Руханият • 16 Қыркүйек, 2019

Лондонда «Астана Балет» театрының гастролі қошеметпен аяқталды

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері даңқты «Ковент Гарден» Қазақстанның балет труппасын алғаш рет үлкен қошеметпен қарсы алғаны өнерсүйер қауымға аян. «Астана Балет» әртістері Корольдік театрдың жаңа – Линбури Холл сахнасында өнер көрсетті. Лондонның талғампаз көрермені астаналық ұжымның шеберлігіне тәнті болып, гастрольдік бағдарламаны зор қошеметпен қабылдады. Көрермен залында ине шаншыр орын қалмады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Лондонда «Астана Балет» театрының гастролі қошеметпен аяқталды

Өнерсүйер қауымға Театрдың танымал еткен «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисменті мен неоклассикалық репертуарға жатытын – «Love Fear Loss» және «A Fuego Lento» бір актілі балеттері тарту етілген. Сонымен театрдың Тұманды альбионнан жолдаған жаңалықтары төмендегідей.

 – Мені артистердің шеберлігі тәнті етті. Бишілердің пластикасы, артистизмі, музыканы сезінуі таң қалдырады. Лондонға небір балет труппасы келеді. Бірақ, шынымды айтсам, бұл ұжымның өнерін тамашалап, бір жасап қалдық. Ұлттық киімдеріңіз, музыкаңыз ғаламат, – дейді Салли Мур есімді көрермен.

Кеш бағдарламасындағы «Саломея» бір актілі балетінің лондондық премьерасы да ойдағыдай өтті. Ағылшын драматургы Оскар Уайльдтың библия әпсанасын өзінше тәпсірлеген пьесасы, Мукарам Авахриге ерекше әсер етіп, осы қойылымды жасауға шабыт сыйлады:

 – Оскар Уайльд шығармасының желісімен қойылған балетті Лондон жұртшылығының назарына ұсынғанда шыны керек, толқып тұрдық. Бір жағынан бұл мақтаныш, екінші жағынан, зор жауапкершілік. Көрермен ықыласына қарағанда, біздің еңбегімізді бағалап, хореографиялық шешімімізді түсінген сыңайлы. Өз басым, әртістерімізге, бүгінгі кешке дән ризамын, – дейді  «Астана Балет» Театрының бас балетмейстері.

Отандық хореографтың авторлық спектаклі көрермен көңілін тебірентті. Талғампаз көрермен хореографиялық иірімдерді, түстерді ойнату, декорация, костюмдер мен музыканың үндестігін ерекше атап отырды:

 – Бояуы қанық балет. Оқиғаға жан біткен. Сахнадағы әркеттен көз ала алмайсың. Өз басым, хореографиясын ұнаттым. Әртістердің сахнадағы қозғалысы экспрессияға толы, көңілім тасып тұр, – деген ойымен бөлісті, Уильям Бинк есімді көрермен – балет Оскар Уайлд пьесасының желісімен жасалғанымен, мұнда шығыстың реңі басым: бәлкім, бұл музыканың әсері ме екен. Бұл ғажап әуендер спекаткль соңына дейін бүкіл зейінімізді қойылымға аудартып, ерекше тебірентті.

 – Бір кездері «Саломея» операсын тап осы сахнада қойған болатын. Оны өз көзіммен тамашаладым. Сол себепті, «Астана Балеттің» Лондонға әкелген бағдарламасына қызығушылық таныттым, әмбеге аян әпсананың пластикалық шешімін тамашалағым келді. Өз басым, бұл ғаламат қойылым деп айтар едім, – деді Лондон тұрғыны Вера Угарова.

«Астана Балет» Театрының гастролін Мәдениет және спорт министрлігі «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асырды.