы Әлем біріншілігі, Құрлықтық хоккей лигасы, хоккейден жастар арасындағы Әлем чемпионаты, кәсіпқой бокс кештері, Еуропаның үздік бес чемпионатының матчтары, EURO-2020 іріктеу кезеңдері, ММА жарыстары, «Әлем барысы» халықаралық турнирі және 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпия ойындарының көрсетілімдері бар.
Радиоарналарымызда да әлеуметтік, рухани-танымдық бағыттағы жобаларға басымдық беріліп отыр. «Қазақ радиолары» ЖШС-ында 42 жаңа жобаның тұсауы кесілді. «Qazaq radiosy»-ның әуе толқынынан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай жаңа бағдарлама жол тартты. «Жүректің көзі ашылса» радиохабары ақынның рухани әлемінен сыр шертеді. Сондай-ақ радио эфирінен ұлы ақынның «Қара сөздері» беріліп, нақыл сөздерінен арнайы аудиороликтер әзірленді. Осы орайда «Classic» радиосының ұлттық музыка өнерінің насихатына ден қоя бастағанын айта кеткен жөн. Жаңа маусымдағы «Кертолғау» хабары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мыңжылдыққа ұласқан қазақтың дала фольклорынан сыр шертеді.
– Көрермен қай арнада болсын жарнаманың көптігін жиі талқыға салып жатады. Бұған қатысты сіздің ойыңыз қандай?
– Нарық заманында жарнамасыз болмайды. Тек мемлекетке алақан жайып отырсақ, біз көпшілікке ұсынатын қызықты бағдарламалардың біразына қаржы таппай қалар едік. Жақсы өнім жеткілікті қаржыға түсірілетініне қазір барлық телеарналар көз жеткізген. Содан кейін жарнаманың көптігі – бағдарлама немесе киноөнім өтімді деген сөз. Егер сол кино, бағдарлама шығар уақытта тура сол арна қосулы болмаса, жарнама берушілер оған келмес еді.
Ал біз тек жарнамадағы сөздер санаға сыйымды, көпті ұялтпайтындай болуын қадағалаймыз. Кейбір мәтіндерін қайта жазып, кей көріністерін қайта түсірулерін талап етеміз. Бірақ өз тарапымыздан оған ештеңе қосуға немесе алып тастауға хақымыз жоқ.
– Корпорацияның алға қойған жоспары, межелеп отырған мақсаты қандай?
– Биылғы көктем мен жаз бойы бір тынбастан қыркүйекте басталатын телемаусымға дайындық жүргіздік. Сан түрлі ұсыныстар сараланды. Көрермендер тарапынан жиі айтылатын сын-ескертпелер назарға алынды. Бірінші мақсат – ұлттық, рухани дүниелерді сақтай отырып, арнаны нарықта бәсекеге қабілетті ету. Сала басшысы – министр Д.Абаевтың да қойып отырған талабы – осы. Бұл маусымды жақсы көрсеткіштермен бастап отырмыз. Ұжымның жаз бойғы берекелі жұмысы нәтиже бере бастады. TNS Central Asia зерттеу компаниясының деректері бойынша «Qazaqstan» ұлттық арнасының рейтингтік көрсеткіші биылғы көктеммен салыстырғанда 121 пайызға өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Бастысы – мемлекеттік, ұлттық мақсаттарды орындай отырып, қарапайым көрерменнің көңілінен шығу.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»