Әлемдегі ең өндіргіш үздік 500-ге кіретін суперкомпьютерді еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орындарын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсының Халықаралық IT-технопаркін құру бойынша жұмыс істейтін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алады.
«Silicon Valley» моделі бойынша құрылатын IT-технопаркі мен суперкомпьютерлік және бұлтты есептеулер орталығы ҚазҰУ-дың «Жоғары технологиялар аймағында» орналастырылады. Қазіргі уақытта инфрақұрылым мен қажетті үй-жайларды дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ бұл жерде «Индустрия 4.0» ұжымдық пайдалану орталығы мен көрме орталығы орналасатын болады. ҚазҰУ-да құрылатын әлемдік деңгейдегі ІТ-технопаркі Елбасының ІТ-индустриясын қалыптастыру және елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыру драйверлерінің біріне айналмақ.
Бейжіңдегі Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің алтыншы отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан қытайдың компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар, технопарктер мен IT-орталықтар құруға мүдделі екенін атап өтті.
Үкімет делегациясының құрамында Қытайға сапары барысында ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов белгілі жоғары технологиялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. «Inspur» компаниясымен жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар жоғары өнімді серверлер, ҚР-да деректерді сақтау жүйелері мен дербес компьютерлерді өндіру бойынша бірлескен жобаны іске асыру, сондай-ақ алдыңғы қатарлы сандық технологиялар трансферті және Big Dаta, заттар интернеті, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және т. б. бағыттарда ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерін талқылады.
Мұндай жобаларды табысты жүзеге асыру «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ықпал етіп, ғылымды қажетсінетін технологияларды дамыту мен ел экономикасын жаңғырту локомотивтерінің бірі болмақ.
АЛМАТЫ