Біз мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялаған 1991 жылдың 16 желтоқсанынан кейінгі қысқа мерзімде Қытай мемлекеті біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізді мойындап, дипломатиялық қатынас орнатуға бастамашы болып, екі ел арасында тұңғыш ресми келісімге қол қойылып еді. Содан бері өткен 30 жылға жуық мерзімде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен көршілес екі ел арасында бұрын-соңғы тарихымызда болмаған бейбіт әрі жасампаздық жетістіктеріне қол жеткізіліп, дипломатиялық қарым-қатынасымызды халқымыздың өркениет өрісіне тиімді пайдаланумен келеміз.
Жемісті жылдар жобасын Нұрсұлтан Назарбаев және оның қытайлық әріптестері Цзян Цземинь, Ху Цзиньтао, Си Цзиньпин өзара түсіністік жағдайында жүзеге асырып, тату көршіліктің мызғымас іргетасын қаласты.
Өзара түсіністік, ынтымақтастық, сыйластық ауанын қалыптастырдық.
Ендігі жерде біздің өркендеуіміз тұсында ғаламдық жаңа құбылыстар үдере көтерілді.
Көршілес елдер дамуындағы өзара айнымас сеніммен қатар жаңа, көп жағдайда болжанбаған қайшылықтар қоғам назарына ықпал ете бастады.
Қазақстанда ең жоғары биліктің өзгеруіне байланысты бұрынғы құндылықтар мен стратегиялық даму сабақтастығын қамтамасыз етумен қатар, жаңа көзқарастар мен мақсат-міндеттер тізбегі көтерілді. Мемлекет әлеуеті ел ішіндегі жағдай мен халықаралық дәрежедегі орнын да «екі шылбыр, бір тізгіндей» тең ұстаудың маңыздылығында.
Қ.Тоқаевтың Президент лауазымындағы Қытайға тұңғыш сапары осы талаптардың айғағындай болды.
Біріншіден, тәуелсіз мемлекеттік құндылықтарымызға, аумақтық тұтастығымыз қағидаттарын қатаң сақтауға, дербес ұстанымдарымызға құрметпен қарау; екіншіден, көршілес елмен жан-жақты қатынасты адал әріптестік, өзара түсіністік, ортақ мүддеге ынтымақтастықты сақтау; үшіншіден, Қазақстан-Қытай екіжақты қарым-қатынасты барлық бағыттар бойынша жаңа кезеңге көтеру.
Біздің Президентіміз Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Төрағасы Ли Чжаньшумен, Мемлекеттік Кеңес Төрағасы Ли Кэцянмен осы және тағы басқа маңызды мәселелерді кеңінен талқылады.
Қытай тарапы Қазақстан басшысының мемлекеттік сапарына айрықша мән берді. Барлық көтерілген мәселелер бойынша ашық әңгіме болды. Қазақстан басшысына шын ықыласты өте жоғары дәрежеде құрмет көрсетілді. Президент тұрақтаған орындарда салтанатты қарсы алу рәсімінде, Тяньаньмэн алаңында Қазақстан Туы желбіреп, Мемлекеттік Әнұранымыз орындалып, зеңбіректерден салют беріліп, Президент арқылы қазақ халқына жоғары мәртебелі құрмет көрсетілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты қатынасымызға жаңа серпін беретін өте маңызды құжаттарға қол қойылды. Екі Мемлекет басшылары қол қойған Мәңгілік әріптестік әрі ынтымақтастық туралы Бірлескен мәлімдемені бөліп айту орынды. «Нұрлы жол», Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі, ІТ орталығы туралы, тағы басқа келісімдер де біздің дамуымызға оң ықпалын тигізері анық.
Сапар аясында Президенттің қатынасып, сөз сөйлеуімен бизнес-форум өтсе, Қоғамдық ғылымдар академиясында көптеген адамдар мен компаниялар өкілдерінің қатысуымен өткен жиынға да қытай қоғамы зор қызығушылық білдіріп, екі ел арасындағы әріптестік байланыстың нығая түсуіне екпін берілді.
Сондай-ақ барлық кездесулер мен келіссөздерде ағылшын, қытай тілдерін жете меңгеруіне қарамастан, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөздерін мемлекеттік тілімізде сөйлеп, жүргізгенін қытай тарапы сыйластықпен қабылдады.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты