Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2019

Сәні мен сапасы сай

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдетте республикамызда жеңіл өнеркәсіп саласының, соның ішінде тігін өндірісінің бауырын жаза алмай жүргені жөнінде әңгімелер айтылып қалады. Мұны жоққа шығаруға да болмас. Дегенмен ел өңірлерінде бұл тұрғыда бәсекелестікке төтеп бере алатын, әрі шығарған өнімдерінің сәні мен сапасы бір-біріне сәйкес келетін тәп-тәуір тігін кәсіпорындары бар екенін де айтқанымыз жөн.

Сәні мен сапасы сай

Соның бірі Ақтөбе қаласындағы «Глобал арнайы киім өндірістік бірлестігі» ЖШС десек, қателесе қоймаспыз.  Тіпті оны тұтастай еліміздегі батыс өңіріндегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы көш бастаушы кәсіпорын десек те, артық айтқандық емес. Компанияның басты бағытын өндіріс пен тұрмыстық қызметтің барлық саласы қызметкерлеріне арналған арнаулы киімдер өндірісі құрайды. Сонымен бірге мұнда азаматтарға арналған сыртқы киімдер мен күртешелер және жылы орамалдар мен төсек-орын бұйымдары да шығарылады. Сапалы өнім өндірудің басты бір тетігі заманауи технологияларға байланысты десек, бұл жөнінен де «Глобалдың» бәсі биік тұр. Осы арқылы жылына 250 мыңнан астам сапалы және экологиялық тұрғыдан таза арнайы және азаматтық сипаттағы киімдер сауда орындарына жөнелтіледі. Соңғы үлгідегі жабдықтарға қоса жеңіл өнеркәсіп жаңашылдарының сапасы жоғары, төзімді маталар мен аксессуарларды және изоляциялық өнімдерді қолдануы да тұтынушылардың талғамынан шығуда.

«Глобал» компаниялар тобының жетекшісі Надежда Шабаеваның айтуынша бірлестіктің барлық өнімдері «Сапа менеджементі жүйесі» сертификаттарының стандарттарына сәйкес келеді. Жеңіл өнекәсіп кәсіпорны дүкенінің сөресіне көз салған тұтынушылар мұндағы отандық өнімдердің бағасы қымбат емес, кез-келген отбасы үшін қолжетімді екенін көрер еді. Мысалы ер азаматтарға арналған 54 өлшемдегі жылы күртешенің бағасы небәрі 18 500 тенге тұратыны алдыңғы пікіріміздің айғағы.

Тағы бір сүйсінерлік жәйт қазіргі күні бірлестікте өндіріс өлшемін өсіру үшін жаңа өндірістік тігін кешені құрылысының жүргізіліп жатқаны. Оған 1 миллиард 200 миллион тенге жеке инвестициялық қаражат тартылған. Қосымша кешен іске қосылған кезде жаңадан 500 жұмыс орны құрылмақ. Оның қуаты жылына 900 мың тігін бұйымдарын шығаруға лайықталған. Сол кезде кәсіпорын жылына 250 миллион тенге салық түсімдерін түсіруге мүмкіндік алады екен.

Бүгінгі күні кәсіпорында 200 ден астам адам жұмыспен қамтылған. Оның 30 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларды тәрбиеленген қыз-келіншектер құрайды. Бірлестікте жоғарыда айтылғандай жаңа жұмыс орындарын құру мен қатар кәсіби мамандықта алдын-ала әзірлеу бағдарламалары да қарастырылған.

Айталық бірлестік базасында өткен 2018 жылдың наурыз айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік тпалатасының қолдау көрсетуімен оқу-өндірістік кешен құрылған. Бұл қадам тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамтыу жөніндегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін жасалған екен. Сөйтіп, осы арқылы 7 топта 194 тігінші-мамандар әзірленіпті. Аталған түлектердің 80 пайызы «Глобал арнайы киім өндіріс бірлестігіне» орналастырылған. Олардың қатарында жұмыссыз жүрген көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да жеткілікті. Олар кәсіпорын жанындағы оқу-өндірістік кешенге аудандық және қалалық жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасымен келген еді, -дейді компаниялар тобының жетекшісі Н.Шабаева.

Сөз соңында елімізде «Глобал» секілді арнайы және сыртқы азаматтық киімдер тігуге маманданған кәсіпорындар көбейген сайын, жеңіл өнеркәсіптің жүгі де соғұрлым салмақты бола түсер еді демекпіз

 

АҚТӨБЕ