Руханият • 17 Қыркүйек, 2019

Фариза... Фариза – жыр... Фариза – тағдыр...

1056 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

– Әпке, артық билетіңіз жоқ па? Қанша болса да сатып аламын... – деп қиылды студент қыз.

– Жоқ, өзім де билет таппай, не істерімді білмей тұрмын, – деді бала жетектеген орта жастағы келіншек күмілжи.

Бұл – М.Әуезов театры ал­дындағы «Фариза» спектаклінің пре­мьерасы күнгі көрініс. Алма­тыны қанша жерден мәде­ниеттің ордасы десек те, дәл осын­дай есікке ентелей ішке кі­руге ұмтылған есепсіз көрер­мен­нің қарасын көрмегелі көп болып еді. Қуандық һәм ой­лан­дық. Халық ақынын сағы­нып­ты...

Фариза... Фариза – жыр... Фариза – тағдыр...

Сол сағыныш бізді де Арқадан Алатауға қарай асықтырған. Алып-ұшып жеткендегі мақ­са­тымыз – «Фаризаны» көру, сах­надағы ақын жырымен, ақын мұңымен сырласу. Сол кештегі театрдың іші мен сыртын лық толтырған әр көрерменнің көңіл түкпіріндегі толқынысты се­зім еді бұл. Әрқайсымыз ішіміз­дегі осы бір толғаныспен өз Фари­замызды іздеп театр табал­дырығын аттадық.

Бұл күні халық көп жиналды. Жас та, кәрі де, ақын да, жа­зушы да, актер де, әнші де – театрға табаны жеткеннің барлығы қарашаңырақ төрінен табылды. «Фаризаны» көру үшін ғана республиканың түкпір-түк­пірінен алмалы қалаға арнайы сапарлап келгендердің қарасында шек жоқ. Қойылымның тұ­сау­ке­сері өнердің шын мәніндегі ме­рекесіне айналғандай. Иә, халық ақынын сағыныпты...

Демімізді ішімізге тартып, тағатсыздана шымылдық ашылар сәтті күттік. Ол да ұзақ тос­тыр­мады. Уәде етілген уақытта жарық сөніп, спектакль басталып кетті. Сахна түкпірінен жауын астында малмандай су бол­ған жалғыз бейне көрінді. Қуан­ғаны ма, қиналғаны ма – ке­йіпкер көңіл күйін ажырату қиын. Ұзақ үнсіздіктен соң Фа­ри­за тіл қатты. Өлеңімен өмірге жан бітірді. Көпшілікке сыр ақтарды.

Дара күндерімнің,

нала түндерімнің

Серігі болғаның үшін,

сенімі болғаның үшін

Мен сені аялап өтем, Өлең!

Азапты қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін.

Менің мынау қиындау

тағдырым болып

О баста көріскенің үшін.

Мен сені аялап өтем, Өлең!

Өмірін өлеңге балаған Фаризаны өзгеше мүсіндеу мүмкін де емес еді. Осыны терең ұғынған автор Роза Мұ­­­қанова оқиға желісін пендауи, тұрмыстық қай­шы­лықтардан алшақ әке­тіп, Ақын мен Тағдыр ара­сындағы тартысқа құрады. Яғни Фариза жармақ бейнеге айна­лады. Екіге бөлінген бір-біріне кереғар әлем қойылым басталғаннан шымылдық жабылғанға дейін тартысып өтеді. Бірі – өнердің мәңгілік биігін көксесе, екіншісі – қарапайым әйел бақытын армандайды. Фариза кімді таңдайды? Неге басымдық береді? Бірді мыңға сата ма, әлде жалғыздың жолында бар­лығын құрбан ете ме?..

Қойылымда тағдыры – драмаға, трагедиясы фи­лософияға айналған Фариза бар. Ол – жалғыз. Дара! Дәл өмірдегідей, өлеңдегідей. Тартыс негі­зінен сыртқы күш­тен бұрын, Ақын­ның өз ішінде жүріп жатады. Кемпір бейнесіндегі Тағды­ры да, ақбоз атты ханзада болып келген Ажалы да, Мұқағали бейнесіндегі шабыт пен даңқы, мойындау һәм мойындалуы да, көпшілік қаламгерлер, сыншылар қалпындағы – қабылданбауы да – барлығы – барлығы нәзік жүректі ақын жанын сан тарапқа сандалтады. Мұны сахнадағы кемпір кейпінде көрінген кейіпкер Тағдыр (Лейло Бекназар – Ханинга) да «Дарада дос болмайды» деп қадап айтады. Бірақ адамның бәрі пенде емес пе екен, сырын ұғар, жүрегін ашар жан іздеп аласұрған, қиналған ақын жаны ақыры ұлы дос­тықты да, өмірлік серігін де, ағе­ден сырласын да Өлең дейтін тұңғиық әлемнен табады. Сөйтіп адам Фари­за әйел болу, жар сүю, ана атану несібесін өлең Фаризаның жолында құрбан етеді. Тіпті, өзі ғұмыр бойы аңсап, қиялында, жүрек түкпірінде аялап күт­кен ақбоз атты Арман хан­задасының өмірінің со­ңында Ажал кейпінде алдына келіп, қолын ұсынуын да ақын жатырқамады. Бар өмірін сарп етіп, сарыла тосқан Ажа­лын Аңсары деп таныған ғазиз жүрек ойланбастан өз таң­дауын жасайды. Иә, сөйтіп пенде Фариза кетеді, Өлең – Фариза қалады... Мәңгілікке!

Міне, осы ойды жеткізуде драматург те, режиссер де ұтқыр фор­ма­ларға батыл барады. Әсіресе, ақын жанының бар қатпарын ашуда автордың өткір де бейнелі тілі драма бояуын өзіндік өрнегімен байытып, тілдік қолданысындағы ақ өлеңге айналған поэтикалық сөз саптауы спектакльге тамаша динамика үстейді. Өлеңі тағдырына, Тағдыры өлеңіне айналған Фари­заның жан әлемін ашуға ба­сымдық береді. Осы арқылы оқиға шиеленісін ширықтырады. Нәтиже­сінде қойылым ә дегеннен көрерменін өзіне тартып ала жөнеледі. Сол екпін спектакль соңына дейін титтей де бәсеңсімейді. Әлбетте, бұл ең әуелі сөз құдіреті болса, одан кейін спектакльдің қоюшы режиссері Фар­хат Молдағалидің драматург ойын дөп танып оқи алуын­да һәм мағыналы сөзге сахналық сәулелі тағдыр сыйлай білге­нінде деп білеміз.

Фархаттың бұған дейінгі бір­неше жұмысымен танысу мүмкіндігі бұйырған­дық­тан да, бұл «Фариза­ны» «Қара­­гөз» трагедиясынан кейінгі режиссер қол­таңбасын өзге­ше қы­рынан тануға мүм­кіндік сый­лаған сәтті жұ­мыстарының қатарына батыл қосуға то­лықтай негіз бар. Қуантарлығы – Фар­хат өзінің үнемі шығар­машылық ізде­ніс үстінде екендігін әр қойылымы арқылы дәлелдеп келеді. Бұл қойылымында да Фархат тосын, тамаша көркемдік шешімдерге барды. Әсіресе сахнада образды ой айту, оқиғаны символмен сөйлетудегі суреткерлік көзқарастары сүйсінтеді. Одан бөлек, техниканың соң­ғы жетістіктерін де қо­­йылымда ұтымды ұш­тас­тыруы көңілге құрмет ұялатады. Мұны ком­позитор Ренат Гайсиннің спектакльге арнайы жазған музыкасы тіпті әрлей түседі. Ренаттың жүрек кө­зінен өткізуіндегі ақын әлемнің нәзік иірімдері де, тартысты, тау­қы­метті, трагедиялы күйі де өз бояуында, өз интонациясын­да сәтті сарап­талған. Әр эпизод­тағы Фари­за­ның кө­ңіл күйі мен сезімін сөйтіп компо­зитор­дың сазды да жанды әуені сүйемелдеп, жаңа әсерлерге жетелеп отырады.

 Өнерге ақсүйектік тән. Лайықты деңгейде рухани да, қаржылай да қолдау көрсетілмесе, қанша жерден талант үстемдік құрғанымен, сахна­дағы бар мүмкіндігін толықтай паш ете алмақ емес. Мұны Айнұр Көпбасарова продюсерлік ететін «А+А» компаниясының айтулы жұ­мысы және бір мәрте айқын көрсетіп берді. Яғни «Фариза» мемлекеттік тапсырыс емес, толығымен жекеменшік компанияның өнімі болған­дықтан да, қаржылық қол­даудың мол мүмкіндігі заманауи ба­ғытта қойылған сапалы спектакльдің жаңаша тынысын ашты. Сахнадағы сценографиялық шешім­дер мен техникалық мүмкін­діктердің жоғары көркемдік сапасы, жарық қою, музыка мен спектакльге таң­да­лып алынған актерлік құрам ше­берлігі барлығы да – заманауи спектакль ізденістерінің жоғары деңгейін көрсетті. Продюсер Айнұр Көп­­­ба­сарованың идеясы нег­ізін­де жүзеге асырылған айтулы жобаға қай саланың да «мен» деген сахна мамандары ша­қырылыпты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының білікті де белгілі актерлері тартылды. Атап айтар бол­сақ, Фариза рөлін М.Әуе­зов атындағы Қазақ мем­лекеттік ака­де­миялық теа­тры­­ның актрисасы Назгүл Қа­ра­балина сомдаса, елор­дадағы Қ.Қуанышбаев атын­дағы академиялық Қа­зақ музыкалық драма театры­ның әртістері Лей­ло Бек­назар-Ханинга – Кем­пір, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Қуандық Қыс­тықбаев – Мұқағали рөлін сәтті сараптады. Ерлан Кә­рі­­баев Ажал бейнесінде кө­рінді. Көпшілік сах­надағы актерлер ансамблі де өзіндік біртұтастығымен бейнелі.

Әрине ауқымды жұмыс кемші­ліксіз де болмаса ке­рек-ті. Бұл тұр­ғыда біздің әтте­генайымыз көбінесе ак­терлердің рөл сарап­тауына қатысты туындап отырды. Әсі­ресе поэти­калық репликаларды сіңіру мен өлеңде, сөзде айтылатын ойға екпін қоюдағы салғырттық, бәл­кім асығыстық көр­кемдікке бай Мұ­қа­ғали мен Фариза поэ­зия­сын, астары мол Мұқанова мә­тіндерін то­лық­қанды ойға да, бойға да сіңіруге кедергі келтіргенін атап өтуге тиіспіз. Бәлкім, бұл премьера күнгі толқу се­зімінен туын­даған уақыт­ша құбылыс та болуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ басты рөл­дегі актриса Назгүл Қарабалинаның сарап­тауындағы Фариза бей­несі пьесада суреттелген кейіпкердің сан түрлі көңіл құбы­луы мен болмыс бояуын өз рөліне толықтай көшіре алмағаны да әдеби негізбен таныс біз үшін образдың олқы түсіп жатқандығын аңғартып қойып жатты. Олай дейтініміз дра­матургтің мүсіндеуіндегі ақын болмысы түрлі тартыста түрлі күйге түсуі тиіс еді. Ол әсіресе, Тағдырымен кездесуінде басқа болса, Мұқағалимен сырласар тұсында бөлек, Ажалмен жолығар сәті мүл­дем басқа бояуда бедерленсе керек-ті. Драматург өз жазбасы арқылы оқырманын сондай ойға жетелеген. Бі­рақ режиссер де, актриса да рөлдің бір-ақ түсті боя­уын хош көріпті. Алайда мұның көрермен үшін бірсыдырғы әсер сыйлағанын ескерту парызымыз. Соның салдарынан да Фаризаның сахнадағы болмысы бірсарындылыққа бой алдырған. Әйтпесе, режиссер Тағдырды ғана ма­ңайлай бермей, Ақынның Ажалмен кездесетін тұсына да екпін түсіргенінде, біз күтіп келген әсер тіпті құбыла, күшейе түсер ме еді.

Тоқетерін түйер болсақ, атал­ған сынды ескермегенде, жалпы қойылым да, шығармашылық ұжым жұ­мысы да өз мақсатына жетті деп айтуға толықтай негіз бар. Ең бастысы, М.Әуе­зов театры сахнасында 18 жыл бойы репертуардан түспей, үзіліссіз қойылған «Мәңгілік бала бейне» (режиссері Болат Атабаев) шығармасын сүйіп тамашалаған алматылық көрермен сүйікті авторымен тура 22 жылдан кейін киелі сахнада қайта қауышты. Тек бұл жолы сахнаға «Мәңгілік бала бейнені» жазған балғын автор емес, «Фаризаны» тудырып, ақын жанымен тең отырып сырласқан, өлең әлемінен өзі таныған Фаризасын іздеген шыға­рмашылық ба­бындағы, толысқан, толған Роза Мұқанова кө­те­рілді. Алматы ақынын да, авторын да сағыныпты. Үздіксіз со­ғылған шапалақ. Толастар емес...

 

Тұлға жайында жазылған шығармалардың алды болды

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ, Қазақстанның халық әртісі:

 – «Фаризаны» көрдік. Көріп көңіл қуанды. Драматургия жағынан да, режиссура мен сценография тұрғысынан да сәтті үндескен ерекше спектакль болды деп есептеймін. Соңғы уақыттағы тұлға тағдыры туралы жазылған шығармалардың алды болды десем, артық айтқандығым емес. Драматург Роза Мұқанованың қолтаңбасы, ой тереңдігі, тіл көркемдігі – барлығы сәтті үйлесім тапқан. Жалпы, Фариза апамыздың барлық өмірі өлеңдерінде жатыр ғой. Соны автор драма тілінде сәтті өрген. Режиссуралық формасы да өте жоғары деңгейде. Розаның көркемдік деңгейі биік шығармаларының бірі деуге болады. Жалпы, қойылым ұнады. Театр әлеміндегі соңғы уақытта қойылған көркемдік деңгейі жоғары, ойлан­тарлық, жаңашыл, жақсы спектакль өмірге келді деп сеніммен айта аламын.

Фаризаның тағдыры – оқшау тағдыр

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы-драматург:

– Ең алдымен бізді таңғалдырғаны – премьера күні билет жетпей сыртта қалып қойған халықтың іштегі көрерменнен көптігі. Оның себебі «Фариза» спектаклінің негізгі көрермені оның оқырмандары болғандығынан деп ойлаймыз. Жалпы, Фаризаның тағдыры – оқшау тағдыр. Аса талантты ақын бола тұра, бір басына жетерлік қасіреті де жетерлік. Оны айтудан мен сескенбеймін. Өйткені ақын өзінің өлеңдері арқылы бар сырын бүкпесіз айтып кеткен ғой. Сол қиындау тағдырдың қатпарларын ашуға ұмтылған драматург Роза Мұқанованың бұл жұмысы көңілден шықты. Ақын жанының тереңін ұңғығаны, драма желісін барынша бейнелі құруға ұмтылғаны ұнады.

Қойылымдағы бізді елең еткізген тағы бір дүние – ол әрине драматургияға негізделген режис­серлік қолтаңба. Режиссердің сол айрықша қол­таңбасы Фаризаны ойнап жүрген актрисаның әрбір қимылынан байқалды. Фариза өмірде қалай жалғыз болса, сахнада да солай жалғыз жүрді. Біз көрген Фариза – жалғыздығымен бетпе-бет келген дара Фариза. Ақынның осы күйін берудегі режиссердің қолданған көркемдік шешімі мен ерекше стилис­тикасы спектакльдің өн бойынан айқын сезіліп тұрды. Осы тұрғыдан келгенде жас режиссер Фархат Молдағали драматург Роза Мұқановаға өз деңгейінде жақсы теңавтор болды деп есептеймін. Яғни авторлық шешім режиссерлік оқумен сәтті үндескен тамаша жұмыстың куәсі болдық.

Драматургиядағы сеңді бұзды

Аманкелді МҰҚАН, театртанушы:

– Актерлік ойын, сахналық шешімге тоқталмас­тан бұрын, мен ең әуелі драматургия жайлы сөз қоз­ға­ғым келеді. Өйткені Роза Мұқанованың «Фа­риза­сы» бүгінгі драматургия заңдылықтарына жауап беретін шиеленісі ширақ, тартысы терең шын мәнінде жоғары деңгейлі пьеса болған. Өздеріңіз білетіндей, біздегі тұлға жайында жазылатын шығармалардың көпшілігі фактологияға құрылады ғой. Ондай спектакльдерден көркем сахналық туынды тамашалап емес, тұлға жайлы деректі журналды парақтап шыққандай әсерде қайтушы едік. «Фаризаның» ең әуелі осы сеңді бұзғаны қуантты. Автордың ақын жанына үлкен сүйіспеншілікпен һәм жанашырлықпен келгендігі сезіледі. Фариза тағдыры онсыз да тартысқа, аңызға толы қызық тағдыр ғой. Әйтсе де соны берудегі драматургтің кейіпкерді жармақ кейіпке түсіруі ұнады. Яғни Фариза мен Тағдыры арасындағы тартыс өте сәтті шешімдердің бірі деп есептеймін. Жалпы, пьесада Фариза рөлін қалай ашам десең де мүмкіндік беретін шығармашылық кеңістік мол. Бірақ, өкі­нішке қарай, соны режиссер толыққанды пайдалана алмай қалғандай көрінді. Салдарынан Фариза бейнесі бірсарынды сарапталғандай әсер етті. Ал жалпы алғанда, спектакль бар.