Руханият • 16 Қыркүйек, 2019

Әділім-ай, Әдекем-ау!..

322 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан он шақты күн бұ­рын телефон шалғанымда да­уы­сың бәсең тартып қалған екен. Бұрынғыдай ұзағырақ әңгі­мелесуге құлқың болмады. Аман­дық-саулық сұрастық та қойдық.

Әділім-ай, Әдекем-ау!..

Сонда жамандыққа қимай, «Ер жігіт қой, ауруына оңай­лық­пен беріле қоймас, медицина да дамыған», деп өзімді өзім жұбатқанмын.

Енді мына суық хабарды естіп отырмын.

Сол суық хабар жүректі қы­сып, өкпені өрекпіткенімен, сана шір­кінді сапырылыстырып, түу, сонау 1961 жылы таныс­қан­нан бас­тап күні бүгінге дейін жал­ғас­қан достығымыздың әр ке­зең­ін есіме түсіре береді.

Ұстаздарымыздан дә­ріс тың­дап, арты­нан кітап­ха­на­ның оқу залына барып, ауди­то­рия­­­дағы «кәйпімізді» одан әрі жал­ғас­тыратын кез­дерімізді айт­сайшы! Қалтамыздағы соңғы тиы­ны­мыз­ға құрастырып алған қара нанға қарынды қампита той­дырып, соған шала байып қоқиланатын шақтар...

Оқу бітірген соң сен бірден рес­пуб­ликаның бас газеті «Социа­лис­тік Қазақстанға» қызметке қабылданып, бір күнде бүкіл елімізге әйгілі журналист болып шыға келдің. Кейінірек, бұл газетте меншікті тілші болып мен де жұмыс істедім. Сол кезде Жамбыл облысын бастан-аяқ шарлап едік-ау. Екеуміздің де туған жеріміз Мойынқұмның күнгейіндегі қатар жатқан ауыл­дар болғандықтан да алғашқы әңгіме, хикаяттарымыз да осы құм, құм адамдары туралы болып шықты...

Тағдыр сені ауыр сынға салды. Ұлың Айдарды өзіңнен бұрын әкетіп еді өмірден. Соның күйі­гіне шыдай алмадың ба? Күрт түстің-ау, Әділ. Қайтейін. Дариға мен балаларға берік бол деген­нен басқа шара жоқ. Бақұл бол, бауырым!

 

Елен ӘЛІМЖАН