«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деп ұлы ақын Абай айтқандай, ақын өсиетін жастайынан көкейіне түйіп, оқу-білім, ғылымға ұмтылған киелі Жамбыл облысының тумасы Сәрсенғали Әбдіғалиұлы есейе келе өмірден өз орнын тауып, бүкіл саналы ғұмырын білім-ғылым саласына арнаған тұлға. Оның өмірі мен атқарған ісі жас буынмен қатар, өзімен қатарласа қызмет етіп жүрген барлық замандастарына да үлкен өнеге. Осынау өнегелі өмірінде «Білімді болудың мақсаты мансап емес, қоғам мен халқыңа қызмет ету» деп білген ұлағатты ұстаздың әрбір әрекеті, берген білімі барлық шәкірті үшін қашанда ұмытылмас дүние.
Ғалым-ұстаздың жарты ғасырлық педагогикалық қызметінде бірнеше оқулықтармен қатар, 500-ден астам ғылыми мақалалары баспасөз беттері мен ғылыми басылымдарда жарияланып, қазақ ғылымы мен біліміне үлкен үлес болып қосылды. Бұл еңбектерінде автор әлемдік құндылықтар, мемлекеттік саясат пен үш тұғырлы тіл мәселесі, студент-жастар тағдыры, өз замандастары, әріптестері, ұстаздары туралы толғанумен қатар математика ғылымы саласында әлемдік деңгейде зор мәнге ие құнды дүниелерді жазып шықты. Ғалымның осынау қажырлы еңбегі мен басқа да қабілет-қасиеттерін ескерген Испания корольдігінің докторлар академиясы оны толық мүшесі етіп қабылдады. Сондай ақ Сократ атындағы халықаралық сыйлықты иеленді.
Байсалды басшы, ерік-жігерге толы азамат Сәрсенғали Әбдіғалиұлы Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қарапайым оқытушыдан оқу ісі жөніндегі проректорға дейін көтеріліп, жиырма сегіз жыл бойы осы оқу орнында қызмет атқарды. Бұл оның өз ісін жете меңгерген тәжірибелі маман екендігін танытатын нақты айғақтың бірі. Қызметтік жолында мол тәжірибе жинақтап, кәсіби кемеліне келген тұста 2000-2004 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің бірінші проректоры, 2004-2008 жылдары – осы маңдайалды университеттің ректоры қызметін атқарып, оқу орнының беделін заманауи талапқа сай идеяларымен әлемге таныта білді. Адамның азаматтық келбеті жасаған жағымды істерімен, тер төгіп сіңірген еңбегімен айқындалады. Оның тікелей қатысуымен ЕҰУ базасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы ашылып, бүгінгі таңда ойдағыдай жұмыс істеуде. Ал 2012 жылдан бері Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұлағатты сөз бар. Сол себептен ағамыздың күнде айтыла бермейтін қандай қырына тоқталсақ та, артықтық етпес. Құрметті ғалым-ұстаз, білікті басшының оқу-білім мен ғылымдағы, педагогикалық-ұйымдастырушылық қызметтегі ерен еңбектерін, оның жақсы нәтижелерін таңды таңға асырып баяндауға болатындай. Ол жалпы жұртқа жақсы таныс. Тегінде адами игі қасиеттер – адалдық, адамгершілік, кісілік, кішілік, қарапайымдылық пен қайырымдылық сынды сапалық белгілердің орны ерекше екендігі белгілі. Сондықтан жақсы қызмет, үлкен жұмыс, биік мәнсап – бәрі өткінші; бүгін бар, ертең жоқ дүниелер. Ал халыққа керегі, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлығы – адамгершілік, адами қасиет, кісілік келбет пен бекзаттық болмыс бітім. Бұлар адамның ана сүтімен беріліп, өзімен бірге мәңгі бірге жүретін асыл белгілер.
Мен үшін Сәрсенғали Әбдіғалиұлы осындай асыл қасиеттердің барлығын бір бойына сіңіре білген өнегелі өмір иесі. Ол кісі мені Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетіне проректорлық қызметке жаңадан келген кезімде өзінің ағалық ілтипатын көрсетіп, Астана қаласына орнығуыма, сіңісуіме үлкен септігін тигізген ардақты жан. Қандайда болсын жұмысты меңгеру үшін бір-ақ әдіс бар, ол – үйрену. Менің де Сәрсенғали Әбдіғалиұлынан үйренгенім ауыз толтырып айтарлықтай. Басшылық қабілетті, ұйымдастырушылық шеберлікті үйрендім, адамдармен іскерлік қарым-қатынас орнатуда, көпшілікпен санасып жұмыс істеуде көп сабақ алдым. Халықтың дәстүрі, салты, адамның адамгершілігі, мінезі сияқты мәселелер бойынша әңгімелесе қалсақ, Сәрсенғали Әбдіғалиұлы алуан түрлі мысал келтіріп, әңгіменің шырайын кіргізеді. Әрбір сөзінен мәдениеттіліктің, терең білімділіктің нышанын аңғарасың. Осылайша өзінің сөзімен, ісімен, жүріс-тұрысымен бізді де, әріптестерін де тәртіпке, адалдыққа, тазалыққа, мәдениеттілікке үйретті. Мұндай тау тұлғалы азаматтан бірнеше жыл бойы тәлім алып, қызметтес болғанымда байқағаным, ол кісінің еңбегінің басты ерекшелігі – тазалығында еді. Қоғамда қанша басшы туралы, оның ішінде ректорлар жайында да алып-қашпа сөздер айтылып жүретіні жасырын емес. Алайда, сондай сөздерден өзін аулақ ұстап, қарамағындағылардан да соны талап ету нағыз тазалықтың белгісі деп білемін. Жаны таза жанның еткен еңбегі де таза болып сақталатыны ақиқат. Сондықтан қызмет жолындағы қажырлы да таза еңбегі еленген ғалым-ұстаз «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген білім қызметкері», «Таңдаулы ректор», «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгілерін иеленді.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы бизнес және басқару бағытындағы бірден-бір мамандандырылған арнайы жоғары оқу орнының жаңа сипатта дамуы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары оқу орындарына жүргізген рейтингісінде ТОП-10 ЖОО қатарында болуы Сәрсенғали Әбдіғалиұлының стратегиялық мақсаттарды дұрыс анықтауымен сабақтасып жатыр.
Білім және ғылым министрлігі тарапынан болатын кезекті және арнайы тексерулерде ешбір тәртіп бұзушылықтың айқындалмауы, халықаралық аккредитациялау ұйымдары тарапынан болған бақылау барысында сапалы даму мен барлық білім беру бағдарламаларының заман талабына сай жасақталуы мамандар тарапынан таңданыс тудырып жатады. Мұндай жетістіктер мен көрсеткіштердің басында Сәрсенғали Әбдіғалиұлының тынымсыз еңбегі мен зор ұйымдастырушылық қабілеті тұрғаны жасырын емес.
Академик Әбдіманапов өзінің тындырымды істерімен, батыл бастамаларымен қазіргі заманның сегіз қырлы, бір сырлы азаматының келбетін қалыптастыра білді. Абырой-беделінің кеңдігіне қарамастан қарапайым болуы ол кісінің тектілігін сипаттайды. Ұрпақтар сабақтастығына аса мән беруі, жасы үлкен азаматтарға ізгілік ілтипатын көрсетіп, жастарға арқасүйер қамқор аға бола білуі оның көңіл дархандығын бейнелейді.
Сәрсенғали Әбдіғалиұлының әрбір сөз саптауының, әрбір әңгімесінің астарында адамгершілік құндылықтар жатады. Өсіп-өнген ортасы, ата-анасының мейірімі, туған жерге сағынышы туралы кей-кейде әңгімелегенде тәрбиелік мәні терең мәліметтерге қанығасың. Қарапайым ғана өмірдің мысалын көңіл көкжиегіне ерекше әсерлеп жеткізеді. Кей сөздерінің тереңдігі соншалық, уақыт өте келе ғана оның дәл айтылғанын түсінесің. Ол ұстазға тән қасиет деп білемін.
Сәрсенғали Әбдіғалиұлы креативті басшы екенін барлығы мойындайды. Көптеген жоғары оқу орындарының басшыларына студенттер мен қызметкерлер кіру үшін алдын ала жазылып, тек арнайы қабылдау күндері ғана жолығу мүмкін болса, ол кісіге кез келген күні және кез келген уақытта кабинетіне кіріп, емін-еркін мәселені айтуға болады. Нәтижесінде көтерілген мәселені Сәрсенғали Әбдіғалиұлы тез және әділетті шешіп береді. Ағамыздың осы қасиетін бүгінде мен де өз қызметімде ұтымды қолданып жүргенімді мойындаймын.
Академик Әбдіманапов жастардың жанашыры. Өзі басқарып отырған университеттің профессорлық-оқытушылық және қызметкерлер құрамының басым көпшілігі жастар. Студенттердің, жас мамандардың тұрмыстық, қаржылық мәселелерін шешуге келгенде ол кісідей қамқор жан жоқ.
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің бүгін ауыз толтырып айтатын дәрежесі, беделі, танымалдылығы Сәрсенғали Әбдіғалиұлының аянбай жасаған жемісті де жеңісті еңбегінің нәтижесі деп білемін. Кешегі шағын ғана оқу орнын қазіргі іргелі әрі танымал университет деңгейіне көтеруі «Әбдіманаповтың басқару стилі» ұғымымен тікелей байланысты.
Тәуелсіз еліміз үшін бәсекеге қабілетті болудың бір шарты қарыштап дамыған экономика болса, соған ең қажетті дүние білім екендігін ол кісі үнемі айтып отырады. Халқымыздың «Білекті – бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлағатты сөзін көңіліне медеу қылып, білімді нұрлы ақылмен таниды. Бүгінде білім және ғылым саласында болып жатқан түрлі реформалардың барлығы да заманға сай түрленуге, оның сұранысына жауап беруге бағытталғандығын терең сезінген ғалымның оларды жүзеге асыру жолында қосатын үлесі алдағы уақытта да қомақты болмақ.
Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры,
экономика ғылымдарының докторы, профессор